"Әлі бала көтермедің бе?", "Әлі күнге дейін ештеңе көрінбейді, бәрі дұрыс па?" – Орталық Азия елдерінде тұрмысқа шыққан әйелдер мұндай сұрақты санаулы айдан соң-ақ ести бастайды. Жас отбасыдан бірден сәби күтеді, ана болу некенің ажырамас бөлігі саналады.
Алайда, кейінгі жылдары аймақ елдерінде "чайлдфри" сөзі жиі айтыла бастады. Біреулер үшін бұл – адамның жеке құқығы болса, басқалар мұны Батыстың жергілікті құндылықтарға қайшы келетін бөтен идеологиясы деп көреді.
"Чайлдфри" (ағылшын тіліндегі childfree сөзі "баласыз өмірді таңдаушылар" деген мағынаға жақын) термині АҚШ-та өткен ғасырдың 1970-жылдары пайда болды. Ол childless ("баласы жоқ") ұғымынан ерекшеленеді. Кейінгісі көбіне өз еркінен тыс себептермен бала сүйе алмайтын адамдарға қолданылса, "чайлдфри" ата-ана болудан саналы әрі ерікті түрде бас тартуды білдіреді.
Уақыт өте келе осы ұғым төңірегінде бала сүю немесе сүймеу мәселесі әр адамның жеке таңдауы болуға тиіс деп есептейтін адамдар қауымдастығы қалыптасты.
Орталық Азияда бала сүюден өз қалауымен бас тартқандар статистикасы жоқ. Бұл елдерде чайлдфри жаппай сипат алып жатыр деуге келмейді. Десе де, бала тапқысы келмейтінін ашық айтатын әйелдерге туыстардың да, қоғамның да қысымы жоғары. Кейбірі уақыт өте бұл қысымға төтеп бере алмай, райынан қайтып жатады. Тағы біреулер бұл шешім түпкілікті емесін, әңгіме өмірдің дәл қазіргі кезеңі жайлы екенін айтады.
"БАЛА ТУУ ДҮНИЕТАНЫМЫМА ЕШҚАШАН САЙ КЕЛГЕН ЕМЕС"
22 жастағы қырғыз әйелі Айзерек Алмазбекова халықаралық ұйымда жоба менеджері болып жұмыс істейді. Оның тұрмысқа шыққанына бес жыл толған. Әлі балалары жоқ. Бұл – олардың саналы таңдауы.
"Бала тапқым келмейтінін бүгін ғана түсіндім дей алмаймын. Бұрын сәбиді қатты аңсап, кейін айнып қалған адам емеспін. Бала туу дүниетанымыма ешқашан сай келген емес" дейді ол.
Өз ойын ол қарапайым мысалмен түсіндіреді:
"Мысалы, біреу ешқашан көлік айдағысы келмейді. Көлік айдауға теріс қарамайды, бар болғаны – көлік алуды қарастырмайды. Менде де солай. Мен ешқашан бала тууға болатынын, оның қажет екенін ойлаған емеспін".
Айзерек күйеуін мектеп жасынан таниды. Олар 9-сыныптан кездесе бастаған. Айзеректің сөзінше, екеуі өз болашағын үйленбей тұрып-ақ талқылаған. Сөйтіп бірте-бірте ата-ана болудан бас тартуды ұйғарған.
"Біз мұны қыз-жігіт болып кездесіп жүргенде-ақ талқылайтынбыз. Әуелден-ақ бала сүюді қаламадық" дейді ол.
Жас жұп өз ұйғарымын туыстарына мәлім етпеген. Айзерек айналадағыларға мұндай ұстанымды айтудың қажеті жоқ деп санайды.
"Мен жұрттың бәріне барып: "Мен бала сүюді қаламаймын" деп айтқан емеспін. Бұл туралы тек жақын адамдарымыз ғана білді" дейді ол.
Бірақ үйленген соң күтілген сұрақ бәрібір де қойылған. Әуелі енесі, одан соң анасы әңгіме қозғаған. Айзерек күйеуі екеуі бала табуды жоспарламайтынын айтқанда, жақындары аң-таң болған.
"Олар қатты таңғалып: "Өйтіп айтуға болмайды. Қырғыздарға бұл жараспайды. Бұлай айта берсең, Құдай саған бала бермейді" деді".
Осыдан соң, бұл әңгіме қайта қозғалмаған. Алайда түрлі жиында бата берерде ата-аналары әлі де "үйлеріңнен сәбидің күлкісі кетпесін" деп айтып қалады.
"Бауырларымыздың балалары көп және біз оларды жақсы көреміз. Сүйіспеншілігімізді білдіру үшін немере бауырларымыз бен достарымыздың балалары жетіп жатыр" дейді ол.
Айзеректің сөзінше, мұндай жағдайда қоғам сынына ұшырамау қиын, өйткені жұрт бала сүюді әйелдің басты парызы санайды.
"Меніңше, жалпы патриархалды қоғамда әйел болудың өзі қиын. Ал Орталық Азиядағыдай патриархалдық қоғамда бұл тіпті ауыр. Сен әйелдің негізгі міндеті деп аталатын нәрседен – бала туудан – бас тартсаң, қоғам сынына тап болмау мүмкін емес" дейді ол. "Қоғамдық нормаларға бағынбай, өз қалауыңды таңдасаң, бұл көпшілік қалыптастырған түсініктер шеңберінен шығып кетіп, сынға ұшырайсың".
Айзеректің айтуынша, бала табудан бас тарту терең толғанысты қажет етеді.
"Меніңше, чайлдфри болу – өте саналы шешім. Өйткені өзіңнен үнемі: "Шынымен бала сүюді қаламаймын ба?" деп сұрап отырасың. Мен әлі күнге дейін өзімнен: "Бұл түпкілікті шешімім бе?" деп қайта-қайта сұраймын. Кейін өкініп қалмайын деп осы сұраққа әрдайым қайта ораламын" дейді ол.
Айзерек өзін феминист санайды және гендерлік теңдік мәселесін зерттеп жүреді. Ол бала туған әйел түрлі қиындықтарға тап болатынын айтады. Оның ішінде мансап жолындағы ұзақ үзіліс, қаржылық жағдайдың нашарлауы, денсаулықтың сыр беруі, созылмалы ұйқысыздық және күйеуінің табысына тәуелділік бар. Айзеректің айтуынша, мұндай ауыртпалық қаупі бақытты деген отбасылар да кездеседі.
"Мен өз серігіме сенімдімін, оны өте қатты жақсы көремін. Бірақ әйелдердің бала туғаннан кейін қаншалық осал жағдайға түсетінін көріп жүрміз" дейді ол.
Айзеректің пікірінше, ата-ана болу туралы шешім қоғамдық қысымға емес, адамның өз ішкі қалауына негізделуі керек.
"Меніңше, біздің қоғамда бала сүюге деген құштарлық соншалық күшті емес. Бұл жерде көбіне "үйлендік қой, енді бала туу керек" деген түсінік басым" дейді ол.
"АНА БОЛУДАН ҚУАНЫШ КӨРМЕЙМІН"
30 жастағы қазақстандық Марина өзін нағыз чайлдфри санамайды. Ол бұл мәселеде біржола кесіп айтудан тартынады. Бірақ бүгінде бала сүйгісі келмейтінін жасырмайды. Оның айтуынша, ол бұл туралы ойланған сайын, өз шешіміне соғұрлым сенімді бола түседі.
"Қуаныш па, өкініш пе, білмеймін. Бірақ 30-ға келсем де, менде әлі күнге дейін бала сүюге деген ешқандай ниет те, дайындық та жоқ" дейді ол.
Марина өмірінің едәуір бөлігін ауыр дертке шалдыққан анасын бағуға арнаған. Анасы төсекке таңылған, ал қызы оның негізгі қамқоршысы болып қалған.
"Анам ауруға шалдыққанда небәрі 19 жаста едім, қазір 30-ға келіп отырмын. Жастық шағымның ең керемет кезеңдері ауыр күйзелісте өтті. Сондықтан қазір өмір бойына созылатын жаңа жауапкершілікті мойныма алуға эмоциялық күшім жоқ" дейді ол.
Марина жұрттың "қашан бала сүйесіңдер?" деген сұрағы жайсыз тиетінін айтады.
"Мен үнемі анама қарап жүремін. Маған тағы бір жауапкершілік қажет емес, әйтпесе есім ауысып кетер. Шынымды айтсам, анама қарамасам да, бәрібір бала табуды қаламас едім. Бұл тек сылтау ғана шығар" дейді Марина.
25 жасқа дейін Марина ана болу жайлы мүлде ойламаған. Күйеуі екеуі саяхаттап, хоббилеріне көңіл бөліп, ортақ жоспарларын іске асырумен болған.
Кейінірек бала жөнінде ойлана бастап: "бәлкім ана болуға әлі дайын емес болармын, бала табу ниеті кейін пайда болар" деген пайымға келген. Алайда 30-ға толғанда бастапқы ұстанымы беки түскен.
"Балалы құрбыларыма қараймын. Олардың өмір салты мүлде басқа. Көбінің жағдайы ауыр. Өздері де енді өз өмірлері өздеріне тиесілі емес екенін ашық айтады. Кейде дәретханаға баруға немесе шай ішуге де уақыт таппайды. Әрине, аналықтың бақытты тұстары бар – балаға деген махаббат, жақындық сезімі. Бірақ мұны ойлағанда, бойымда ешқандай сезім байқалмайды. Мен үшін қуаныш басқа нәрседе" дейді ол.
Сөйте тұра, Марина ана болудан түбегейлі бас тартпаған.
"Жүз пайыз чайлдфримін деп айта алмаймын. Өз-өзіме адал жауап берер болсам, бала табуға деген қалауым – 80 пайыз" дейді ол.
Маринаны екі ойлы етіп жүрген тағы бір себеп бар. Ол ауыр дерті бар баланы дүниеге әкелуден қорқады. Айтуынша, кейбір ауруларды жүктілік кезінде анықтау мүмкін емес. Бұл оны алаңдатады.
"Өзім де, бала да қиналғаннан гөрі баласыз өмірді таңдар едім" дейді ол.
Марина өз ұстанымына бола қоғам қысымын қатты сезінетінін айтады. Оның сөзінше, туыстары бала туралы сұрақты жиі қояды. Бұл мәселені туыстардан бөлек бөтен адамдар қозғаса, Марина оған қаттырақ шамданады.
"Қашан бала сүйетінімізді мен үшін де, күйеуім үшін де ешкім шешпеуі керек. Мен ондайда: "Неге біздің өмірімізге араласасыңдар?" деп жауап беремін" дейді ол. "Ал табанды түрде қайта-қайта сұрай берсе, қысқа ғана: "Әзірге қаламаймыз" деймін".
Марина өзі сияқты адамдарды көбірек байқай бастағанын айтады. Оның сөзінше, әлеуметтік желіде ана болғысы келмейтінін, немесе мұндай ойға бала тапқаннан кейін келгенін айтқан әйелдер көп
"Мұндай хикаяларды оқыған сайын, маған бала керек емес деген түсінігім нығая түседі" дейді ол.
Маринаның пікірінше, өзгенің таңдауын құрметтеу – ешқандай түсіндіруді қажет етпейтін қарапайым қағида.
"Әр адам өз өмірін өзі қалағандай сүруге құқылы. Егер оның таңдауы ешкімге зиян келтірмесе, онда неге бұлай шештің деп сұрауға ешкімнің қақы жоқ".
Қазір ол саяхатқа, жаңа әсерлерге және өз қалауы бойынша өмір сүруге ден қойған.
"Қазіргі заманда адамдар тірі қалу немесе әулетті жалғастыру үшін міндетті түрде көп бала тууы керек емес. Бұрынғы түсініктер біртіндеп өзгеріп жатыр. Қазір өмірден ләззат алатын, өз қалауымен өмір сүретін, қалыптасқан қағидаларға бағынбайтын адамдар көбейді. Егер бір күні бала сүйем деп шешсем, онда ол мүлде басқа хикая болады" дейді Марина.
ҒАЛАМДЫҚ ТРЕНД
Қазақстандық әлеуметтанушы Кәмила Ковязинаның айтуынша, бала сүюден саналы түрде бас тарту – бүкіл әлемге тән өзгеріс.
"Чайлдфри адамдардың пайда болуы және олардың көбеюі – бүкіл әлем бойынша ондаған жылға ұласқан ғаламдық тренд" дейді ол.
Сарапшы мұның бірнеше себебі барын айтады.
"Бірінші кезекте, бұл – әйелдердің эмансипациясы. Олардың білім алуға, мансап қууға және ақша табуға мүмкіндігі артып жатыр. Мұның экономикалық әсерден бөлек, мәдениет және құндылық тұрғысынан әсері бар. Әйелдер өз өмірін реттеудің түрлі жолын игеріп жатыр" дейді әлеуметтанушы.
Ковязинаның сөзінше, бұрын әйелдердің өмірі көбіне отбасындағы міндетпен шектелсе, қазір таңдау әлдеқайда көп.
"Бүгінде әйел кез келген мамандықты таңдай алады, кез келген елде өмір сүре алады. Ол күйеуімен де, күйеусіз де, бір не бірнеше баламен немесе мүлде баласыз да өмір сүре алады" дейді ол.
Әлеуметтанушының пікірінше, тағы бір маңызды фактор – ата-ана болуға деген көзқарастың өзгеруі. Қазіргі ата-аналар өздеріне бұрынғы ұрпаққа қарағанда әлдеқайда жоғары талап қояды.
"Бұрын баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса жеткілікті саналатын. Қазір ата-аналар баласы өмірде табысқа жету үшін барынша жақсы мүмкіндік беруге тырысады. Бұл – сапалы білім, психикалық саулық, қосымша дағдылар мен өз жолын таңдауға мүмкіндік" дейді Ковязина.
Осы жауапкершілік көп адамды ойландырады.
"Қазіргі заманда баланы тәрбиелеуге қаншама күш пен қаражат қажет екенін, әсіресе оның болашағына инвестиция салу керектігін түсінгенде, бұл еріксіз қорқыныш тудырады" дейді әлеуметтанушы.
Сондықтан көптеген жастар ата-ана болмас бұрын оған моральдық қана емес, материалдық тұрғыдан да дайын болуға тырысады. Бірақ мұны жүзеге асыру барған сайын қиындап келеді.
"Қазіргі жастардың табысы шектеулі, баспана сатып алу мүмкіндігі де азайды. Бұл да – әлемге ортақ үрдіс. Соның салдарынан адамдар бала сүюді кейінге қалдырады".
Ковязинаның сөзінше, бала сүюден бас тартуға немесе оны кейінге қалдыруға итермелейтін өзге де факторлар бар.
"Көптеген чайлдфри адамдар әлемдегі тұрақсыздық деңгейінің жоғары болуынан бала сүюден бас тартады. Мәселе тек экономикалық жағдайда емес. Ғаламдық дағдарыстар да рөл атқарады. Оның ішінде экологиялық апаттар, климаттың өзгеруі, соғыстар бар. Осының салдарынан көптеген адам мұндай дүниеге жаңа адамды әкелуден бас тартады" дейді әлеуметтанушы.
Азаттық Азия мақаласы ықшамдалып аударылды.