ТІЛ ҮЙРЕНУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ТӨРТ НӘРСЕ
– Бірінші мамандығым – шахмат мұғалімі, ал екіншісі – психолог. Өзім Санкт-Петербургте тудым, бірақ Астанаға келгеніме үш жарым жыл болды. Қазір Астанада жұмыс істеймін. Қазақ тілін үйренуге үш жарым жыл кетті.
Оюлы шапан киген орыс жігіті Николай Маевский әңгімесін осылай бастайды. Сәл акценті болмаса, қазақшаға жүйрік, еркін сөйлейді десе болады. Тілді елге келе сала үйрене бастаған.
Николай бала күнінен қазақ ертегілері мен тіліне қызыққан екен. Кішкентай кезінде қораптың сыртындағы ақпараттан "құрамы" деген сөзді оқып, есіне сақтап алыпты.
– Қазақстандық ертегілерді қатты жақсы көретінмін. Жезтырнақ, пері туралы ертегілер өте қызық болды. Бірақ оларды бір күні түпнұсқадан оқимын деп ойламаған да едім, – дейді ол.
Николай Маевский – кәсіби психолог, Астанада психологтардың кәсіби қауымдастығын құрған. Бұған қоса ол шахмат жаттықтырушысы. Оған осы мамандықтары, көп тілді меңгеруі сеп болған сияқты.
Адамның болмысы сөйлейтін тіліне байланысты құбылып тұрады дейді. Шынымен, ол қазақша сөйлесе басқа адам болып кететіндей, орысшаға көшсе қазақтан алшақтап кететіндей көрінеді.
– Адамның ішінде көп "бірегейлік" бар. Ол тілге байланысты. Мен қазір қазақша сөйлесем, эмоциям да, екпінім де мүлде басқаша болады, – дейді өзі.
Жақында Николайдың ата-анасы оған қонаққа келіп кеткен. Олар да ұлының бойындағы өзгерістерді байқапты.
Оның айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін төрт нәрсе маңызды. Біріншісі – тиімді оқыту жүйесі. Екіншісі – қарапайым тілде, жақсы түсіндіретін мұғалім. Үшіншісі – тіл үйренуге деген құлшыныс, мақсат. Төртіншісі – сол тілде сөйлейтін орта.
– Кейде қазақ тілінде сөйлейтін адам табу қиын, – деп ағынан жарылады Николай.
Ол таныстарымен, әріптестерімен хат-хабар алмасқанда да қазақша жазатынын смартфонын ашып көрсетті.
"ӨЗГЕЛЕРГЕ ЖАЛТАҚТАЙДЫ"
Келесі кейіпкеріміз – Николайдың ұстазы, қазақ тілінің мұғалімі Владислав Тен. Негізгі мамандығы дәрігер Тен қазір "LINGVA TEN" орталығы мен онлайн мектебінің негізін қалаушы ретінде қазақ тілін үйретумен сегіз жылдан бері айналысып жүр.
Оның "Қазақ тілінің формуласы" деген кітабы жұрт арасында кең тараған. Бұл әдістемесі сөздер мен грамматикалық құрылымдарды жаттатудан гөрі, тілдің ішкі жүйесін түсінуге негізделген. Қазақ тілін үйренгісі келген адам тілдің заңдылықтарын меңгерсе, сөйлеу дағдысын әлдеқайда жылдам қалыптастыра алады дейді маман.
"Қазақ тілінің формуласы қандай екен?" деген сұрағымызға ол:
– Ең алдымен қазақты сүю керек, – деп жауап қатты. – Қазақты, Қазақстанды сүю керек.
Владислав бұрын Өзбекстанда тұрған. Сол жақта ағылшын тілін үйренген.
– Бір күні өзімнен "Неге айналамдағы өзбектерді түсінбеймін?" деп сұрадым. Өзім үшін бұған бір-ақ жауап таптым. Мен өзбектерді, олардың тілін менсінбейді екенмін. 25 жыл бойы өзбек тілін білмей жүріппін. Ұят қой. Содан соң "бүгіннен бастап өзбек халқын сүйемін" деген шешім қабылдадым. Сол себепті Қазақстанға келгенде қазақ халқын сүюге дайын болып келдім, – дейді Владислав Тен.
Владиславтың айтуынша, оған тіл оқуға келетіндердің көбі қазақша сөйлесем, сол тілді жұмыста пайдалансам деген ниетпен келеді. Олар қазақ тілін тез меңгереді.
Қазақ тілінде сөйлеп кету үшін адамның ішкі мотивациясы күшті болуы тиіс дейді маман. "Мен қазақпын, сондықтан қазақша білуім керек" деп келетіндердің тіл үйрену жолы ұзақ болады. "Себебі бұл нағыз мотивация емес қой. Мысалы, біз де корейміз, бірақ корейше білмейміз, себебі ішімізде корей тіліне деген қажеттілік сезілмейді" деп түсіндіреді Тен.
Тіл үйренгісі келетін адамдар кезігетін тосқауылдың екі түрі бар дейді ол. Біріншісі – тіл туралы білімінің аз болуы сол тілде еркін сөйлеуіне бөгет болса, екіншісі – психологиялық барьер, яғни тілді білгенімен акцентпен сөйлейтіндігінен, сөздерді дұрыс қолданбаймын деп қымсынып, ұялатыны кедергі болады дейді ол. Теннің жұмысының ерекшелігі де сол – қазақша сөйлеуге деген психологиялық тосқауылды жоюға бағытталған.
Ол тіл үйренуде қателесуден қорықпау, белсенді қарым-қатынасқа түсу және тілді күнделікті өмірде қолдану маңызды деп есептейді. Сондықтан оның сабақтары теориялық біліммен қатар, практикалық сөйлесу машықтарын дамытуға негізделген.
– Қазақтың өзі ғана емес, тілі де қонақжай. Оның қонақжайлығы өзіне жаман. 3-4 тіл жиналып, әрқайсысы өз тілінде сөйлеймін деп отырса, тек қазақ тілі ғана "жарайды, керек болса орысша сөйлейік" деп жалтақтайды, – дейді Владислав Тен.
Ол қазақ тілін үйрену күрделі деген кең таралған түсінікпен келіспейді. Маманның пікірінше, тіл үйрену нәтижелі болуының негізгі шарты – адамның тілді меңгеруге деген шынайы қызығушылығы мен тұрақты ынтасының болуы.
"ТІЛ – БАЙЛАНЫС ҚҰРАЛЫ ҒАНА ЕМЕС"
Үшінші кейіпкеріміз – "Жағдаяттық қазақ тілі" деген кітаптың авторы, "Мәміле" клубын ұйымдастырушы Қанат Тасыбеков. Ол қазақ тілін үйретудің балама әрі тәжірибеге негізделген әдістемесін қалыптастырған әуесқой тіл маманы ретінде көпке танылған. "Өзім орыс тілінде сөйлейтін қазақ болғанмын, қазақ тілін өзім үйреніп алдым, менің сабақтарым ең алдымен орысша сөйлейтін қазақтарға арналған" дейді Тасыбеков.
Ол қазақ тілін қысқа мерзімде меңгертуге бағытталған коммуникативті, когнитивті және лингвомәдени тәсілдерді біріктіріп, тілді оқытудың өзіндік жүйесін жасап шығарған. Оның әдістемесі өмірлік жағдаяттарға негізделген оқыту қағидатына сүйенеді. Яғни тіл үйренуші дүкенде, қонақта, көшеде немесе жұмыс орнында кездесетін нақты жағдайларға арналған дайын диалогтар мен сөз тіркестерін меңгеру арқылы сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Бұл әдіс теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріп, қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолдануға ынталандырады дейді автор.
Тасыбековтың пікірінше, әлемде болып жатқан оқиғалар, Украинадағы соғыс, Ресейден "релоканттардың" ағылуы тіл үйренуге біраз қозғау салды.
– Өзіміздің жергілікті орыстардан гөрі релоканттардың қазақ тіліне құрметі де, ынтасы да жоғары, – дейді Қанат Тасыбеков.
Қазақ тіліне деген көзқарастың өзгеруіне 2022 жылғы бейбіт митинг болып басталып, қасіретпен аяқталған Қаңтар оқиғасы да әсер етті дейді ол. Дүрбелең кезінде қалаларға келіп, наразылыққа шыққандардың көбі қазақша сөйлейтіндер болды.
– "Тілде тұрған не бар дейсің, орысша сөйлесек те бәріміз қазақпыз, бәріміз патриотпыз" деп жүргендер осындай жағдайлардан кейін ойлана бастады. Тілде тұрған көп нәрсе бар екенін түсінді. "Ол байланыс құралы ғана емес, қазақтың рухы, жаны, болмысы – бәрі тілде тұр екен ғой" деп тұжырым жасады, – дейді Тасыбеков.
Оның айтуынша, қазақ тіліне деген қызығушылықтың артуына тағы бір себеп – қазақ әншісі Димаштың әлемге танылуы.
– Ол – қазақтың әлемдік деңгейдегі елшісі болып тұр ғой, – дейді Қанат Тасыбеков.
Оның айтуынша, әдістеме адамның тілді не үшін қажетсінетініне байланысты болуы керек. Тасыбековтің еңбектерінде тіл мен мәдениет ажырамас құбылыс ретінде қарастырылған. Оның әдістемесі – қарапайым ортада сөйлесе алу мақсатын көздейді. Сондықтан онда қазақ халқының салт-дәстүрі, мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері, фразеологизмдері мен фольклорлық мұрасы кеңінен қолданылады. Яғни, қарапайым қазақы ортада өзін еркін ұстау, балаларымен сөйлесу, той-томалақта тосылмай, кідірмей тілек айту деген сияқты тұрмыстық нәрселер.
– Кейбір орысша сөйлейтін адамдар қызын тұрмысқа беріп, ұлын үйлендіріп жатады. Құдалары шымкенттік, тек қана қазақша сөйлейтін адамдар болып шығады. "Содан қатты қиналап жатырмын" деп келеді. Сосын оларға бата беруді, тілек айтуды үйретеміз. Құданы құдайындай сыйлаған қазақпыз, оларға не керегін білемін, – дейді Қанат Тасыбеков.