Accessibility links

Тегі қазақ әнші әрі украиналық белсенді Назгүл Шүкеева қайтыс болды

Әнші, белсенді Назгүл Шүкеева (Елена Заводскаяның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған фото)
Әнші, белсенді Назгүл Шүкеева (Елена Заводскаяның әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған фото)

Қазақстан туып-өскен әнші, ерікті әрі қоғам белсендісі Назгүл Шүкеева 52 жасында Киевте қайтыс болды. Бұл туралы оның құрбысы Елена Звездовская "Украина — Орталық Азия" telegram-арнасына хабарлады.

Оның айтуынша, Назгүл Шүкеева ауыр дерт салдарынан аурухананың жансақтау бөлімінде дүниеден өткен.

"Бүгін ол бақилық болды, мәңгілік үйіне аттанды... Назгүл Шүкееваның мықты жаны, құдіретті рухы өте қиын әрі ауыр сынақтарға төтеп берді. Жатқан жерің жарық болсын, Назгүл", — деп жазды Елена Звездовская әлеуметтік желідегі парақшасында.

Назгүл Шүкееваның қашан, қай жерде жерленетіні әлі жарияланған жоқ.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының тумасы Назгүл Шүкеева Мәскеуде білім алған, Киевке тұрмысқа шыққан. Киевте ол өз өнерімен көпшілікке танылды. Әнші әйел халықаралық гастрольдік сапармен әлемнің бірқатар елін аралаған. Марқұмның артында үш баласы қалды.

Ресей Украинаға қарсы бастаған кең ауқымды соғыс Назгүлдің өміріне де әсер етті: алдымен сахнада, содан кейін сахнадан тыс жерде оның жұмысы соғыс тақырыбымен байланысты болды. Назгүл халықаралық жобаларға қатысып, Украинаны шетелге паш етті. Ол ерікті ретінде белсенді жұмыс істеді және украиналық қарияларға көмектесті.

Айдар
XS
SM
MD
LG