Жанна – екі баласы бар жас ана. Ол Қазақстандағы ең қымбат қала – Алматыда тұрады. Жанна отбасы бюджетінің әр тиынына дейін жоспарлайды. Ол кейбір тауардың бағасы желтоқсанның өзінде-ақ өсе бастағанын байқаған.
– Ең әуелі [балаларға арналған] қоспаның қымбаттағанын көрдік. Бұрын шамамен 5200-5300 теңгеге алатынбыз, қазір 5800-6000 теңге тұрады. Жөргектер де қымбаттады. Бұрын жақсысын жеңілдікпен 3000 теңгеге табуға болатын, қазір 4000 теңгеден төмені жоқ. Мысалы, "Кола" (Coca-Cola сусыны – ред.) 880 теңге еді, 2 қаңтардан "Коланы" 950 теңгеге сатып ала бастадық, – дейді Жанна.
Айтуынша, өзі сауда жасайтын дүкенде көптеген тауардың бағасы 100 теңгеден астам сомаға өскен.
– Шұжық та, шұжықша да – бәрінің бағасын көтеріп жатыр, бәрі де қалтаға ауыр. Себетіме қарасам, тек жеңілдіктермен ғана күн көріп жүргендеймін. Жаңа жылдан кейін баға қаулап өсіп жатыр. Басқа қалаларда қалай екенін білмеймін, бірақ Алматыда өмір сүру өте қиын, – дейді әйел.
Жаннаның бұл көңіл-күйі көпшілікке таныс. Қазақстандықтар Threads әлеуметтік желісінде дүкенге барғаннан алған әсерін бөлісіп жатыр:
"Жаңа жылдан бері азық-түлік қатты қымбаттағанын байқадыңыздар ма? Бүгін Magnum-нан негізінен жеңілдігі бар тауарлардан тұратын шағын себет алып, 17 066 теңге төледім. Бұл ары дегенде үш күнге жетеді, ішінде ет те жоқ. Не боп кетті өзі? Мұндай инфляция қайдан шықты? Адамдар қалай күн көрмек?"
"5 қаңтарға жеткеніміз осы, бағаға не болған, ары қарай не болмақ? Жұмыртқа, ірімшік, шұжық секілді негізгі азық-түлік өте қатты қымбаттаған. Жұмыртқа 90 теңге тұрады, бұл не сұмдық?"
"Fanta-ның бір литрі 755 теңге болғанын қалай байқамай қалғанбыз? Есеңгіреп отырмын! Тағы қандай азық-түліктің бағасы өскен? 2026 жыл таңғалдырып жатыр!"
Ресми дерек бойынша, 2025 жылы инфляция 12,3 пайыз болған. Ұлттық банктің бағалауына қарағанда, инфляциялық көңіл-күй әлі де жоғары деңгейде: қазақстандықтар 2026 жылы баға тағы 14,7 пайызға артады деп ойлайды.
– Бұл алаң қисынды болатын, өйткені экономика 2026 жылға айқын инфляциялық инерциямен кірді. Базалық динамика тұрақты түрде жоғары болып, бағаның баяулауы әлсіз болды, – дейді экономист Елдар Шамсутдинов. – Мұндай жағдайда қаңтар аса әсершіл ай болатыны басынан белгілі болды. Салық, тариф және келісімшарттардың қайта қаралуы шоғырланып қалды. Сол себепті, бұл – күтпеген өсім емес, салық пен шығын өзгерістерінің түпкі бағаға алдын ала болжанған әсері. Оның нақты бағасын қаңтар айының ресми статистикасы көрсетеді.
БАҒА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
Баға өсімін тежеу үшін үкімет бірқатар шара қабылдап, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін уақытша кеңейтті. Оған қызанақ, қияр, сиыр және сүйекті қой еті, балық, сүт, ірімшік, қаймақ, алма және тартылған ет енгізілді.
Үкімет әлеуметтік шиеленісті азайту үшін бензин бағасын көтеруге мораторий жариялап, коммуналдық тарифтерді сәуірге дейін өсіруге жол бермейтін болды.
– Бұл шаралардың уақытша тұрақтандыру құралы ретінде мәні бар. Мұнда мемлекет сезімтал тауарлар бойынша шамадан тыс үстеме бағаны және жеткізу тізбегіндегі үзілістерді шектейтін арбитр рөлін атқарады. Бұл жекелеген позициялар бойынша бағаның құбылуын және әлеуметтік қысымды азайтуы мүмкін. Алайда реттеуші органдар да, жаһандық инвестициялық үйлер де әкімшілік шараларды ақша-несие саясатының, салықтық шешімдердің және шығындармен жүйелі жұмыстың орнын басатын тетік ретінде қарастырмайды. Олар қосалқы рөл атқарады әрі уақыт шағынан шектелген. Сондықтан мұндай шараларға сақ болу қажет, себебі оларды жиі қолдану нәтижесінде "төзімділік" қалыптасып, шаралар шынымен қажет болған кезде әсерін жоғалтуы мүмкін, – деп ескертіп отыр Шамсутдинов.
Үкімет қабылданған шаралар нәтиже беріп жатыр дейді. 14 қаңтарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен бар болғаны 0,2 пайызға өскен деп хабарлады.
Алайда бірқатар сауда орнында азық-түлік бағасы Ұлттық статистика бюросы есептеген орташа көрсеткіштен жоғары. Мәселен, бюро дерегіне сәйкес, 14 қаңтарда I санаттағы жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңге, тартылған ет 4168 теңге, ал бір келі қой еті 3825 теңге болған. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіш, қалаларда баға әртүрлі болуы мүмкін.
Супермаркеттердегі баға
Азаттық Азия редакциясы Қызылорда мен Алматы қалаларындағы Small супермаркеттер желісіндегі бағаны салыстырды. Қызылордада тауар бағасы 17 желтоқсан және 16-18 қаңтар аралығында салыстырылды. Бағаларды бақылау супермаркет сайттарында баға архивінің болмауынан, сондай-ақ бір қаланың өзіндегі дүкендерде бірдей тауар бағасында едәуір алшақтық болғанынан қиындай түсті.
Супермаркетте көп қымбаттаған тауарлар қатарында Zewa қағаз сүлгісі (49,3 пайыз), кофе (14-32 пайыз), Borjomi минералды суы (28 пайыз), тез дайындалатын кеспе түрі (27,1 пайыз) және кейбір еріген ірімшіктер (18-23 пайыз) бар. Кейбір тәттілер 8-19 пайыз, ал шұжық өнімдері 2-9 пайыз қымбаттаған. Сүт өнімдерінің бір бөлігі 3-6 пайыз өскен. Сондай-ақ сары майдың арзан өсімдік баламасы саналатын спредтің бағасы 18 пайыз көтерілген.
Айта кетерлігі, кофе Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша қымбаттаған. Мұны өндіруші елдердегі климаттың өзгеруімен байланыстырады.
Кейбір тауарлардың (90 тауардың шамамен 15 пайызы) бағасы өзгермеген. Олардың қатарында су, шоколадтың кейбір түрі, сүттен жасалатын өнімдер (қаймақ, сүт, жекелеген өндірушілердің ірімшігі) және кейбір шаруашылық тауарлары бар.
Бағасы төмендеген тауарлар да жоқ емес: теңіз балдырынан жасалған уылдырық 32 пайыз, консервіленген жүгері 17,9 пайыз, шай 10,9 пайыз арзандаған.
Жалпы алғанда, 70 тауардан тұратын топтаманың шамамен 75 пайызы қымбаттаған.
Алматыда Азаттық Азия редакциясы зерттеген тауарлар тізімі өзгеше болды. Онда бір ай ішінде ең қатты қымбаттаған тауарлар – ресейлік өндірушінің ұзын дәнді күріші (32 пайыз), тез дайындалатын кеспе (27 пайыз), балаға арналған пюре (20 пайыз), жұмыртқа қосылған кеспе (16 пайыз) және кофе (9-14 пайыз). Әртүрлі өндіруші шығаратын шоколадтың бағасы орта есеппен 3-8 пайыз өскен.
Ал желтоқсанмен салыстырғанда бұл дүкенде тартылған сиыр еті (10,4 пайыз), шай (9-10 пайыз), сары май (24 пайыз), ұн (9,8 пайыз) арзандаған. Бағасы төмендеген тауарлардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіреді.
Жалпы алғанда, тауарлардың шамамен 65 пайызы қымбаттаған, қалғанының бағасы өзгермеген немесе төмендеген.
ҚОСЫМША ҚҰН САЛЫҒЫНЫҢ ӨСУІ
Бағаның өсуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі – жаңа жылдан бастап қосылған құн салығы (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді. Тауар жеткізушілер төлейтін ҚҚС сатылатын заттың өзіндік құнына әсер етеді.
Семей қаласындағы шағын дүкеннің иесі Зарина көтерме саудамен айналысатындар бағаны желтоқсанның өзінде-ақ 4 пайызға көтергенін айтады.
– Бұрын "12 пайыздық ҚҚС-ті ескере отырып қойылған баға" деп жазылатын, қазір "16 пайыздық ҚҚС-ті ескере отырып 4 пайызға қымбаттады" деп көрсетеді, – дейді Зарина. – Майонез 4 пайыз қымбаттады, қант 4 пайыз қымбаттады. Барлығы ҚҚС-тің 4 пайызын қосты. Май қымбаттады. Қағаз қымбаттады. Бұрын көтерме бағасы 58 теңге болса, қазір 65 теңге.
Кейбір тауардың көтерме бағасы өзгеріссіз қалған. Алайда кәсіпкердің айтуынша, бұл өңірге және өндірушіге байланысты. Ол өзі негізінен жергілікті өнімдерді сатады.
– Макарон, жұмыртқа, нан қымбаттаған жоқ. Тауық еті де қымбаттаған жоқ. Бірақ қымбаттайды деп бәрі күтіп отыр, – дейді кәсіпкер.
Заринаның айтуынша, бөлшек сауда үстемесін қосқанда, мұндай тауарлардың бағасы орта есеппен 6-10 пайызға дейін өседі.
– Енді не істей аламыз, біз кінәлі емеспіз ғой. Сатып жатырмыз, – дейді дүкен иесі.
РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫ
Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі саналатын Ресей де салық реформасын іске асырып жатыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей ҚҚС-тің базалық мөлшерлемесін 20 пайыздан 22 пайызға дейін көтерді. Негізгі азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек пен балаларға арналған тауарлар үшін жеңілдетілген 10 пайыздық мөлшерлеме сақталғанымен, спред пен маргарин секілді бірқатар санаттар толық мөлшерлемеге ауыстырылды.
Мұның Қазақстанға да айтарлықтай әсері бар. Өйткені азық-түлік нарығы Ресей импортына қатты тәуелді. Қазақстанның жалпы импортындағы Ресейдің үлесі шамамен 30 пайыз болса, азық-түлік импорты бойынша бұл көрсеткіш 47 пайызға дейін жетеді.
Қазақстандық сауда желілерінің сөресіндегі тауар түрлерінің 30-50 пайызы – ресейлік өнімдер, ал жекелеген сегменттерде бұл үлес одан да жоғары.
Ресейлік сарапшылар 2026 жылы ресейлік кондитерлік өнімдер, кофе, ет және сүт өнімдері 12-22 пайыз, тіпті одан да қатты қымбаттауы мүмкін деп болжап отыр.
Экономистер биыл Ресейде экономикалық ахуалдың нашарлайтыны анық деп санайды. Бұл экономиканың әскери өндіріс жағына қарай ауытқуының, жинақталған теңсіздіктердің және салық салмағы артуының салдары болмақ.
"Роснефть" пен "Лукойл" компаниялары АҚШ-тың санкциялық тізіміне енгізілгеннен кейін ресейлік экспорттаушылар шикізат бағасын одан әрі түсіруге мәжбүр болды: желтоқсанда бір баррель мұнай құны 35-37 долларға дейін түсті. Мұнай бағасының құлдырауы Мәскеуді ҚҚС-ті көтеруге ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берілген жеңілдіктердің едәуір бөлігін алып тастауға да итермеледі. Сарапшылар ҚҚС бойынша жеңілдіктен айырылатын шағын бизнестің бір бөлігі банкротқа ұшырауы мүмкін екенін және баға өсе беретінін айтып отыр.
Қазақстанда да ҚҚС-тің көтерілуі шағын бизнеске кері әсер етуі мүмкін деген пікірлер айтылған. Үкімет реформаға қатысты сын-пікірлерді қабылдамады. 2025 жылдың аяғында ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғарин салық реформасы шағын кәсіпорындардың басым бөлігіне әсер етпейді деп мәлімдеген.
Алайда 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "салық кодексі — қасиетті кітап емес" деп, оған өзгеріс енгізуге болатынын айтты.
"Салық реформасы жақсы ойластырылғаны сонша, жұмыс істей бастағанына санаулы апта өткен салық кодексіне биылдың өзінде аса қажет түзетулер енгізілмек", – деп жазды осыдан кейін саясаттанушы Ғазиз Әбішев өз Telegram-арнасында.
2026 ЖЫЛЫ БАҒА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?
Экономист Елдар Шамсутдинов Қазақстанда бағалардың төмендеу ықтималдығы жоғары емес деп санайды.
– Дайындалуға уақыт болғанына қарамастан, компаниялардың бір бөлігі бағаны қаңтарда көтеруді жөн көрді. Бұл, сірә, болашақ шығындар мен қауіп-қатерді алдын ала есепке алу әрекеті болса керек. Ендігі негізгі мәселе — сұраныс реакциясы: классикалық модель бойынша ол әлсіреуге тиіс, алайда кредиттік инерция аясында инфляцияның "бекіп қалу" қаупі сақталып отыр. Тұтыну несиесі барған сайын ағымдағы табыстың жалғасы ретінде қабылданып келеді, бұл сұраныстың бағаға сезімталдығын төмендетіп, баға сигналының тәртіпке шақырушы рөлін әлсіретеді, – дейді экономист.
Ресми статистика бойынша, 2025 жылы инфляция 12,3 пайыз болса, 2024 жылы 8,6 пайыз болған. Яғни ол кезде теңге қуаттырақ еді.
– Қазіргі қарқын жұмыспен қамту мен инвестициялық белсенділікті ұстап отырғанын көрсетеді. Десе де, инфляция шынымен де кей отбасының сатып алу қабілетін төмендетіп жатыр. Бұған әсіресе табысының едәуір бөлігін азық-түлік пен қызмет алуға жұмсайтын отбасылар жатады. Сондықтан дұрыс тұжырым мынадай: экономика дағдарыста емес, бірақ инфляциялық салмақ біркелкі бөлінбеген. Алайда бір ескерту бар: инфляция – бұл бағаның өсу қарқыны, бағаның өзі емес. Өкінішке қарай, экономикаға қайта жүктеу жасайтын ірі күйзеліс болмаса, біз енді мәңгі жоғары баға деңгейімен өмір сүреміз, – деп түсіндірді сарапшы.
Қазақстанда бағаның өсуі, болжамдарда айтылғандай, табыстың төмендеуімен қатар жүріп отыр. Халықтың жан басына шаққандағы нақты табысы 3,4 пайыз қысқарды. Қазақстандықтар табысының 52,3 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Бұл көрсеткіш Сахараның оңтүстігіндегі Африканың кедей елдеріндегі деңгеймен шамалас.
2025 жылы қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсаған шығыны 2,2 пайыз артты. Ал киім-кешекке, аяқ киімге және бос уақытты өткізуге кететін шығындар қысқарған. Ресми деректерге сүйенсек, азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментіндегі шығындар 13,2 пайыз, ал қызмет алу саласында шамамен 2 пайыз төмендеген.
Статистикаға қарағанда, қаражат тапшылығы қысқан адамдар тұтыну несиелерін көбірек ала бастаған.
"Нақты табыстың қысқару қарқыны (жылдық есеппен –3,4 пайыз) нақты шығындардың төмендеуінен (–2,3 пайыз) асып түсті. Халық өз қаражатының жетіспеушілігін қарыз алып өтеп отыр. Мұны үшінші тоқсанда тұтыну несиесі портфелі 26,2 пайыз өскені растап отыр. Оған қоса олардың жеке тұлғалардың несие портфеліндегі үлесі де артып келеді", – деп жазды Halyk Finance инвестициялық компаниясы сараптама шолуында.
Бір болжам бойынша, инфляция 2026 жылдың бірінші жартысында ҚҚС-тің көтерілуінен жоғары болып, жыл аяғына қарай баяулауы мүмкін. Инфляцияға тарифтердің өсуі мен теңгенің әлсіреуі де үлес қосуы ықтимал.
– Ғаламдық инвестициялық үйлердің базалық сценарийі бойынша, экономикалық өсім сақталады, фискалдық ұстаным жалпы алғанда бейтарап деп бағаланады, ал сыртқы қарыз алудың белсендірек болуы теңгеге түсетін қысымды азайтуға тиіс, — деді Шамсутдинов. — Халықтың инфляция 1-2 пайызға жеделдеуі мүмкін деп күтуі сатып алу тәжірибесіне жиі-жиі жүгінуі мен жыл басындағы салықтық шоктан туып отыр. Мемлекет пен реттеушінің міндеті — бұл көңіл-күйді жоққа шығару емес, оның бекуіне жол бермеу, яғни тұрақты үдеуді емес, уақытша шарықтау мен кейінгі баяулау сценарийін қамтамасыз ету.
Сарапшылар халық табысының төмендеу салдарын жұмсарту үшін экономиканы құрылымдық тұрғыдан қайта құру қажет дейді. Негізгі басымдық ретінде экономиканы әртараптандыру, нарық бәсекесін және бизнес ортаны дамыту амалдары аталады. Қазақстанда мұнай сатуға тәуелді экономиканы әртараптандыру қажеттілігі туралы ондаған жыл бойы айтылып келе жатқанымен, ел бюджеті әлі де шикізат сатудан түсетін кірістерге тәуелді.