Accessibility links

Соғыстың салдарын ауырлатып, бітімді жақындату. Иранның стратегиясы қандай?

АҚШ пен Израильдің Тегеранға шабуылынан кейінгі жарылыстан көтерілген қара түтін.
АҚШ пен Израильдің Тегеранға шабуылынан кейінгі жарылыстан көтерілген қара түтін.

АҚШ пен Израиль Тегеранды бомбалап жатқан тұста Иран Парсы шығанағы елдеріне соққы жасауға көшті. Ондағы мақсат – АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастарын Вашингтонға қысым жасауға итермелеу.

АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастап, Тегеран атысты тоқтату үшін қақтығыс ауқымын кеңейтіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндағы мақсат – Вашингтон үшін соғыстың салдарын ауырлату, сол арқылы бітімді жақындату.

Иран 28 ақпаннан бері Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн және Катардағы АҚШ әскери базаларына, сондай-ақ осы елдердегі энергетикалық және коммерциялық нысандарға жүздеген зымыранмен және дронмен шабуылдады. Аталған елдердің бәрі – АҚШ-тың одақтасы.

"Мақсат – АҚШ үшін соғыстың салдарын тікелей және жанама түрде ауырлату, сол арқылы Вашингтонды бұл соғыста жеңіске жете алмайтынына иландыру", – дейді Германияның Халықаралық және қауіпсіздік мәселелері институтының сарапшысы Хамидреза Әзизи.

"Тегеран бұл соғысты АҚШ жеңе алмайтын соғыс екенін, сол себепті оны тез аяқтау қажет екенін көрсеткісі келеді".

Трамптың үндеуі, белсенді Тоқаев, қасарысқан жүйе — AzatNEWS l 02.03.2026
please wait

No media source currently available

0:00 0:31:57 0:00

АМАН ҚАЛУ АМАЛЫ

Иран бұған дейінгі қақтығыстар кезінде де аймақтағы АҚШ әскери базалары мен коммерциялық мүдделерін нысанаға алған. Бұған 2025 жылғы маусымдағы 12 күндік соғыс мысал бола алады. Ол кезде де АҚШ пен Израиль Иранға шабуылдап, Тегеран қарымта соққы жасаған. Бірақ онда Иранның қарымтасы көбіне символикалық сипатта әрі жоспарланған болатын.

Бірақ қазір жағдай мүлдем өзгеше дейді сарапшылар. Бұл жолы Израиль шабуылынан Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи мен бірқатар жоғары лауазымды тұлға қаза тауып отыр.

"Иран энергия бағасының өсуі АҚШ әкімшілігі мен оның әлемдегі одақтастарын алаңдататынына сенім артып отырған сияқты", – дейді Әзизи. "Мәселе тек аймақтық қысымда емес. Әңгіме Украинадағы соғыстың салдарынан енді ғана қалпына келе бастаған ғаламдық нарыққа салмақ салу туралы".

Әлемдік мұнай тасымалының бестен бірі Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Иран осыған дейін аталған бұғазды жауып тастауды көздеген. Ондай қадам әлемдік мұнай тасымалына елеулі соққы жасайды.

1 наурызда Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Араб елдері Иранға "разы емес" екенін айтып, оларды соғысты бастаған АҚШ пен Израиль екенін "түсінуге" шақырды.

"Олар (Парсы шығанағы елдері) соғысты тоқтату үшін бізге емес, қарсы тарапқа қысым жасауы керек", – деді ол.

ҮСТЕМЕЛЕП ШАБУЫЛДАУ

Вашингтон институтының қорғаныс сарапшысы Фарзин Надимидің айтуынша, Иран өткен сәтсіздіктерден сабақ алып, Парсы шығанағы елдеріндегі Батыс әуе қорғаныс жүйелерін бұзып өту үшін озық технологиялы қаруы – "Фаттах-1" және "Хейбар Шекан" баллистикалық зымырандарын қолданған.

"Мақсат – әуе қорғаныс жүйелері мен қауіптен жасырынған бейбіт тұрғындарға тоқтаусыз қысым жасау", – дейді Надими Азаттықтың Фарда радиосына. Оның сөзінше, Иран сағатына шамамен 25 баллистикалық зымыран ұшырған. Бұл әуе қорғаныс жүйесіндегі қағып түсіру зымырандарын сарқу үшін қажет болған.

Сөйтіп Иран дрондары мен зымырандары санаулы күн ішінде Катардағы ірі газ зауытына, Кувейттегі АҚШ базасына және БАӘ-дегі ірі әуежайға тиген. Шабуылға аймақтағы өзге де нысандар ұшыраған.

Өз кезегінде АҚШ пен Израиль бұрынғыдан да табанды әрекетке көшті.

"АҚШ танкер ұшақтары Израиль жойғыш ұшақтарын демеп, олардың [Ирандағы] көзделген аумақтарда ұзақ қалықтап жүруіне жол ашып отыр", – дейді Надими. "Егер олар ірі калибрлі қарумен жабдықталған ұшақтарды әуеде ұзақ ұстай алса, олар Иранның [зымыран] қондырғыларын істен шығара алады".

Иран халқын не күтіп тұр? Ахуал қалай өзгеруі мүмкін? Шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:52 0:00

ТӘУЕКЕЛ ТАРТЫСЫ

Вашингтон соғыстың экономикалық салдары одақтастарының сағын сындырмай тұрып Тегеранды бірінші болып жыққысы келеді. Бірақ АҚШ әуе күштерінің оған шамасы келе ме – бар мәселен сонда.

Иранды тежеуді қолдап келген Парсы шығанағы елдері бұл жолы сақтық танытып отыр. Өйткені АҚШ берген "Патриот" (Patriot) және "Эгида" (Aegis) қорғаныс жүйелері шабуыл қарқынын көтере алмай жатыр.

Надимидің айтуынша, бір ғана радардың істен шығуы аймақтағы тұтас қорғаныс жүйесінің әлеуетіне теріс әсер етуі ықтимал. Қазіргі қақтығыс қарымта қадамға байыппен қарайтын кезеңнен өтіп кеткен.

"Күн тәртібінде режимнің тірі қалуы тұрса, ондай режимдер қисынға келмейтін ауыр қадамдарға баруы мүмкін" дейді Әзизи. "Өлім қаупі төнгенде өзге амалдар кейінге шегеріледі. Шешім қабылдау орталықтары өмір мен өлім ортасында тұр. Сарқыту соғысы дегенді осы тұрғыда түсінген жөн".

XS
SM
MD
LG