Accessibility links

Сарапшылар ядролық қаруды қысқарту ісі тұралап қалды деп алаңдайды


Әлемде екі мыңға жуық жойқын қару-жарақ бар және оның басым көпшілігі Ресей мен АҚШ-қа тиесілі дейді Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты.
Әлемде екі мыңға жуық жойқын қару-жарақ бар және оның басым көпшілігі Ресей мен АҚШ-қа тиесілі дейді Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты.

"Қырғи қабақ соғыстан" кейін басталған ядролық қару-жарақты қысқарту процесі тұралап қалғандай сыңай байқалады" дейді Швецияның беделді жетекші ғылыми-зерттеу институты. Сарапшылардың айтуынша, әлемдегі жойқын қарудың басым бөлігіне ие Ресей мен АҚШ өз қорғаныс саясатында ядролық қаруға көп көңіл бөлетін болған.

ЖОЙҚЫН ҚАРУДЫҢ ЖИЫНТЫҚ САНЫ ӨСКЕН

Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) 14 маусымда жарияланған жыл сайынғы баяндамасында 2021 жылдың басына қарай әлемдегі тоғыз ядролық держава – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Кореяның шамамен 13 080 астам ядролық қару құралына иелік етіп отырғанын айтады.

2020 жылдың басындағы долбарлы есеп бойынша, әлемде 13400 дана ядролық қару бар болатын.

Бірақ бұл көрсеткіш бөлшектеліп, істен шығарылмақшы оқтұмсықтарды да қамтиды. Ал оларды есепке алмағанда ядролық қарудың жиынтық әскери қоры 9380-ден 9620 данаға дейін артқан.

"Қазіргі уақытта жаһандық әскери арсеналдағы оқтұмсықтардың жалпы саны көбейе түсіп отырғаны байқалады, қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан бері жаһандық ядролық арсенал көлемінің азая түсуімен сипатталатын тенденцияның тұралап қалғанын көрсететін мұндай нәрсе жақсы нышан емес" деп алаңдаушылығын білдіреді SIPRI-дің ядролық қару жөніндегі сарапшы Ханс Кристенсен.

АҚШ пен Ресей әлі күнге дейін әлемдегі барлық ядролық қарудың 90 пайыздан астамына ие болып отыр, бұл Жердегі тіршілік атаулыны бір емес, бірнеше мәрте жойып жіберуге жеткілікті.

Ядролық қару қорының жалпы қысқартылуына қарамастан, жойқын қару саны 3720 данадан 3825-ке дейін көбейген, оның екі мыңға жуығы "қолма қол қолдануға дайын" тұр және олардың барлығы дерлік Ресейге немесе АҚШ-қа тиесілі деп хабарлайды SIPRI.

"АУҚЫМДЫ ӘРІ ҚЫМБАТ" БАҒДАРЛАМАЛАР

АҚШ пен Ресей істен шығарылған оқтұмсықтарын бөлшектеу жұмысын жалғастырып жатса да, сонымен бір мезгілде бұл екі мемлекет де 2021 жылдың басында өзіндегі "қолма-қол қолдануға даяр режимде" күзетте тұрған ядролық оқтұмсық санын бір жыл бұрынғыға қарағанда шамамен жарты жүздей данаға көбейткен. Ұлыбритания мен Франция да (ядролық қару таситын құралдарға) орналастырылатын оқтұмсықтарға ие.

Сонымен қатар, АҚШ та, Ресей де өзінің ядролық арсеналын қарудың жаңасына ауыстыру әрі жаңғырту үшін "ауқымды және қымбат" тұратын бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр деп жазады SIPRI.

"(Бүгінде) Ресей де, АҚШ та өзінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясында ядролық қаруға тереңірек мән беріп отырған сыңайлы" дейді Кристенсен.

ЖАҢА КЕЛІСІМ НЕНІ ШЕКТЕЙДІ?

2021 жылдың басында АҚШ пен Ресей ядролық қаруды қысқарту туралы жаңа өзара келісімді ("Нью старт" келісімі – the New START nuclear arms reduction treaty) тағы бес жылға ұзартты. Келісім қолдануға даяр, күзетке қойылатын стратегиялық ядролық қару-жарақ санын шектейді, бірақ ядролық оқтұмсықтардың жалпы қорына шектеу қоймайды.

"Биыл ақпанда Ресей мен АҚШ-тың "Нью старт" келісімін (алдыңғы осы мақсатта жасалған келісімнің күші бітуге аз уақыт қалғанда) жаңартуы жағдайды жеңілдеткендей болса да, осы ядролық алпауыттар арасындағы екіжақты ядролық қаруды бақылауды күшейте түсу перспективасы бұлыңғыр боп қалып отыр" деп атап көрсетеді Кристенсен.

Баяндамада қалған жеті ядролық державаның да жаңа қару жүйелерін жетілдіріп немесе орналастырып жатқаны я оны жүзеге асыруға ниетті екені айтылған.

"Қытай өз ядролық қару арсеналын едәуір жаңғырту және молайту процесін қолға алып жатыр, Үндістан мен Пәкістан да өзіндегі ядролық қару-жарақ көлемін ұлғайтып жатқан сыңайлы" делінген SIPRI құжатында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG