Accessibility links

Қазақстанда 380 мың бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады

Астанадағы мектептердің біріндегі сабақ кезі (Азаттық архивіндегі фото)
Астанадағы мектептердің біріндегі сабақ кезі (Азаттық архивіндегі фото)

1 қыркүйекте Қазақстанда 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпта алғашқы сабағын бастады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, жаңа оқу жылында елдегі 8 мың мектепте 4 млн-нан астам оқушы білім алмақ. Олардың 227 мыңы 11-сыныпта оқиды.

Бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың 71,1 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдағанын өткен айда үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтқан. Ал 26,6 пайызы орыс тілінде оқытатын сыныптарға бармақ, қалған 2,3 пайызы басқа тілдерде оқитын болады.

Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жаңа міндетті пәндер мен оқушыларды бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілмек. Оқу бағдарламасына бірнеше жаңа міндетті курс қосылады:

  • 5–7 сыныптарда – "Конституция негіздері";
  • 8–11 сыныптарда – "Заң және тәртіп";
  • 5–11 сыныптарда – "Жеке қауіпсіздік" пәні міндетті түрде оқытылады.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған "Құқық негіздері" енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Министрдің айтуынша, пәннің мазмұны жаңартылып, жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес бейімделген.

Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында елде 18 090 оқушыға есептелген 32 жалпы білім беретін мектеп және 4 207 тәрбиеленушіге арналған 32 мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілген. Оның ішінде 14 мектеп пен 26 мектепке дейінгі мекеме ауылдық жерде орналасқан.

Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шынар Ақпарованың айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына сабақ барысында смартфон пайдалануға тыйым салынады. Тек оқу бағдарламасында арнайы қарастырылған жағдайларда ғана қолдануға болады деген ереже енгізіледі.

2026-2027 оқу жылында Қазақстанда жиынтығы 59,3 мың оқушыға есептелген 101 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олардың құрылысы Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылмақ.

Айдар
XS
SM
MD
LG