Accessibility links

Қатаң жаза, сертификаттау, арнайы база. Билік психологтардың жұмысын қалай бақыламақ?

Мәжіліс депутаттары 8 сәуірде психологиялық қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар бір-бір жарым жылдық курстар оқып психолог болып жүрген мамандардың жұмысын шектемек. Дипломы барлардың базасын жасамақ. Психологтарды жауапқа тарту жағы да қарастырылады. Ал Азаттық сөйлескен психолог Сая Бақимова "психологияда дипломнан бұрын маманның жеке терапиядан жиі өтіп тұруы маңызды, ал жеке терапияны қадағалау қиын" дейді.

МАМАНДАР РЕЕСТРІ МЕН АЙЫППҰЛ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Талқылауда депутаттар "елде психологиялық қызметке сұраныс артты, сондықтан бұл саланы реттейтін заң керек" деді. "Психологтардың кәсіби жауапкершілігі төмен, ал көмек іздеген кей азамат білімі жоқ маманға қаралып, қиындыққа тап болып жатыр" деген пікірлер айтылды.

- Іс жүзінде бүгін кез келген адам өзін психологпын деп атай алады. Тиісті білімі жоқ, біліктілігі расталмаған. Клиент алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ, - деді депутат Айна Мүсірәлімова.

Заң жобасы авторларының сөзінше, психолог ретінде жұмыс істейтін адамның мамандығын растайтын дипломы болуы керек. Содан кейін психологтардың мемлекеттік тізімі түзіледі. Арнайы реестрге енгендер ғана ресми маман саналады.

- Уәкілетті органның базасында мамандардың бірыңғай тізімін жасауды жоспарлап отырмыз. Тізімге енгізу үшін нақты талаптар белгіленеді. Атап айтқанда, маманның дипломы болуы, сондай-ақ оның кәсіби дағдылары мен біліктілік деңгейін айқындау қарастырылады. Қазір сертификаттау механизмін анықтауға қатысты жұмыс істеп жатырмыз, - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев.

"Кейбір психологтардың өздеріне психолог керек" деген депутат Бақытжан Базарбек "адамға зиян келтірген" психологтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту жағын ұсынды.

- Психологиялық көмек алған соң адам зардап шексе, жағдайы нашарласа, психологиялық болмысы, ішкі жан-дүниесі нашарлап, одан шыға алмаса онда психологтың жұмысы оған зиян келтірді деген сөз ғой. Мұндай жағдайда психолог жауап беруі керек, - дейді ол.

Ал жоба авторларының бірі, депутат Асхат Аймағамбетов жұмыс тобында ғылыми зерттеу институттары, университет мамандары, қауымдастық өкілдері және басқа да сарапшылар болғанын айтады. Ол да психологтардың жауапкершілігі туралы айтты.

- Енді біз бұл жерде кәсіби құпия туралы норманы енгізіп жатырмыз. Сіз психологқа барып, жеке ақпаратыңызды айтсаңыз ол құпия болып саналуы керек. Жариялайтын болса қатаң жауапкершілік қарастырылып отыр. Қылмыстық кодекс шеңберінде жауапкершілік бар. Екіншіден, айыппұл мәселесі қарастырылып жатыр, - дейді Аймағамбетов.

Азаттық тілшісі психологтардың білімі мен біліктілігіне талап қоюды, жауапкершілік жүктеуді талқылаған депутаттардың өзінен психологқа қаншалық жиі баратынын сұрады.

Депутат Ардақ Назаров "Құдай сақтасын, психологқа барғаннан. Менің әжем бар, ата-анам бар. Әрине, солардың тәрбиесінде өскен соң психологқа баруға мұқтаж емеспін" дейді.

Ал Тілектес Адамбеков "психологқа өмірімде барып көрмедім" десе, тағы бір депутат Қарақат Әбден "Өз басым психологқа бармаймын. Анама барамын, енеме барамын. Балаларыммен отырып кеңес аламын" деді.

Айтуар Қошмамбетов "психологқа барғанын, қазіргі заманда қажет нәрсе екенін" айтады.

"СЕРТИФИКАТТАН ГӨРІ ЖЕКЕ ТЕРАПИЯ МАҢЫЗДЫ"

Мәжіліс депутаттары талқылап жатқан заң жобасын кәсіби психолог Сая Бақимовамен талқыладық. Маман бұл салада реттелмеген, шешімін таппаған мәселе көп екенін айтады.

Азаттық: Қазақстан парламенті психологиялық көмек көрсету саласының құқықтық негіздерін қалыптастыратын заң жобасын талқылап жатыр және жоба авторларының сөзінше, бұрын-соңды Қазақстанда ондай заң болмаған. Сонда психологтар бұған дейін қандай заңдардың шеңберінде жұмыс істеп келген?

Психолог Сая Бақимова
Психолог Сая Бақимова

Сая Бақимова: Осыған дейін психологтар сүйенетін ешқандай заң болған жоқ. Біздің жұмысымызды ешқандай орган бақылаған жоқ. Біз бір-бірімізді дипломмен ғана қарадық және бір психолог өте көп адаммен жұмыс істей алмайды. Физикалық түрде мүмкін емес. Жеке терапияға келгенде уақытымыз өте шектеулі. Келген адамды біз әріптестерімізге бағыттаймыз. Сол кезде психологтың дипломы бар ма, бізбен бірге оқып жүр ме, бұл адам үздіксіз өзінің кәсібилігін арттырып жатыр ма, соған ғана назар аударамыз. Сондықтан осы болатын өзгеріске, бір жағынан, қуанып қараймын. Екінші жағынан алаңдайтын тұстары да көп. Өйткені жаңа нәрсе қалай болады екен, қалай ұйымдастырылады екен, аккредитация бола ма, сұрала ма деген сұрақтар бар.

Азаттық: Әр адам өзінің қолайына келетін жұмыс істеу арқылы отбасын асырайды, ақша табады. Қазақстанда сондай амалдың бірі – аз уақыт арнайы курс оқып, адамдарға психологиялық көмек көрсету. Қазіргі қолданыстағы заңдар бойынша оған шектеу қойылмаған. Бүгін, 8 сәуірде мәжілістегі талқылауда осындай адамдардың кейбірін алаяқ, өтірікші деген ауыр сөздер айтылды. Сіздіңше, заң шектемеген тәсілмен оқып, қызмет көрсетушілерді осылай деп айыптауға бола ма?

Сая Бақимова: Мен алаяқ деп айтпас едім. Өйткені бұл өте ауыр нәрсе. Бұған дейін бір заң болып, сол заңды орындамай жатса, мейлі екен. Ешқандай бақылау болған жоқ. Біз университет бітіріп, жұмыс істегіміз келіп, бастап кеттік. Біреу адамдарды алдады, зиян келтірді, оның консультациясынан кейін адамға зиян болды, соның айтқанын тыңдап өмірін құртты дегендей айтып жатыр. Мен мұнымен келіспеймін. Өйткені әр адамның өз басы бар. Мысалы, ажырасуды алайық, адам өзіне сенімді болмайды, жауапкершіліктен қашады. Сондай кезде ол психологқа барды ма, құмалақшыға барды ма, сәуегейге барды ма, бәрібір. Сондай сәтте "психологқа я құмалақшыға барып едім, солай жаса деген соң жасадым" деп жатады. Адам солай деп айтса, бұл оның таңдауы және ол жауапкершіліктен қашып тұр деп айта аламын.

Азаттық: Депутаттар, үкімет мүшелері "адамдар бір-бір жарым жыл бір орталықтардан білім алып, психологиялық көмек көрсетуді бастап кетеді, бұл қауіпті, олар әлі дайын емес" деп алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс?

Сая Бақимова: Бір-бір жарым жыл оқитын курстар көп. Иә, оқып бірден адам қабылдайтындар бар. Бір-бір жарым жыл деген психология үшін түк емес. Аз уақыт. Біздің психикамыз өте баяу жұмыс істейді. Бір ақпаратты түсініп, қабылдау үшін уақыт керек. Бірақ мен оқуға емес, оқуға дейінгі немесе оқумен қатар болатын өзінің жеке терапиясы әлдеқайда құнды деп айтар едім.

Өйткені психологияға келгенде жаттап оқып алып, емтихан тапсырғаннан бұрын оның жан жарасын өзі сезіп, ішкі мәселесін шешкені, адамдармен, жақындарымен, бала кездегі жан жараларын, өмірдегі серіктесімен қарым-қатынасты, ата-ана ретінде ішкі мәселелерін жеке терапияда реттеп алып, жұмысқа кіріскені әлдеқайда құнды.

Сондықтан тек білімге, дипломға, сертификатқа басымдық берудің бір қорқынышты тұсы осы. Бір адам құжаттарын реттеп, сағаттарын жинап, сертификаттарын түгендеп алады. Әрине, ондай адам сертификациядан өтеді, мемлекеттен рұқсатын алады. Бірақ ол қаншалықты жақсы маман болады? Қаншалықты өзінің жеке терапиясына адал түрде барады. Өйткені жеке терапияны бақылау мүмкін емес. Бұл – адамның ішкі адалдығы, моралі. Бұл жағына келгенде қандай мамандар дайындалып шығады деген уайымым да бар.

Психологқа бару ұят па? Психолог мәселемізді қалай шешеді? - "Жаншипа" подкасты
please wait

No media source currently available

0:00 0:24:00 0:00
Айдар
XS
SM
MD
LG