Назгүл Украинаға алғаш рет 25 жыл бұрын гастрольдік сапармен барған, бірақ өзі айтқандай, "тағдырдың жазуымен" сол елде қалды: сүйгенін тауып, тұрмыс құрып, үш баланы өмірге әкелді. Киевте өнер қуып, табысқа жетті – стандарттар шегінен аттап, түрлі жанрдың басын біріктіріп, көмеймен ән айту техникасын жетілдірді, джаз, авангард опера және ұлттық нақышта ән салып, көптеген концерт қойды, гастрольдік сапармен 50-ге жуық елді аралады.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Назгүлдің жұмысы соғыс тақырыбымен әуелгіде сахнада, ал кейін одан тыс жерде көбірек ұштасатын болды. Ол халықаралық жобаларға Украина атынан қатысып, сол елді өзгелерге паш етті.
– Біз бүкіл әлемді, соның ішінде Американы аралап қойған "Чернобыльдорф" атты қазіргі заманғы тәжірибелік опера бар, – дейді Назгүл Шүкеева. – Біз өзгелерге Украинаны таныстырдық, соғыс жайлы баяндап, көмекке мұқтаж екенімізді, жалғыз алысуға шамамыз жетпейтінін айттық.
2023 жылғы маусым айында, Назгүл Германиядан кезекті гастрольден қайтып келе жатқанда, Каховка су электр станциясы бөгеті жарылғанын естіген. Днепр өзенінің төменгі жағында орналасқан мыңдаған үйді су басып қалды.
– Бұл соншалықты ауқымды апат болғандықтан өте қиын әрі ауыр тиді... Маған сол жерге барып, дұға етуім керек деп ой келді, – дейді Назгүл. – Дәл сол кезде біздің қазақ еріктілері сонда бара жатқан еді, "мені де ала кетіңдерші, дизель отыны мен тағы бірсыпыра гуманитарлық көмекті өз мойныма алайын" деп қолқа салдым. Біз барғанымызда ол жерді су басып, бәрі шіріп жатты. Қолқаны қабатын сасық иістен тіпті противогаз кисең де құтылу мүмкін емес еді. Сусыз қалған жұрт сол сасық иісті жұтып, көпшілігі дәрі-дәрмек күтіп отыр екен.
Назгүлдің айтуынша, Каховка сапары оның өмірінде бетбұрыс жасаған. Ол ерікті болуға көбірек көңіл бөле бастаған. Ал кейін Николаевқа сапар шекті, онда еріктілер бейбіт халықтың соғыс отынан қирап-бүлініп жатқан елдімекенде күн сайын ажал қаупімен бетпе-бет келіп, аса қиын жағдайда отырғанына куә болды. "Оның қорқынышты болғаны соншалық, мен енді осының бәріне жай ғана қарай алмайтынымды ұқтым", – деп еске алды Назгүл.
Осылайша Назгүл ерікті болуды тұрақты жұмысына айналдырған. Ресми міндеті жоқ, бірақ үнемі штабта болады, сапарға шығады және гуманитарлық көмек жинайды.
– Ерікті ретінде маған міндет артылмаған. Көмек көрсеткісі келетін адамдар баратын штабтар бар. Мысалы, еріктілер жиналып, сарбаздарға көп мөлшерде құрғақ сорпа мен ботқа дайындайтын "Борщ" штабы бар. "Борщ" тек донаттар арқасында жұмыс істейді.
Назгүл Қазақстанмен тікелей немесе жанама байланысы бар үш ерікті: Марат Дәрменов, Сәуле Әлиева және "пан Василь" деген лақап атпен белгілі блогер Василь Гончар енген топпен бірге жұмыс істейді.
– Басты бағытымыз – Херсон. Қазір ол жерге ешкім бармайды дерлік, себебі ол жақ құдды "сафари" сияқты, – дейді Назгүл Шүкеева. – Біз онда не апарамыз? Өзімізге тапсырғанның бәрін: газ баллондары, дәрі-дәрмек жинақтары, тамақ және тағы басқа заттарды жеткіземіз. Біз оларды өз ақшамызға сатып аламыз. Егер біреу-міреу еріктілер осыдан пайда көріп жатыр десе, онысы – шіли өтірік. Мүмкін бәзбіреулер ірі еуропалық гранттардан пайда көріп жатқан шығар, біз оны білмейміз. Бірақ өзім жеке танитын еріктілердің бәрі өз ақшасын жұмсайды.
Қазір Назгүл гастрольге шықпайды десе болады – ол вокал, дауыс баптау және көмеймен ән айту бойынша шеберлік сабағын өткізіп, ақша табады.
– Табысымның кемінде жартысы қайырымдылыққа кетеді, – дейді Назгүл. – Ал егер мүлде табысым болмаса, балаларға тамақ керек болса, онда керек болса, онда жартысын отбасыма жұмсаймын.
"БҰРЫН ӨЗІМДІ ЕРЖҮРЕК САНАЙТЫНМЫН"
Назгүл Киевте жеке үйлер орналасқан ауданда тұрады. Ол көпқабатты үйлермен салыстырғанда бұл ауданға әуеден тікелей берілетін соққы азырақ екенін, бірақ соғыс болып жатқаны күн сайын дерлік сезіліп-білініп тұратынын айтады.
– Біз ондаймен үнемі кездесеміз. Ұйқысыз түндерді өткізіп, тарс-гүрс атыс, зымырандар ысқырып ұшқан кезде сылақтар түсіп, үйде басыңды иығыңа тығып, бұғып отырасың.
Назгүлдің айтуынша, күнделікті өмірде көңілден алаң сезімі кетпейтін болған. Әсіресе, біреудің көмегіне мұқтаж жандардың тағдыры алаңдатады дейді ол.
– Мен төсек тартып жатқан қарт адамдардың, мүгедек балалардың жайына алаңдаймын, – дейді әнші. – Бұл бір лотерея іспетті: бүгін қай ғимаратқа зымыран түсетінін білмейсің. Бұрын өзімді ержүрек санайтынмын, ештеңеден қорықпаймын деп ойлайтынмын. Бірақ, өкінішке қарай, осы соғысқа, балаларыма байланысты мен де қорқа бастадым. Бір үлкен нәрсе ұшып келіп жарылғанда я "шахедтер" ұшқан кезде қорқынышты. Білесіз бе, олардың дыбысы мопедтікіне ұқсайды. Бірде терезені ашсам, қос бірдей "шахед" маған қарап тұр екен. "Кет бұл жерден!" деп айқай салдым. Олар ұшып кетті. Бірақ жағдай басқаша болуы да мүмкін еді.
Назгүлдің Украинада дүниеге келген үлкен ұлы қазір майданда жүр. Ол өз еркімен соғысқа аттанған. Назгүл ол туралы айтқан кезде баласының мінезін бұрыннан білетін ана ретінде сабырлы, ұстамды қалпынан айнымайды.
– Егер сіз кез келген анадан: "Ұлыңыз соғысқа барамын десе, келісесіз бе?" деп сұрасаңыз, "жоқ" деген жауап еститініңіз хақ. Өйткені ана ұлынан айырылып қалуы мүмкін екенін біледі. Бірақ біз бұл жайлы сөйлескен кезде, ол өз ұйғарымын жасап қойғанын түсіндім. Біздің отбасымызда солай: ұлым жас кезінен өз еркімен шешім қабылдап үйренген. Енді мен тек аман-есен болса екен деп дұға қыламын.
Соғыс басталғалы бері Назгүл Шүкееваға Украинадан шығып кет деп бірнеше рет ұсыныс айтылып, бірақ ол Украинада қалуды ұйғарған, қазір өзге адамдарға көмектесіп жүр. "Қазақстандағы достарым: "Қашан кетесің?" деп сұрады. "Жоқ, кетпеймін, балалармен бірге осында қаламын" деп жауап қаттым" дейді өзі.
– Мен қалдым, өйткені менде кету жайлы ой ешқашан болмаған. Адамдары үйін тастап кеткен қаланы оңай басып алуға болады. Ал адамдар тұрған жерінде қалып, дұға етсе, оның күші болады сенемін. Көп адам – осында қалғандар да, кеткендер де дұға қылды. Соғыс басталғанда ары қарай не болатынын білмедік. Киевті расында үш күнде жаулап алатындай сезілді. Бұл қорқынышты болды. Киевтің екінші шетінде қызу шайқас жүріп жатты, ол уақытта көптеген ғимарат жарылып, қирап қалған еді.
Украина астанасын басқыншыға бермей, қорғап қалудың сәті түсті. Әскер елдің шығысы мен оңтүстігінде бекініп соғысуға көшті. Соғыс жалғасып жатқалы төрт жылдан асты. Ресей күштері Украинаның инфрақұрылымына мақсатты түрде әуе шабуылдарын жасап, миллиондаған адамды қыстың аязында жарықсыз, жылусыз қалдырды.
Назгүл кездесетін кезекті қиындыққа бірдеңе ғып бейімделуге болғанымен, соғысқа "үйрену" мүмкін емес дейді. Киевте бұл әсіресе жарық қана емес, жылу, су мен байланыс та болмай қалған күндері ерекше байқалады.
– Қазір бізде электр қуаты аса үлкен апатқа кезігіп отыр. Әр түн сайын жылу электр станциялары шабуылға ұшырап, зымырандар түсіп, бүлдірді. Қазір жарық пен жылу зор мәселеге айналып отыр. Жұрт сусыз, жылусыз, жарықсыз қалды. Біз жеке үйде тұрамыз, сондықтан жағдайымыз "тәуірлеу": бізде генератор бар. Бірақ ол да ауық-ауық істен шығып қалады. Мысалы, қазір ол да мелшиіп тұр. Батареялар әзірге жұмыс істеп жатыр. Оның барына да шүкір..
Жарық ұзақ уақытқа өшіп, су тоқтап қалған кезде қала тіршілігі басқа логика бойынша жалғасады. Кейбіреулер сыртқа су алуға шыға алады, ал физикалық шамасы оған келмейтіндер де бар. Сондай кезде көршінің көрсеткен көмегі жай ғана ізгі іс емес, өмір сүруге қажет аса маңызды нәрсеге айналады.
– Іс жүзінде жұртта ештеңе жоқ, олар мұздай суық үйде қамалып отыр. Дәлізінде мұз қатқан. Ауа ылғалды болғандықтан біздегі -15 градус суық Қазақстандағы -25 градус сияқты сезіледі. Қазір біз барып, көмек көрсетіп жүрміз. Мен үйінен шыға алмай, сусыз отырған қарт адамдарға баруға тырысамын.
Ондай күндері көшеде адамдар жылынуға және телефонын қуаттап алуға баратын ашық ас үйлер мен жұрт жиналатын орындар пайда болады. Генераторлар мен адамдардың өзара көмегінен құралған бұл инфрақұрылым әдеттегі жүйе істемей қалған кезде жәрдемге келеді.
Сондай жерлердің бірі – Украинада жаппай жарық сөнген кезде тігілген "Мызғымастық киіз үйлері". Киіз үйлер мен олардың жабдық-жиһаздарын сатып алуға Қазақстаннан келген бизнесмен демеуші болды, ол үйлерді соғыс басталғаннан бері гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысып келе жатқан қазақ диаспорасы өкілдері жылытады. Киіз үйде адамдар жылынып, бастапқы көмек алып, жарық берілген сәтті күте алады.
Назгүл суықты жай ғана ауа райы құбылысы деп емес, тіпті бойың жылынған кезде де күшіңді біртіндеп сорып сарқитын физикалық жағдай ретінде сипаттайды.
– Суықтан құтыла алмайтын күйге түсесің. Миың қатып қалғандай болады. Жылы жерге келсең де бойың жібімейді, өйткені ылғал мен суық сүйегіңнен өтіп, басыңа еніп алған. Мұндай жағдайды Киев тұрғындары ғана емес: аса зор апатқа тап болған Харьков, Запорожье, Днепр мен Одессада да жұрт бастан кешіп жатыр. Бізде жарық жоқ, бомбадан қашып, жасырынамыз. Бірақ енді рухымызды сындыра алмайды. Бұрын да кез келген үкіметті қабылдауға дайын болғандардың ендігі сындыратын ештеңесі жоқ. Ал үйіне басқыншы келгенін қаламағандар әлі де сол – ондайға ешқашан көнбейді.
"СОҒЫС НЕ ЕКЕНІН ЕНДІ БІЛІП АЛДЫҚ"
Соғыс жайлы ой толғаған кезде Назгүл осы болып жатқан оқиғалар Украинадан тыс жерлерде қалай түсіндірілетінін және оның өзі көріп, бастан өткерген жайттардан қаншалықты алшақ екенін айтуды жөн санайды.
Ол үнемі кездестіретін тақырыптардың бірі – "фашистер" мен "ұлтшылдар" жайлы әңгіме. Ол бұл тезисті саяси дәйектермен емес, осы елде тұрып келе жатқан өз тәжірибесімен жоққа шығарады.
– Бұл – Ресей пропагандасының ең үлкен өтірігі. Мен қазақпын және мұнда тұрып жатқаныма көп жыл болды. Осы уақыт ішінде ешкім маған ұлтым, бет-жүзім я тілім жайлы бір ауыз артық сөз айтқан емес. Бәрі орысша сөйлей алатын.
Назгүл өзі бұл соғыс кенеттен 2022 жылы басталды деп санамайтынын баса айтады. Ол Ресей басқыншылығын 2014 жылы Қырымды аннексиялап алуымен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кезде көп нәрсенің беті ашылып, алдағы жылдары қалай өрбитіні айқындала бастаған. Бұған қоса, сол кезде Назгүл Ресеймен кәсіби байланысты доғаруды ұйғарған.
Қазір Назгүл Шүкеева мүлдем өнер көрсетпейді. Бұл ең алдымен оның денсаулығына байланысты. Соңғы рет ол былтыр жазда Лондонға барған.
– Қазір мені де шақырып жатыр, бірақ мен енді сапарлай алмаймын және оған еш уайымдамаймын да: өнер көрсетіп көп жерде болдым, әлемді араладым, 40 елге сапармен бардым. 50 жасқа дейін өте қарқынды, аса әсерлі екі-үш өмір сүрдім десем болады. Қазір дамыл тапқандаймын. Дегенмен, әлі де мұнда шағын концерттер өткіземін. Кейінгісі өзім жылына бір рет өткізетін дәстүрлі рождестволық концерт болды. Ал жазда мен Әулие София соборында Bouquet Kyiv Stage фестивалінде өнер көрсетемін. Одан басқа өткізбейтін шығармын.
Назгүл Шүкеева соғыс болып жатқан елде тұратындар мен сырттан бақылап отырғандар арасындағы алшақтықты, тіпті жақындарымен сөйлескен кезде де сезінеді. "Олар мұны бастан кешкен жоқ қой; олар мұны білмейді", дейді ол.
– Мысалы, Қазақстандағы сіңліме бірнеше күннен бері жарық жоқ екенін, күн болса қатты суық, тамақ пісіруге мүмкіндік жоғын, жылусыз, сусыз отырғанымызды айтқанымда оның сөзімді түсінбей отырғанын көрдім, – деп сөзін жалғастырады Назгүл.
Бұл әсіресе күнделікті соғыс болып жатқан жерден тым алыста жатқан Қазақстаннан Киевке Назүлдің әкесі – діндар адам келген кезде қатты сезілген.
– Бір түні "Искандер" зымырандары да, "шахедтер" де, дрондар да - бәрі қаптап ұшып жатты. Ал біздің үйдің қабырғасынан сылақ түсе бастады, – деп еске алды Назгүл. – Үйімізге түсетін шығар деп те ойладым. Әкем шошып кетті. Содан кейін ол Қазақстанға қоңырау шалды, ал ол жақтағы үйде қонақтар енді жиналып жатқан. Әкем оларға: "Ой, мұнда сылақтар түсіп, көліктер дабылы қосылып, у-шу болып кетті. Өте қорқынышты екен, зәрем ұшты" деді. Қонақтар болса түк түсінбей күлді. Қатты қарқылдап күледі. "Әке, олар неге күліп жатыр?" деп сұрадым. Әкем маған жанашырлықпен қарап: "Балам, олар ештеңе түсінген жоқ. Олар дым сезбей тұр" деп жауап қатты. Сондықтан мен сол туыстарыма: "Біз мұнда соғысып жатырмыз" деп айтқаныммен қыбыр еткен реакция болмайды. Расында, олар не істей алады? Төбемізден бомба жауғанға дейін біз де солай болғанбыз. Соғыстың не екенін енді біліп алдық.