Nira Data ұйымы Қазақстан халқының елдегі сөз еркіндігі, сайлау және үкімет жұмысының ашықтығы туралы бағасы өте төмен деген қорытынды жасады. Бұл - әлемнің 100 шақты елінің тұрғындарымен сөйлесіп жасалған сауалнама нәтижесі.
Индекске 98 елден 94 116 адам қатысқан. Қазақстаннан 1007 адам жауап беруге келіскен. Nira Data ұйымы 19 наурыз бен 21 сәуір аралығында адамдармен онлайн байланыс арқылы тілдесіп, негізгі сегіз сұрақ бойынша пікір жинаған.
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі елдегі сөз бостандығы ахуалы нашар не өте нашар деп бағалаған. Респонденттердің сайлау жүйесіне сенімі де төмен болып шыққан. Қатысқандардың 59 пайызы сайлау үдерісін нашар деп бағалап, 27 пайызы оң көзқарас танытқан. Елдегі саяси плюрализм – пікір алуандағы турасында да көрсеткіш мәз емес. Респонденттердің жартысына жуығы бұл бағытты сынға алса, 21 пайызы жағдай қанағаттанарлық деп есептейді. Демократиялық қоғамның негізі саналатын азаматтық білім бойынша сауалға оң-теріс жауап бергендер үлесі шамалас. Тағы бір топ бейтарап қалған. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар көбірек үкіметтік ашықтығына көңілі толмайтынын, билік тармақтарының бөлінісіне күмәнмен қарайтынын айтқан. Ал биліктің бейбіт түрде ауысуы процесі туралы ұстанымдардың үлесі шамалас. Респонденттердің жартысына жуығы елде заң үстемдігі орнағанына сенбейді. Заң салтанат құрып тұр деп санайтындар үлесі – 24 пайыз.
Осы сауалнама нәтижесі бойынша әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтан пікір сұрадық.
Азаттық: Серік мырза, Nira Data ұйымының сауалнамасы қаншалық сенімді? Жалпы әлемдегі осындай индекстерді жасаушы ұйымдардың арасында беделі қандай?
Серік Бейсембаев: Ұйымның аты қатты белгілі емес. Бірақ олар екі жылдан бері әлемдегі демократияның қабылдануы жайында халықаралық зерттеу жүргізіп жүр. Әдістемесін қарап шықтым. Олар онлайн сауалнама жүргізеді. Сауалнама смартфондағы түрлі қосымшалар және әлеуметтік желі арқылы адамдардың өз еркімен жауап беруіне негізделіп жүргізіледі және әр елдің демографиялық құрылымын ескере отырып, квоталық жүйемен репрезентациялайды. Яғни, әдістемелік тұрғыдан бұл 100% «алтын стандарт» деуге келмейді, бірақ ол салыстырмалы зерттеу болғандықтан және жалпы әлем халқының көбін қамтығандықтан, бұл зерттеудің ғылыми негізі бар. Бұған қоса ол қоғамдағы көңіл-күй, халықтың демократияға қатысты пікірі жайында маңызды мағлұмат береді.
Азаттық: Мәселен, сауланамада Қытайдың көрсеткіші өте жоғары. Ол Аустрия, Германия, Нидерланд сынды демократиялық елдерден озып тұр. Бұл неге байланысты? Қытай халқы демократияны еуропалықтардан әлдеқайда жақсы сезініп отыр дегенді білдіре ме?
Серік Бейсембаев: Бұл – өте жақсы сұрақ. Мұнда әр елдің, әр қоғамның демократия жайлы түсінігіне, оны қалай қабылдайтынына байланысты. Екінші жағынан, әр елдің ішіндегі экономикалық жағдай, жалпы билікке деген көзқарас қатты әсер ететін сияқты болып көрінді. Яғни қоғамда наразылық көп болса, жалпы биліктің әрекетіне, шешімдеріне адамдардың көңілі толмаса, демократияның бағалануы да сонымен тікелей байланысты.
Мысалы, Қазақстан жағдайында «Демократияның басты мақсаты не?» деген сұрақтың жауабын респонденттер әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруымен байланыстырған. Яғни қоғамның көп бөлігінің пікірінше, бізге демократия өте қажет және оның мақсаты – елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу. Сондықтан бұл жерде мынадай логикалық байланыс бар: адамдар өмір сүру деңгейіне, жағдайына көңілі толмаса, оның шешімі демократияда деп санайтын тәрізді. Өйткені елдегі мәселелердің шешімі тікелей биліктің, жалпы мемлекеттік органдардың қызметімен және олардың тиімді жұмыс атқара алмауымен байланыстырылғандықтан, адамдар солай баға беретін секілді. Сондықтан Қытайда бұл тұрғыдан алғанда жұрттың елдегі экономикалық ахуалға, өзінің әлеуметтік жағдайына деген көзқарасы басқа елдерге қарағанда жақсырақ болып көрінеді.
Азаттық: Сіз Facebook-тегі жазбаңызда Қазақстанда демократияға сұраныс жоғары екенін жазыпсыз. Демократияны сезіну индексінде Қазақстанның төменде қалуына осы фактор әсер етпеді ме? Яғни, халық демократияға мұқтаж, соны сезбей отырған соң осылай негатив жауап көп берген дегендей.
Серік Бейсембаев: Сауалнамадағы сұрақтарды ашып қарасаңыз, онда «Демократия сізге керек пе?» деп сұрақ қоймайды. Онда «елде азаматтық белсенділер, журналистер ой-пікірін еркін айта ала ма?», «Билік органдары қаншалықты халық алдында есеп береді?», «Сайлаулар нәтижесі елдің дамуына әсер ете ме?» деген сияқты өте қарапайым сұрақтар қойылған және соның негізінде демократияны сезіну индексі жасалады. Яғни тікелей демократия туралы сұрақ жоқ, бірақ қойылған сауалдардың барлығы адамдардың өміріне тікелей қатысы бар, яғни адамдар елдегі жағдаймен байланыстыра отырып бағалайды. Сондықтан бізде сұралған респонденттер әрбір сала бойынша өте негатив баға берген. Сауалнамаға қатысқандардың әсіресе сөз бостандығы, сайлаулардың қоғам өміріне ықпалы туралы пікірі теріс. Яғни респонденттер ішкі саясатта соңғы уақытта болып жатқан оқиғаларды, азаматтық белсенділерге қысымды бағалап, соған сәйкес қорытындыға келіп отырған тәрізді.
Азаттық: Қазақстан билігі кейінгі жылдары халықаралық ұйымдардың есептері, осындай сауалнамалары объективті емес деп ашық айтып, оларды елемейтіндей емеурін танытып келеді. Астана мұндай көрсеткіштермен санасуы мүмкін бе?
Серік Бейсембаев: Санасуы екіталай, бірақ бұл индекстің басқа индекстерден айырмашылығы – тікелей қоғамдық пікірге сүйенуі. Әлемде сөз бостандығы, елдегі демократия жайында көптеген халықаралық индекстер бар, бірақ олар көбінесе статистикаға және сарапшылардың пікіріне сүйенеді. Біз сияқты авторитар мемлекеттердің «бұл – шағын ғана эксперттер тобының пікірі» деп қарсы аргумент айтуы оңай. Ал бұл индекстің ерекшелігі – тікелей адамдардың пікіріне сүйенген. Яғни бұл – азаматтардың өзі берген баға. Билік құлақ аспаса да, бұл жоғарыдағылар үшін өте бір маңызды индикатор болуы керек деп есептеймін.
Мысалы, біздің Demoscope жобасы аясында жасайтын сауалнамалар бүкіл картинаны көрсете алмайды. Өйткені оны жиі жасауға, көптеген сұрақты қамтуға мүмкіндігіміз жоқ. Ал осындай халықаралық сауалнамалар бізге сырттан берілген тәуелсіз баға, тәуелсіз бір индикатор.
Азаттық: Мұндай зерттеулердің қоғамға қандай пайдасы болуы мүмкін?
Серік Бейсембаев: Қоғамдағы қазіргі көңіл-күйдің бір верификациясы деп айтуға болады. Елдегі жағдайға көңілі толмайтын адамдардың үлесі әжептәуір, мұны біздің сауалнамалардан көріп отырмыз. Елде демократиялық саяси өзгеріс болғанын қалайтын да халық көп. Мұндай зерттеулер соның рас екенін тағы бір рет дәлелейді.
Азаттық: Биліктің бейбіт жолмен ауысуы жөніндегі сұраққа позитив жауап басқаларына қарағанда көбірек болған сияқты. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?
Серік Бейсембаев: Анкетада қойылған сұрақты қарасаңыз, ол жерде үкімет (түпнұсқада ағылшын тілінде government – билік, үкімет, өкімет деген мағыналарды береді – ред.) жайында сұрайды, менің долбарым бойынша, сауалнамаға қатысқандар мұны жалпы билік емес, атқарушы билік, яғни үкімет деп түсініе қалған сияқты. Адамдар жауап бергенде жалпы биліктің ауысуы емес, яғни Тоқаев жайында емес, министрлер кабинетіндегі ауыс-түйіс, премьер-министрдің алмасуы деп қабылдағандай көрінді.