Қазақстанның әділет және экология министрліктері Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында күкірт сақтау және белгіленген шектен асу мәселесіне байланысты экологиялық дау-дамайды қарап жатыр. Әділет вице-министрі Даниель Ваисовтың айтуынша, 2,3 трлн теңгенің талап-арызын қарап жатқан бірінші сатыдағы сот Қазақстанның ұстанымын заңды деп таныған. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
"Бұл мәселеге өте сақ жауап беру керек, өйткені қазіргі кезде Қазақстан Республикасы арбитраж талқылауына қатысып жатыр және осы істердің көпшілігі құпия сипатқа ие екенін білетін шығарсыз. Қазір үкімет атынан Экология министрлігі мемлекеттің, нақтырақ айтқанда Әділет министрлігінің қолдауымен осы экологиялық даумен айналысып отыр. Экологиялық дау – күкіртті сақтау, шекті шамадан асу сынды көпке белгілі мәселе. Бұл – 2,3 трлн теңгенің талабы. Қазақстан аумағында бірінші сатыдағы сот шешімі шықты, яғни республика ұстанымы заңды деп танылды", – деген Ваисов бейсенбі күні сенат үйінде журналист сұрағына берген жауабында.
Әділет министрі орынбасарының сөзінше, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясынан басқа алты мердігер ұйым 6 наурызда апелляциялық шағым берген. Қазір ол апелляция алқасының қарауында жатыр.
"Сонымен қатар мердігер компаниялар екіжақты халықаралық келісімдер аясында арбитраждық талап-арыз түсірді. Бұл – Қазақстан мен Франция арасындағы және Қазақстан мен Нидерланд корольдігі арасындағы келісімдер. Бұл дау Вашингтон қаласында ЭКСИД аясында қаралады. Қазір арбитраж трибуналын қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Бұл мәселе бойынша әділет, экология және энергетика министрліктері бірлесіп жұмыс істеп жатыр", – деген әділет вице-министрі.
27 қаңтарда Bloomberg агенттігі Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан ірі операторлар (арасында италиялық Eni мен британдық Shell де бар) халықаралық сотта жеңілгенін, енді Қазақстан үкіметіне 4 млрд долларға дейінгі көлемде өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін деп жазған.
Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданында орналасқан Қарашығанақ кеніші –мұнай-газ және газ конденсатын өндіретін негізгі жобалардың бірі. Кен орнын құрамына Eni (29%), Shell (29%), Chevron (18%), Lukoil (13.5%) және "Қазмұнайгаз" (10%) компаниялары енген консорциум игеріп жатыр.
Батыс компаниялары Қарашығанақ пен Қашағанды игеруге 1990-жылдары кіріскен. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекет пен инвесторлар арасында өнімді бөлу туралы келісімге қол қойылған. Бұл келісімдердің қандай шартпен жасалғаны әлі күнге белгісіз. 2023 жылы көктемде мемлекет компанияларды "тендер тәртібін бұзды", "Қашағандағы мердігер міндеттемесін толық орындамады" деп айыптағаны белгілі болды. Bloomberg агенттігі сол жылы көктемде Қазақстан билігі серіктестерінің Қашаған бойынша 13 млрд, Қарашығанақ бойынша 3,5 млрд доллар шығынды ұстап қалғанына наразы болып отырғанын жазды.
Былтыр Қазақстандағы Қашаған мұнай кенішін игеріп жатқан компаниялар қоршаған ортаға келтірілген залал үшін 4 миллиард доллар экологиялық айыппұл салу туралы даулы іс бойынша Астананың апелляциялық сотында жеңіске жеткен еді.