Қазақ-өзбек шекарасындағы өткізу бекеті маңындағы жүк көліктерінің кезегі сейілді – БАҚ

Жүк көліктерінің кезегі (Азаттық архивіндегі фото)
Жүк көліктерінің кезегі (Азаттық архивіндегі фото)

Қазақстанның Түркістан облысында Өзбекстанмен шекарадағы "Бауыржан Қонысбаев" өткізу бекеті маңында жүк көліктерінің бірнеше күннен бергі ұзын-сонар кезегі тарқады. Мұны Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті редакция тілші сауалына берген жауабында айтты деп жазды 23 қараша күні inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақ-өзбек шекарасы маңында жүк көліктерінің қырық шақырымға созылған кезегі түсірілген видео тараған еді.

"Таралып жатқан видео бір апта бұрын түсірілгенін және қазіргі жағдайды көрсетпейтінін атап өту керек. Бүгінгі жағдай бойынша "Б.Қонысбаев" өткізу пунктінің алдында 300-ге жуық жүк көлігі тұр. Бұл – бір күн ішінде Өзбекстанға өткізуі жоспарланып отырған көлік саны. Орта есеппен тәулігіне Қазақстаннан Өзбекстанға 700-ден астам жүк көлігі өтеді", – деген Мемлекеттік кірістер комитеті inbusiness.kz редакциясына.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы "Бауыржан Қонысбаев" өткізу бекеті Қытайдан Орталық Азия мен Иранға жүк тасымалдайтын негізгі транзит бағыттарының бірінде орналасқан. Бұл бекет маңында жүк көліктері ондаған шақырымға созылған кезекте тұрып қалғаны туралы хабарлар бұған дейін де болған.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, 2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстанмен шекарадағы жүк ағыны 16 пайыз көбейген.

Азаттықтың парсы тіліндегі қызметі – Фарда радиосының хабарлауынша, Иран-Қытай сауда палатасының басшысы Маджидреза Харири теңіз тасымалына енгізілген шектеулерге байланысты құрлықтағы жүк тасымалы көбейгенін алға тартып, аймақтың кедендік және транзиттік инфрақұрылымы мұндай жүк көлеміне дайын емес екенін айтқан.

Тегеран сауда палатасы көлік комиссиясының төрағасы Пейман Санандаджи шекарадағы жүк көліктерінің кептелісі тек ирандық тасымалдаушыларға ғана тән мәселе емес, жалпы өңірлік сипатқа ие екенін айтып, 20 қарашада өткізу бекетінде бар-жоғы 100 жүк көлігі кезек күтіп тұрған деген. Бұған қоса ол Өзбекстан мен Түрікменстан бағытымен жүретін ирандық жүк көліктері кедендік қиындықтар мен кедергілерге кезіккенін растаған.

ҚазАқпарат агенттігі қазақ-өзбек шекарасындағы 40 шақырымдық кезек туралы 13 қарашада жариялаған хабарында Мемлекеттік кірістер комитетінің кептеліс себебін "халықаралық жүк тасымалы көлемінің маусымдық артуына, сондай-ақ отандық көлік-логистикалық бағыттардың тартымдылығы өсуіне байланысты Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзит ағынының тұрақты көбеюімен" түсіндіргенін жазған.

​
XS
SM
MD
LG