Accessibility links

Джо Байден мен Владимир Путиннің Женевадағы кездесуінен не күтуге болады?


Сол кездегі АҚШ вице-президенті Джо Байден (оң жақта) мен Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің (сол жақта) Мәскеудегі кездесуі. 10 наурыз 2011 жыл. Оң жақ қатарда шетте АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Майкл Макфол отыр.
Сол кездегі АҚШ вице-президенті Джо Байден (оң жақта) мен Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің (сол жақта) Мәскеудегі кездесуі. 10 наурыз 2011 жыл. Оң жақ қатарда шетте АҚШ-тың Мәскеудегі елшісі Майкл Макфол отыр.

16 маусымда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Женевада кездеспек. Екеуі бұған дейін 2011 жылы Мәскеуде кездескен еді. Қазір Мәскеу мен Вашингтонның арасы онша емес. Екі президенттің кездесуі қарым-қатынасты жақсарта ма? Сарапшылар көп үміт артудың қажеті жоқ дейді.

Джо Байден мен Владимир Путин соңғы рет 2011 жылғы наурызда Ресей астанасында кездескен. Ол кезде Байден АҚШ вице-президенті, Путин Ресей премьер-министрі қызметінде еді.

– Мен оны (кездесуді) достық сипатта өтті дер едім. Текетірес болған жоқ, бірақ Грузия мен зымыранға қарсы қорғанысқа байланысты келіспеушілік көп уақыт алды. Сол мәселелер бойынша өзара қызу пікірталас болғаны есімде, – дейді АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың көмекшісі, АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болған Майкл Макфол.

АҚШ вице-президенті Джо Байден, доктор Джилл Байден және Финнеган Байденді Ritz Carlton қонаүйінде дәм-тұзбен қарсы алып тұр. Мәскеу, Ресей, 8 наурыз 2011 жыл.
АҚШ вице-президенті Джо Байден, доктор Джилл Байден және Финнеган Байденді Ritz Carlton қонаүйінде дәм-тұзбен қарсы алып тұр. Мәскеу, Ресей, 8 наурыз 2011 жыл.

– Джо Байден көпшіл адам. Қол алысып, білегінен ұстайды. Әзіл-оспақты түсінеді. Путиннің ондайы есімде жоқ. Ол бетпе-бет кездеседі, сценарийді ұстанады, – дейді Макфол Азаттыққа.

Топ адам қатысқан кездесуден кейін Путин мен Байден бетпе-бет жабық кездесу өткізген. Майкл Макфол оған қатыспаған. Бірақ кейін Байден кездесуде Путинге не дегенін оған айтып беріпті.

– Бұрылғанымда, оған жап-жақын тұрдым. "Премьер-министр, көзіңізге үңіліп қараймын, сізде жан жоқ деп ойлаймын" дедім. (Путин) маған қарады да: "Бір-бірімізді түсінеміз ғой" деп күлді, – деген Байден Макфолға 2014 жылы.

НАШАРЛАҒАН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Мәскеудегі кездесуден он жыл үш ай өткенде, 2021 жылғы 16 маусымда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Женевада кездескелі отыр.

Бұл жолы Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасы "қырғи қабақ соғыстан" бері ең нашар жағдайға жеткені сонша, дәл қазір АҚШ-тың Ресейде, Ресейдің АҚШ-та елшісі де жоқ.

– Женевада (олар) екіжақты қарым-қатынасты, аймақтағы мәселелерді талқылайды, – деді 8 маусымда Мәскеуде сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков. Ол "АҚШ-пен байланысты тұрақтандыруға болатынына" сенетінін айтты. "Қиындық әр жерде бар, оңай ешнәрсе жоқ" деді Рябков.

Джо Байден Мәскеу мемлекеттік университетіндегі шарада АҚШ-Ресей қарым-қатынасы туралы сөзін оқып тұр. 10 наурыз 2011 жыл.
Джо Байден Мәскеу мемлекеттік университетіндегі шарада АҚШ-Ресей қарым-қатынасы туралы сөзін оқып тұр. 10 наурыз 2011 жыл.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзінше, Мәскеу үлкен прогресс болады деп "емексітіп" отырған жоқ.

– Біз әлдебір тың өзгеріс немесе тарихи маңызды шешім болады деген әсер қалдыруға тырыспаймыз, – деді ол.

9 маусымда Байден америкалық әскерилерге Путинге айтары анық екенін мәлімдеген.

– Біз Ресеймен шиеленіске ұмтылмаймыз. Бізге тұрақты және болжай алатындай қарым-қатынас керек... Алайда егер Ресей үкіметі зиянды қызметпен айналысса, АҚШ табанды және конструктивті жауап беретінін ашық айттым, – деді Джо Байден Ұлыбритания әскери әуе базасында.

Еуропаға сапары кезінде Байденнің алғашқы аялдағаны сол жер болды. Ал сапар соңында ол Женевада Ресей президентімен бетпе бет кездеспек.

ҚҰБЫР ЖЕЛІСІ МЕН ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫ

Дональд Трамп АҚШ президенті болған тұстағы Ресей саясатындағы диссонанс қазір байқалмайды, Трамп өз әкімшілігі Мәскеуге қарсы санкцияларды ұзартып немесе жаңасын салып жатқан кезде де Ресейге жасаған ескертуі жұмсақтау шығатын. Ал Байден билікке келген соң Ақ үй Мәскеумен бұрынғыдан қатаң саясат ұстанып жүр.

Джо Байден қаңтарда қызметіне кіріскенде, Вашингтон Мәскеуге АҚШ үкіметтік ұйымдарына Ресей агенттері жаппай кибершабуыл жасағаны үшін және ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың улануына байланысты жаңа санкциялар салды.

АҚШ Украинамен қарым-қатынасын нығайтқысы келеді. Донбаста Ресейдің қолдауына сүйенген күштер мен Украина әскері арасындағы соғыстың жалғасып жатқанына биыл сегіз жыл болды. Ресей Донбаста әскери күшін көрсетіп, білегін білеугеннен кейін АҚШ мамырда мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенді Киевке жіберді. Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді жазда АҚШ-қа сапармен келіп кетуге шақырды. Зеленский Байденнен Путинмен кездесер алдында өзімен жүздесуін сұраған еді, бірақ АҚШ президенті ол өтінішті қабылдамады.

Әйткенмен Байден әкімшілігі кейбіреулер Мәскеуге тиімді деп санайтын кей шешімі үшін сынға қалды.

Жақында қабылданған санкциялар Ресейден Германияға газ жөнелтетін Nord Stream 2 құбырының құрылысын жалғастыруға жол ашты. Бұл конгрестегі республикашылдар мен Еуропаның кей елінің сынына ұшырады.

Джо Байденнің инаугурациясынан бірнеше күннен кейін АҚШ пен Ресей ядролық қаруды қысқарту жөніндегі "New START" келісімін ұзартты.

Қаруды бақылауды қолдаушылар келісімді бес жылға ұзартуды құптады. Бұл әлемдегі екі ірі ядролық арсеналға ие екі мемлекетке белгілі бір шектеу қоятын еді. Конгерстегі кей республикашылдар Ресей басқа келісімдерді орындайтындығына қатысты күдікке, АҚШ өз арсеналын жетілдіріп жатыр деген аргументке байланысты, бұл шешімнің еш мәні жоғын мәлімдеді. Мысалы, олар Ресейдің басқа келісімдерді орындамай отырғанын алға тартады.

Ақ үйдегі лауазымды тұлғалар да Женевадағы кездесуге көп үміт артпайтынын айтты.

– Қорытынды жасайтын, қарым-қатынасымыздағы барлық мәселені шешетін кездесу ұйымдастырамыз деп айта алмаймын, – деді 5 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки.

Америка шенеуніктері үшін жақында болған кибершабуылдардың маңызы зор. АҚШ барлау қызметі үкіметтік ұйымдарға жасалған шабуылдарды Ресей қауіпсіздік қызметінен көреді.

АҚШ-тағы отын құбыры мен сиыр еті өндіріс орнының жұмысын тоқтатуға әсер еткен шабуылды да Ресеймен байланыстырады.

– Ақша бопсалау мақсатымен жасалған шабуылдарды біз айыптамаймыз, бірақ Ресейде актерлер бар деп санаймыз. Ресейдің мұнымен күресе алатынына және күресуі керегіне сенеміз, – деді 9 маусымда Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан.

Байденді сынаушылар "Мұның мәні неде?" деген сұраққа жауап іздейді.

– Бұл сұраққа жауап бере отырып, Ресей саяси жүйесінің қазіргі табиғатын түсіну маңызды, – дейді Вашингтондағы Кеннан университетінің директоры Мэтью Рожанский.

– Бұл бір адамның шоуы. Владимир Путин Ресейді Кремльден басқарып отыр. Байден Мәскеудің кей тұрақсыз әрекетіне қорғаныс амалын таңуға тырысып жатыр. Оның мүмкін екеніне кепілдік жоқ. Бірақ, екі лидер бір-бірімен сөйлеспесе, оның шегіне жету мүмкін болмайды. Ресей билігімен тілдесу үшін оларды жақсы көру немесе құрмет тұту шарт емес, – дейді ол.

ЖЕНЕВАДАҒЫ КЕЗДЕСУДЕ НЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ?

– Кездесуден күтетін нәрсе шамалы болғандықтан, нәтиже де аз болады. Мысалы, қару бойынша келісімді талқылау немесе екі елдің елшілерін қайтару, – дейді Макфол.

Бұдан бөлек кездесуде президенттер Сирияға гуманитарлық көмек жіберуге рұқсат беретін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі резолюциясын ұзартуды немесе Иран ядролық бағарламасы жайлы халықаралық келісім әрекетін қайта жандандыруды талқылауы мүмкін.

Америка-Ресей қатынасын зерттейтін тарихшы, саясаттанушы Иван Курилланың айтуынша, Путинге әлем сахнасында өзгелерге АҚШ президентімен бірге көріну маңызды.

– Әрине, Путин Америка президентімен терезесі тең серіктес болғысы келеді, – деді ол Азаттыққа.

Джо Байден Кремль іргесіндегі Белгісіз жауынгер зиратына гүл қойып тұр. Мәскеу, Ресей, 9 наурыз 2011 жыл.
Джо Байден Кремль іргесіндегі Белгісіз жауынгер зиратына гүл қойып тұр. Мәскеу, Ресей, 9 наурыз 2011 жыл.

Курилланың сөзінше, Путин Қырым мәселесін немесе Мәскеуге тәуелді авторитар билеуші Александр Лукашенко басқарып отырған Беларусь еліндегі жағдайды талқыламауға тырысады. 2014 жылы Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған.

– Әрине, Путин адам құқықтары жайлы дәріс те тыңдағысы келмейді, – дейді ол.

4 маусымда шетел журналистерімен өткен видео-кездесуде де Путин соны аңғартты.

– Біздің саяси жүйемізді әртүрлі бағалай аласыздар. Бірақ өміріміздің бұл бөлігін қалай ұйымдастыруды шешуді өзімізге қалдырыңыздар, – деген Путин.

"РЕСЕЙГЕ ҚАТЫСТЫ СТРАТЕГИЯЛАР ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК"

Ресей билігі басып-жаншып отырған азаматтық қоғам мен оппозициялық топтарға қолдау білдіретін республикашылдар мен демократтар Кремльді сынау үшін Байденнің әкімшілігіне қысым көрсетеді.

Женевадағы кездесу Мәскеу соты ресейлік оппозициялық саясаткер Александр Навальныйға қатысы бар ұйымдарды "экстремистік ұйым" деп таныған шешім қабылдағаннан кейін бір аптадан соң болады. Сонымен қатар ұйым мүшелеріне кез келген деңгейдегі сайлауға қатысуға тыйым салатын, президент Путин қол қойған заңның күшіне енуімен тұспа-тұс келеді.

Байденнің Путинге адам құқықтары мен демократия туралы айтар-айтпасы белгісіз. Бақылаушылардың сөзінше, саммиттің Мәскеудің іс-әрекетін өзгертуі екіталай.

– Путин АҚШ-ты, демократияны, либералды халықаралық тәртіпті жою үшін (өзінде бар құралдарды) пайдалануға дайын. Меніңше, ол кете қоймайды. Белгілі бір дәрежеде, Женевадан кейін Ресейге қатысты стратегиялар орындалуы керек деп ойлаймын, – дейді Майкл Макфол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG