Ресей президенті Владимир Путин Қытайда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитіне қатысқаннан кейін Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды. Ресей басшысы 20 қарашаға қараған түні Душанбеге ұшып келді. Әуежайда оны Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.
Путин Тәжікстан астанасына Қытайдың Шэньчжэнь қаласынан келді. Ол 18–19 қараша күндері өткен АТЭС саммитіне қатысқан. Саммит аясында Путин Қытай басшысы Си Цзиньпин және АҚШ президенті Дональд Трамппен үшжақты келіссөз өткізді.
Тәжікстанда Ресей басшысы Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізеді. Кремльдің хабарлауынша, сапар екі күнге созылады.
Сапар алдында Путин Рахмонмен Ауғанстандағы жағдайды, соның ішінде Ресей үкіметтік делегациясының осы елге жасаған сапарының қорытындысын талқылауды көздейтінін айтқан. Келіссөзде талқыланатын тағы бір тақырыптың бірі – Тәжікстан аумағында орналасқан Ресейдің 201-әскери базасының қызметі. Сонымен қатар тараптар қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқыламақ.
Путиннің бұл сапары Эмомали Рахмонның Ресейге сапарынан кейін бір апта өткен соң ұйымдастырылып отыр. Тәжікстан президенті 11 қарашада Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне қатысу үшін Ресейге барған. Ал 12 қарашада Кремльде Путинмен кездескен.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Мәскеудегі кездесуде президенттер аймақтық қауіпсіздік, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, цифрландыру және еңбек миграциясы мәселелерін талқылаған. Соңғысы екі ел қарым-қатынасындағы маңызды тақырыптардың бірі саналады. Өйткені Тәжікстан азаматтарының едәуір бөлігі Ресейде еңбек етеді.