Accessibility links

"Қойма қаңырап, тауар кідірді". Ирандағы соғыстың салдары Орталық Азияда сезіле бастады

Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласының тұрғындары елге Ираннан әкелінетін күнделікті тұтыну тауарлары қат бола бастағанын айтады
Түркіменстан астанасы Ашғабат қаласының тұрғындары елге Ираннан әкелінетін күнделікті тұтыну тауарлары қат бола бастағанын айтады

Ирандағы соғыс Орталық Азия экономикасына соққы болып тиді. Әсіресе Ираннан келетін тауарларға, соның ішінде азық-түлік пен тұрмыс заттарына тәуелді Түркіменстанда мұның зардабы қатты сезіліп отыр.

Түрікменстанның батысында, Иранмен шекара бойында орналасқан Балқан уәлаяты көрші елмен саудадағы кез келген кілтипанды тез сезінеді. Аймақ тұрғындары күнделікті жақын маңдағы шекара бекеттерінен өтіп келетін импорт тауарларға қатты тәуелді, сондықтан иран өнімдері сәл кідірсе я бағасы өзгерсе жергілікті нарықта бірден байқалады.

"Біз азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың түгелге дерлігін Ираннан алып отырмыз. Ол болмаса базарларымыз қаңырап қалар еді", – дейді жеке басының қауіпсіздігін ойлап аты-жөнін атамауды өтінген аймақ тұрғыны.

"Бес литр ирандық өсімдік майы бұрын 150 манат (29 доллар) тұратын, ал қазір 200 манат. Тұрмыста пайдаланылатын химия заттары бәр жерде 5 манатқа қымбаттады. Әдетте ирандық азық-түлік өнімдерін қалағаныңша өлшеп сатып алуға болатын, қазір оларды мөлшерлеп қана сатып жатыр".

Иран шекарасынан солтүстікке қарай 25 шақырым және негізгі шекара бекеті Сарахстан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 350 шақырым жерде орналасқан Түрікменстан астанасы Ашғабатқа, шекара маңындағы аймақтармен салыстарғанда шеттен келетін тауар бағасының өзгергені әдетте сәл кешігіңкіреп жетеді. Бірақ қала халқына негізгі азық-түлік түрлерін жеткізудегі іркілістер салдары қазірдің өзінде сезіліп отыр.

"Картоп үш есеге жуық қымбаттады. Бұрын көлеміне қарай келісін 7-9 манаттан сатып алатынбыз, бірақ қазір 17 манат тұрады. Қызанақ бағасы да екі есе өсті – 10 манаттан 20 манатқа дейін. Жұмыртқа 65 манат, ал тауық етінің келісі 40 манаттан 90 манатқа дейін көтерілді. Тіпті бұрын 30 манат тұратын иран темекілері қазір 50-60 манат болған", – дейді бір тұрғын.

Иранға қарсы соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда баға екі есеге жуық өскен. Елдегі орташа жалақы шамамен 2500 манат – ресми бағам бойынша шамамен 714 доллар, ал "қара базар" нарқымен 125 доллар. Сондықтан бағаның өсуі жұрттың көпшілігіне салмақ салып жатыр.

Түркіменстан Ираннан болат, құрылыс материалдары және мұнай химиясы өнімдері тәрізді өнеркәсіп тауарларын алады, бірақ көпшілік жұртқа азық-түлік пен тұрмыста қолданатын тауарлар маңызды болып қала береді. АҚШ-Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығысқа дейін иран тауарлары енетін негізгі орталық саналатын Сарахс шекара бекетінен әдетте аса ірі көлемде жүктер өтетін. Бірақ соғыс қимылдары басталғаннан кейін жүк ағыны саябырсыды.

PlanetLabs ұсынған спутниктен түсірілген суреттерде 27 ақпанда Түрікменстанның кеден бекетінде жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұрғаны көрінеді. Кейінірек түсірілген суреттерде қыбыр еткен қозғалыс байқалмайды.

Түркіменстанның Иранмен шекарасындағы Сарахс өткізу бекетінің спутниктен 2026 жылғы 27 ақпанда және 1 наурызда түсірілген суреттері.
Түркіменстанның Иранмен шекарасындағы Сарахс өткізу бекетінің спутниктен 2026 жылғы 27 ақпанда және 1 наурызда түсірілген суреттері.

"БАҒАНЫ КӨТЕРУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ"

Таяу Шығыстағы атыс-шабыстың салдары Орталық Азияның өзге елдеріне де сезіліп отыр. Өзбекстанның сауда серіктестерінің алғашқы ондығында Иран жоқ, бірақ базарлар мен супермаркеттер әдетте иран сүт өнімдерін, жаңа піскен және кептірілген жеміс-жидекті, тұрмыста тұтынатын әралуан тауарларын тиімді бағамен сатады. Өзбекстанға иран сүт өнімдерінің көпшілігі Түрікменстан арқылы жетеді. Бірақ қазір олардың болашағы күмәнді бола бастады.

Иран сүт өнімдерінің Самарқандағы өзбек дистрибьюторы Азат Еуропа/Азаттық радиосына "қоймалар тез босап жатыр" деп хабарлады.

"Бұрын бізге Түрікменстан арқылы күн сайын шамамен 15 жүк көлігі иран сүт өнімдерін жеткізетін және оларды бүкіл Өзбекстанға тарататынбыз. Қазір бұл тоқтады, – деді дистрибьютор. – Егер соғыс жалғаса берсе және шекара жабылып қалса, бұл өнімдер сөреден жоғалады. Қазір біз қолда бар қорымызды бұрынғы бағамен сатып жатырмыз, бірақ жақын арада бағаны көтеруге тура келеді".

Өзбекстанға Ираннан келетін тауарлардың негізгі құрамдас бөлігіне, мұнайдан бөлек, сүт өнімдері де кіреді. Елге сүт өнімдерін жеткізіп отырған алдыңғы бестіктің арасында Иран да бар: импорт сүт өнімдерінің шамамен 8-10 пайызы соған тиесілі. Иран экспорты көлемі жағынан Ресей мен Беларусьтен кейін тұрғанымен, бағасы тиімді иран өнімдеріне сұраныс жоғары: бәсекелестеріне қарағанда бағасы көбіне 20-40 пайыз төмен.

САЛДАР ТОЛҚЫНЫ

Өзбекстан мен Түрікменстандағы тұтыну нарығы ирандық тағамдар мен азық-түлік емес өнімдерге тікелей тәуелді болса, Қазақстан, әсіресе шекарадағы Қорғас құрлық порты негізінен қытай тауарларын тасымалдау орталығы қызметін атқарады. Әйткенмен, сарапшылар Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыстың жанама салдары көп ұзамай білінуі мүмкін, әсіресе әлемдік нарықта мұнай қымбаттайтын болса деп ескертеді.

Қазақстандық экономист Қажыгелді Шамбыл мұнай бағасының өсуі "Қазақстан үшін екіжақты мәселе" екенін айтады.

"Бір жағынан бюджет түсімі өсетін сияқты болып көрінгенімен, бюджеттің шығындары одан да үлкен қарқынмен өседі. Яғни, бұл нені білдіреді? Қазақстанның ішінде инфляция үлкен қарқынмен өседі, – деді Шамбал. – Ал бюджет тапшылығының өсуіне елеулі түрде кері әсер етеді. Сондықтан, Ирандағы жағдайдан Қазақстан пайда табады деген болжамдарға сенбеймін".

САУДА ЖОЛДАРЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Ирандағы жалғасып жатқан соғыс аймақтағы негізгі транзит жолдарын бұзды. Біріккен Араб Әмірліктері, атап айтқанда, Дубайдағы Жебел Әли порты Орталық Азия үшін негізгі "қайта экспорттау" қақпасы қызметін атқарып келді. Еуропадан, Парсы шығанағының басқа мемлекеттерінен және Үндістаннан тауарлар әдетте Дубайға келіп, шағын кемелерге тиеліп, Ормуз бұғазы арқылы Бандар-Аббас сияқты Иран порттарына өтеді. Сол жерден олар теміржол немесе жүк көлігімен Түрікменстан арқылы Орталық Азияның басқа елдеріне жөнелтіледі.

Бұғазды бұғаттау оңтүстік дәлізді тоқыратып тастады.

Саяси талдаушы, Орталық Азиядағы сауда мәселелері жөніндегі сарапшы Қосим Бекмұхаммед Азаттық радиосының Тәжік қызметіне Орталық Азияға жеткізілетін көптеген тауар үшін Иран – "ең қысқа әрі қауіпсіз" транзит бағыттарының бірі болғанын айтты.

"Иран Орталық Азия елдеріне теңізге шығуға мүмкіндік беретін көлік жолы болатын. Ауғанстандағы дағдарысты, сондай-ақ Ресей арқылы өтетін жолдағы [мәселелерді] ескерсек, бұл – Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе болмақ", – деді Бекмұхаммед.

Ал саудагерлер егер тауар жеткізудегі кідіріс жалғаса берсе, онда Иран өнімдерін алмастыратын балама жеткізуші іздеуден басқа амалы қалмайтынын айтады. Ол босаған орынды Орталық Азияның тұтыну нарықтарында қазірдің өзінде басымдыққа ие, азық-түліктен бастап электроникаға дейін сан түрлі тауар жеткізетін Қытай басуы ықтимал. Ондай жағдайда аймақтың сауда құрылымдары өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Түркіменстанның Балқан уәлаятының тұрғыны Иранмен соғыстың салдары қалай болады екен деп алаңдайды: "Егер қақтығыс алты айға немесе одан да көпке созылса, Түркіменстандағы қарапайым жұрт негізгі азық-түлік пен күнделікті қажет заттарға қол жеткізе алмай тарығуы мүмкін".

XS
SM
MD
LG