Қазақстанда 2050 жылға қарай кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істейтін болады. Бұл жөнінде атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясында айтылған.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің айтуынша, бұл құжат "атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, тәсілдерін және басым бағыттарын айқындайды".
"Стратегияға сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстан Республикасында кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істейтін болады. Бұл ретте бірінші АЭС жобасын іске асыру басталды, екінші станцияның құрылысы қарау сатысында тұр, ал үшінші АЭС үшін перспективалық бағыт ретінде шағын модульдік реакторлар технологияларын қолдану мүмкіндігі зерттелуде" деп жазылған агенттіктің хабарламасында.
Қазақстан билігі бұған дейін елде алғашқы атом электр станциясын Ресей салып беретінін, одан кейінгілерін Қытай салатынын мәлімдеген. Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сатқалиев екі АЭС – Алматы облысында, бір АЭС Батыс Қазақстанда орналасатынын айтқан.
Былтыр қарашада Атом энергиясы жөніндегі агенттік жетекшісі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге елдегі бірінші АЭС-тің іргетасын қалау 2029 жылға жоспарланып отырғанын айтқан. Сәтқалиев жұмыс басталғаннан кейін 18 айда жобалық-зерттеу жұмыстары аяқталады, болашақ АЭС-ке маман дайындау жұмысы қатар жүріп жатыр деп мәлімдеген. Ал Қазақстанға екінші атом электр станциясын салып береді деген Қытай болашақ АЭС мамандары үшін 200 грант бөлген.
Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенеді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.
Ал ресми Астана Қазақстан қоғамына АЭС-ті таңдау шешімінің саяси астары жоқ деуге сендіруге тырысып келеді.
"Уран шикізатының, технологиялық процестерінің меншік иесі, операторы, өндірушісі Қазақстан болады", – деген Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстан билігі АЭС салу туралы шешімді 2024 жылы қабылдаған. Ол шешімді қабылдамас бұрын елде референдум өткізілді. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.
Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған.