Accessibility links

Қазақстанда Халық кеңесі деген жаңа орган құрылады


Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы. Қызылорда, 20 қаңтар, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы. Қызылорда, 20 қаңтар, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото

Қазақстан халқы ассамблеясы мен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесі деген жаңа орган құрылады. Бұл жөнінде Қызылордада өткен ұлттық құрылтай жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

"Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты түрде жалпыхалықтық диалог жүргізуге арналған кең ауқымды алаң немесе мінбер қажет. Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіреді", – деді ол.

Халық кеңесі жыл сайын жиналыс өткізетін консультативтік алаң болады және оған заң шығару бастамасы беріледі. БАҚ мәліметінше, Халық кеңесі құрамына 126 адам кіреді: 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттардан, ал 42-сі азаматтық сектордан. жасақталады.

20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті. Отырыста Тоқаев бұрын жариялаған бірпалаталы парламентке көшу, оны «Құрылтай» деп атауды ұсынды. Сондай-ақ ол Қазақстанда 30 жыл бұрын жойылған вице-президент лауазымын енгізу керегін айтты.

Жиында жаңа парламенттің құрамы, депутаттарды сайлау тәртібі, оның өкілеті және Конституцияға енгізілетін басқа да өзгерістер туралы айтылды.

Ақорданың мәлімдеуінше, парламент реформасы азаматтардан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан түскен 1600-дей ұсынысты зерделеу негізінде жасалған.

Тоқаевтың ұсынысымен жақында Конституциялық кеңес құрылып, сарапшылар бұл ұсыныстар негізінде Қазақстан Конституциясына енгізілетін нақты өзгерістерді әзірлейді. Бұдан соң Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша референдум жарияланады.

Тоқаев бұл іс жүзінде "жаңа Конституция қабылдаумен барабар" деді.

Президентт Конституцияға кезекті өзгеріс енгізу туралы 2025 жылғы жолдауында айтқан. Бұл ұсыныстарды кейбір сарапшы "авторитар сипаттағы басқару жүйесінің" "болмысын өзгертпей жетілдіру талпынысы" десе, енді бірі "билік транзитіне дайындық" деп атаған. Ал сарапшы Димаш Әлжанов Конституцияға "қоғамға әзірше ашық айтылмай жатқан басқа да түзетулер енгізілуі мүмкін" деп болжаған.

Бұл – Тоқаев тұсындағы Конституцияға енгізілетін алғашқы түзету емес. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаевтың ұсынысымен өткен референдумда Конституцияға 56 өзгеріс енгізілген. Көп өзгерістің ішінде парламент депутаттарының бір бөлігін мажоритарлық жолмен сайлау тәртібі де бар. Сол кезде билік мұны "Жаңа Қазақстан" қалыптастырудағы "тарихи қадам" деп сипаттаған.

Сол жылы күзде Конституцияға жаңа өзгеріс енгізіліп, президенттің өкілеті бес жылдан жеті жылға ұзартылған және бір адам тек бір рет президент болып сайлана алады деген ереже енгізілген.

XS
SM
MD
LG