Accessibility links

Қазақстан мұнай компанияларын Каспий теңізінде терроризмге қарсы күштерді орналастыруға міндеттемек

Каспийдегі Қашаған мұнай кен орыны (көрнекі сурет)
Каспийдегі Қашаған мұнай кен орыны (көрнекі сурет)

Астана Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде мұнай мен газ өндіретін компанияларға терроризмге қарсы күштерге арналған орындар беру жауапкершілігін артқысы келеді.

Энергетика министрлігінің 2026 жылғы 6 тамызда шығарған №297-н/қ бұйрығында жер қойнауын пайдаланушылар "терроризммен күрес жөніндегі теңіздегі жедел штабтың сұрауы бойынша оның күштері мен құралдарын өндірістік нысандар жанында орналастыру үшін орын беруді қамтамасыз етеді" және "теңіз жедел штабының күштері мен құралдары орналастыруға тікелей байланысты шығындарды көтереді" деп жазылған.

Құжатта арнайы штаб күштері жайғасатын орын кемінде 10 қызметкер орналасатындай, тікұшақ алаңымен жабдықталған және теңіздегі өндірістік нысандардан 23 шақырымнан аспайтын қашықтықта болуы керек делінген.

Энергетика министрлігінің бұйрығы биыл 17 қазанда күшіне енбек.

Бұл құжат Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында бірнеше рет дрондар байқалғаннан кейін қабылданған. Үкімет тексеретінін жариялағанымен, әлгі дрондардың қайдан пайда болғаны, кім ұшырғаны әлі күнге жарияланған жоқ. Ал Қазақстанның қорғаныс министрлігі елдің стратегиялық маңызды нысандарын әуе қорғаныс жүйелері қорғап тұр деп сендірді.

2026 жылдың мамыр айында Ресей Каспий теңізіндегі көмірсутек кен орындарын қорғаудың жаңа тәртібін белгіледі. Каспийдің ресейлік бөлігіндегі теңіз мұнай-газ нысандарын қорғау туралы заң қабылданды. Ол құжатқа сәйкес, нысандардың айналасында ені 500 метрге дейін жететін қауіпсіздік аймақтары құрылуы шарт, ал қауіпсіздікке жауапты қызметкерлер дрон пайдалануға жол бермеуге және оларды жоюға құқылы. Кен орындарының иелеріне оларды қорғау үшін қауіпсіздік компанияларын жұмысқа тартуға рұқсат берілген.

Айдар
XS
SM
MD
LG