Қазақстанда "Әділет" деп аталатын саяси партия құрылмақ. Оны құру жөніндегі бастамашыл топ жаңа саяси ұйым прогрессивті реформаларды, билік жариялаған "Әділетті Қазақстан" идеясын, заң үстемдігін күшейтуді және азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуді басты бағдары ретінде ұстанатынын мәлімдеді.
Бұл жөнінде партия құру жөніндегі бастамашыл топ құрамына кірген "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жазды.
Бастамашыл топ 15 cәуірде арнайы жиын өткізіп, мақсаттарын жариялаған.
Бастамашыл топ мүшелері өздерін "жауапты азаматтардың күшін біріктіріп, экономикасы қуатты, мүмкіндігі кең және халықаралық беделі жоғары әділетті мемлекет құруды көздейтін платформа" ретінде сипаттайды.
Жаңа ұйымның мәлімдемесінде миссиясы – жаңа Конституция ережелерінің толық сақталуын қамтамасыз ету деп көрсетілген. Бастамашыл топ жариялаған басымдықтар қатарында барлық қазақстандықтар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру, кландық және өңірлік ықпалдарды азайту, тәуелсіз әрі тиімді сот-құқық қорғау жүйесін құру, экономикалық әділеттік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету аталған.
Бастамашыл топ 16 сәуірде Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау туралы өтініш жолдап, таяу уақытта құрылтай съезін өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазақстан заңында жаңа партия құру үшін алдымен бастамашыл топты тіркеп, кейін құрылтай өткізіп, мүшелер тізімін жинап, ресми мемлекеттік тіркеуден өту тәртібі жазылған.
"Әділет" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ құрамында сөз бостандығын қорғау жөніндегі "Әділ сөз" қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі омбудсмені Динара Закиева, кәсіпкер Андрей Лаврентьев, саясаттанушы Марат Шибұтов, Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, тележүргізуші Ирина Тен, "Қазақстан халқына" қорының басшысы Ләззат Шыңғысбаева және өзге де адамдар енген.
Бұлардың кейбірі биыл 21 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен құрылған жаңа Конституция жобасын әзірлеу жөніндегі комиссия құрамына кірген және биліктің бастамаларын қолдаған. Кейбірі бұған дейін де биліктегі "Amanat" (бұрынғы "NurOtan") партиясының құрамында болған.
Қазақстанда биылғы 15 наурызда жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сай, енді бірпалаталы парламент – Құрылтай тек партиялық тізіммен сайланады. Өткен аптада Ақордада ғалымдармен кездескенде президент Тоқаев Құрылтай сайлауы биыл тамызда өтеді деп мәлімдеген.
Қазір Қазақстанда ресми тіркелген жеті партия бар:
- "Amanat" партиясы;
- "Ақ жол" демократиялық партиясы;
- Қазақстанның халық партиясы (коммунистер);
- "Ауыл" партиясы;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
- "Байтақ" жасылдар партиясы;
- "Respublica" партиясы.
Қазақстанды совет дәуірінен бастап отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабы негізінде құрылып, алдымен "Отан", кейін "NurOtan" аталған, ал Қаңтар оқиғасынан кейін атауын "Amanat" деп өзгерткен билік партиясы парламентте басым орынға иелік етіп отырғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті.
Кемінде 238 адамның өліміне себеп болған Қанды Қаңтардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстанда адал әрі еркін саяси бәсеке болатынын" жариялап, партия тіркеу рәсімі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген. Осыдан кейін елде заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, партия құру жөніндегі бастамашыл топқа қажет адам саны 1000-нан 700-ге, мүшелікке қажет адам саны 20 мыңнан 7 мыңға төмендетілген.
Алайда оппозициялық партия құруды мақсат еткен бірнеше бастамашыл топ бірнеше жылдан бері ресми тіркеуден өте алмай жүр. Олар биліктің партияны тіркемей отыруының саяси астары бар деп санайды.
Ресми Астана ешкімді алаламай тіркеп жатқанын, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың тіркеле алмауының астарында саясат жоғын, ол тек заң талап ететін процедуралық мәселеге байланысты екенін айтады.
- Қазақстанда "Әділет" атты саяси партия бұрын да болған. 2004 жылы "Қазақстан демократиялық партиясы" ретінде құрылып, 2006 жылы атауын "Әділет" демократиялық партиясы деп өзгерткен ұйым парламент сайлауына түскенімен өте алмаған. 2013 жылы "Әділет" партиясы "Руханият" партиясымен жаңа "Бірлік" саяси партиясына біріккен. 2020 жылдың қарашасында партия атауын ADAL деп өзгерткен соң, 2021 жылғы Мәжіліс сайлауына қатысып, 3,57% дауыс қана жинап, парламентке өте алмады. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы желтоқсанда ADAL биліктегі "Amanat" партиясына қосылып, дербес саяси ұйым ретінде қызметін доғарды.