Қазақстан мен Өзбекстан киік санын қалпына келтіру және жануарларды бір елден екіншісіне көшіру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Екі ел киіктердің көші-қон жолдарын қорғап, браконьерлікпен күресуді көздейді. Бұл туралы Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Меморандум аясында киіктердің санын, көші-қоны мен денсаулығын бірлесіп бақылау, ғылыми деректер алмасу, спутниктік бақылау және ветеринарлық тексеру әдістерін қолдану жоспарланған.
Ташкент мұндай меморандум әзірленетінін былтыр мәлімдеген еді. Өзбекстанның Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Әзиз Абдухакимов Қазақстаннан елге шамамен 500 жас киікті көшіру жоспары барын айтқан.
Қазір Өзбекстанда киіктер аз қалған. Үстірт популяциясының мекені саналатын Арал маңында жүздеген киік қалған. Соңғы бірнеше онжылдықта бұл түр жойылып кетуге шақ қалды. Бұған жануарлардың дәстүрлі көші-қон жолдарының бұзылуы да әсер еткен.
Енді Қазақстан мен Өзбекстан киіктерді тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасын әзірлеп, жануарларды көшіру, табиғи жайылымдар мен су көздерін қалпына келтіру жұмыстарын бірлесіп жүргізбек.
Қазақстанда да 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында браконьерлік пен жаппай қырылу салдарынан ақбөкен жойылып кете жаздаған. Кейін аң аулауға тыйым салынып, қайта көбейді. Алайда соңғы жылдары егістікті таптап кететініне шағымданған фермерлердің өтінішінен кейін билік киік атуға рұқсат берді.
2026 жылғы көктемгі санақ бойынша, Қазақстанда 4 миллион 689 мың киік болған. Елде оның үш популяциясы бар:
- Орал популяциясы — 2,7 миллион;
- Бетпақдала популяциясы — 1,87 миллион;
- Үстірт популяциясы — 119 мың.
Үстірт популяциясындағы киіктер тарихи тұрғыда Қазақстан мен Өзбекстан арасында көшіп-қонып жүрген. Алайда шекара бойындағы қоршаулар мен дәстүрлі көші-қон жолдарына салынған автомобиль жолдары жануарлардың қозғалысын қиындатып, Өзбекстандағы киіктер азайған.