Accessibility links

"Украина отаныма айналды". Орталық Азия тумалары агрессордан қорғанған елге қалай көмектесіп жатыр?

Киевтегі "мызғымастық киіз үйі"
Киевтегі "мызғымастық киіз үйі"

Қазақтың киіз үйі, өзбектің палауы және тәжік диаспорасының гуманитарлық көмегі – Орталық Азиядан шыққан азаматтар Ресей агрессиясына қарсы тұрған Украинаның Киев, Харьков және өзге қалаларында ел-жұртты демеп жүр. Олардың көбіне Украина екінші отанға айналған – сол елде балалары өсіп, ата-анасы жерленген.

"МЕНІ ЖАҚЫНЫНДАЙ ҚАБЫЛ АЛҒАН ЕЛ"

Ет, сәбіз және пияз. Тізімдегі осы азық-түлікті Сәуле Әлиева "Мызғымастық киіз үйіне" алады. Үйде алынған көкөністі турап, киіз үйде палау пісіруге дайындайды. Түскі ас орнына берілетін ыстық тамаққа ондаған Киев тұрғыны кезекке тұрады. Украина астанасындағы көптеген тұрғын үйде жарық сағаттап болмайды. Жылу да тоқтап жатады. Бұл – Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасалған тоқтаусыз шабуылдың салдары. Ресей қыс мезгілінде мұндай шабуылдарды үдетіп отыр. Бұдан қарапайым жұрт жапа шегеді: үйінде тоңып отырған адамдар газ бен жарықсыз тамақ пісіре алмай қиналады.

"Адамдар мұнда келгенде телефонын қуаттап, жылына алады. Өзіміздің дәмді қазақ шайын береміз. [Аптасына] екі-үш рет палау пісіреміз", – дейді Сәуле.

Киевтегі Шевченко паркіндегі "Мызғымастық киіз үйі" соғыстың алғашқы жылы ашылған. Мұндай үйлер тағы бірнеше қалада бар. Киіз үй жабдығын қазақстандық меценат, Kusto Group ауыл шаруашылық холдингінің негізін қалаушылардың бірі Дәулет Нұржанов сатып алған. Құрастырған және киіз үйге жан бітірген – сондағы қазақ диаспорасының өкілдері. Олардың арасында Сәуле де бар.

Сәуле Әлиева (оң жақта) "Мызғымастық киіз үйінде". Буча, 9 қаңтар 2023 жыл.
Сәуле Әлиева (оң жақта) "Мызғымастық киіз үйінде". Буча, 9 қаңтар 2023 жыл.

Сәуленің Украина тұрып жатқанына 35 жыл толған. Ол Ақтөбеде туып-өсіп, Ресейдің Том қаласындағы политехникалық институтты тәмамдаған. Оқудан соң ол өз еліндегі ұшқыштар училищесінде инженер болып жұмыс істеп, 1991 жылы күйеуімен бірге Украинаға көшіп кеткен. Қазір бұл ол оның екінші отанына айналған.

"Отаным – Қазақстан. Украина да отаныма айналды. Бұл – баламның, күйеуімнің отаны. Украина – мені жақынындай қабыл алған ел. Украинадағы 35 жылымда біреудің маған жаман сөз айтқанын естіген емеспін", – дейді Сәуле.

Киіз үйлер Буча, Киев, Николаев, Днепр, Харьков, Одесса, Славянск және Львов қалаларында тігілген. Алғашқы айлары бұл үйлер мыңдаған украинға көмектесті. Адамдар мобильді құрылғыларын қуаттап, жылынып, шай мен бауырсақтан дәм татты. Одан кейінгі жылдары Украинада жарық беру тұрақталған соң, киіз үйлер жиналып, қоймаға қойылған. Тек Киев пен Днепрде ғана қалған. Онда да көбіне қала пейзажының қызықты бір бөлігі ретінде сақталған.

Алайда биыл қыста Ресей Украина энергетика жүйесіне шабуылдады үдетіп, киіз үйлер қайтадан "мызғымастық бекетіне" айналды.

"Біздің киіз үй жылы. Жылытқыш тұр. Тағы мынадай станция бар: қосылып, [телефон] қуаттауға болады. Бізде балалар бұрышы да бар. Балалар келіп, кітап оқи алады. Мұнда балалар сурет салады" дейді Сәуле киіз үй ішін таныстырып.

"УКРАИНА МАҒАН ЕШҚАШАН ЗҰЛЫМДЫҚ ЖАСАМАҒАН"

Украинадағы өзбек диаспорасының басшысы Шахобиддин Юсупов елдегі ең ірі екінші қала – Харьковте тұрады. Бұл қала Ресей шекарасына жақын орналасқан. Соғыстың алғашқы күндері Ресей әскері қала түбіне жетіп, кей жерлерінде ішке өтіп кетіп жатты.

Елдімекен күн сайын атқыланып, мыңдаған ғимарат бүлінді, бірақ Ресей әскері оны басып ала алмады. Қыркүйекте Украина қарулы күште қарымта шабуылды сәтті іске асырып, Харьков облысының оккупацияланған едәуір бөлігін азатты етті. Осылайша қалаға тікелей қауіп жойылды. Бірақ Харьковке соққы жасау аяқталған жоқ.

Юсупов соғыстың алғашқы күндерінен-ақ мұқтаж украиндарға көмектесіп жүрді. Ол соғыс басталады деген қауесет 2022 жылғы ақпанның басында ақ тарағанын айтады. Шахобиддин отбасымен бірге сол жерде қаламыз, ешқайда кетпейміз деп шешім қабылдап, дайындала бастаған. Сөйтіп аса қажет азық-түлік қорын сатып алған.

"Шамамен 15 ақпанғда маған соғыс басталады деген қауесет жетті. Бұл туралы балаларыма айттым. Шағын фермамыз болатын. Ет жинай бастадық. Сондай-ақ, май мен ұн сатып алып, жертөлеге қойдық. Осы азық-түлік бізге қатты көмектесті. Украинада көптеген адам соғыс болады дегенге сенбеді, сол себепті көбі дайын болмады. Бізге адамдар жан-жақтан келді: аурухананы, әскерилерді және егде жастағыларды тамақтандырдық" дейді Шахобиддин Юсупов.

Соғыс қазір позициялық ұрысқа ұласты. Юсупов осы күні аптасына бір рет палау тарататынын айтады. Соғыстың алғашқы күндері ол үлкен қазанға күн сайын палау пісіріп жүрген. Кейін аптасына үш рет болған.

Ресей соққысының салдары. Харьковтегі тұрғын-үй.
Ресей соққысының салдары. Харьковтегі тұрғын-үй.


"Адамдар бейімделіп қалды. Қазір соғыс балалары да бар: қақтығыстың басында туғандар төртке толып қалды. Жұрт соғысқа бой үйретті" – дейді Юсупов.

Шахобиддин Украинаға 1996 жылы досының шақыруымен жұмысқа барған. Жаңа ел мен ондағы мейірімді көршілері ұнап, сол елде қаламын деп шешкен. Кейінірек Харьковке оның жақындары да көшкен.

Юсупов отбасымен бірге шығыс тағамдарын әзірлеп күн көреді.

"Әуелгіде біз фастфуд пісіріп жүрдік. Кейін самсаға өттік. 1997 жылы біз жұртқа туралған еттен қатпарлы самса қалай пісірілетінін көрсетіп жүрдік. Содан соң, кафе, одан әрі ресторан, кейінірек қонақ үй аштық. Мінеки 30 жыл бойы қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жатырмыз", – дейді ол.

Шахобиддин украиндарға қилы кезеңде көмектесуді парызы санайды.

"Мұнда балаларым өсті. Үйленді, тұрмысқа шықты, тойын жасады. Өмір ғой, ата-анамыз да осында жерленді" – дейді ол. – Өзімді Украина алдында қарыздар сезінемін, өмірімнің жартысын осында өткіздім. Украина маған ешқашан зұлымдық жасаған емес".

Юсуповтың айтуынша, соғыс басталғалы Украинада жүрген Орталық Азия мигранттарының қатары сиреген. Көбіне сонда ондаған жыл өмір сүріп, шаңырақ көтергендері қалған.

Украина ұзақ уақыт тұратын қырғызстандық Талай Сарының айтуынша, кейін көбі орала бастаған.

"Соғыс басталғанда [Қырғызстан] елшілігі өз азаматтарын эвакуациялады. Барлығын болмаса да, шамамен 90 пайызын алып кетті. Уақыт өте мұнда жұмыс істеп жүргендер оралды. Қазір [мигранттар саны] соғысқа дейінгі кездегіден әлі де төмен" – дейді Талай Сары.

Украиндарға Тәжікстан тумалары да көмектесіп жатыр. Еуропа жұмыс істейтін тәжікстандық еңбек мигранттары ақша мен киім жинап, Украинадағы диаспораға жөнелтеді.

Киім мұқтаж жандарға таратылады, ал ақша тамақ пісіру шығындарын жабады. Киев мэрі Виталий Кличконың ұсынысы бойынша, бұл тамақ қала энергетиктеріне беріледі, дейді Литвада тұратын тәжікстандық Илхом Ёкубов.

"Украина тәжікстандықтарды қабылдады. Олардың арасында өз еліндегі режимнен теперіш көргендер де бар. Тәжікстан азаматтарына жан-жақты қолдау білдіргендер қатарында Украинаның қарапайым адамдары да бар екенін [ұмытпаймыз]. Халықтың [тәжікстандықтарға] деген пейілі әрдайым достық рәуіште болды, – дейді Илхом Ёкубов. – Өкінішке қарай, бүгін Украина халқының басына ауыр күн туды. Мұндайда тәжіктердің парызы – украин үкіметі мен халқы жасаған жақсылықты жақсылықпен қайтару".

XS
SM
MD
LG