Accessibility links

"Халықта бас иеміз деген ой жоқ". Киевте жүрген қазақстандық журналистердің әңгімесі

Қазақ еріктілері Троещина ауданы тұрғындарына палау таратып жатыр. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.
Қазақ еріктілері Троещина ауданы тұрғындарына палау таратып жатыр. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.

Қазақстандық журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинада сол елге қарсы соғысқа Орталық Азия азаматтарын кім, қалай тартқанын зерттеп жүр. Оған қоса екеуі Украина қалалары кең ауқымды соғыс басталғалы бергі ең қатал қысты қалай өткеріп жатқанына куә болды. Энергетика инфрақұрылымдарына жасалған шабуылдар халықты жарықсыз, жылусыз қалдырды, бірақ жұртта тізе бүгу жайлы ой жоқ, дейді Ахмедияров Азаттық Азияға сұхбатында.

Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров – "Просто журналистика" YouTube-арнасының негізін қалаушылар әрі авторлары. Соғыс басталғалы бері өткен төрт жыл ішінде олар Украинаға бірнеше рет барып, украиндар қалай елі мен жерін қорғап күресіп жатқанын және оларға қазақстандықтар қандай көмек көрсетіп отырғанын баяндап жүр.

Журналистер Рауль Упоров (сол жақта) пен Лұқпан Ахмедияров. Украина, Киев. 2022 жылғы желтоқсанда түсірілген фото
Журналистер Рауль Упоров (сол жақта) пен Лұқпан Ахмедияров. Украина, Киев. 2022 жылғы желтоқсанда түсірілген фото

"ПӘТЕРДІҢ ІШІ ТОҢАЗЫТҚЫШТАН СӘЛ ҒАНА ЖЫЛЫ"

Азаттық Азия: Бұл жолы Украинаға қандай мақсатпен бардыңыз?

Лұқпан Ахмедияров: Украинада біз Қазақстанда жүргенде жоспарлаған бірнеше репортаж түсіріп жатырмыз. Бірінші тақырып – Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінің азаматтары Украинаға қарсы соғысқа қалай тартылатыны және оларды Ресей жағы қалай соғысқа салатыны жөнінде. Біраз бөлігін Қазақстанда түсіргенбіз, енді Украинада жалғастырып жатырмыз. Львовтағы соғыс тұтқындары лагерін де түсірмекпіз – сондағылардан бірнеше сұхбат аламыз деген жоспарымыз бар.

Азаттық Азия: 2025-2026 жылдардағы қыс Украинадағы аса ауыр кезеңдердің бірі болды, өйткені Ресей әскері энергетика инфрақұрылымдарын әдейі нысанаға алып, салдарынан көптеген қалада, әсіресе Киевте халықтың жарықсыз, жылусыз отыратын кезі жиілеп кетті.

Лұқпан Ахмедияров: Иә, жергілікті халық биылғы қыс әдеттен тыс қатты болып тұр дейді. Жұрттың айтуынша, осыншалық ұзаққа созылған аяз бен мұндай қалың қар көптен бері болмаған көрінеді. Оның үстіне ресейліктер бірнеше электр станциясын бомбалап, бүлдірді. Киевтің кейбір ауданында мүлдем жылу жоқ, жарықты бірнеше сағатқа ғана береді.

Киевтің ең қатты зардап шеккен ауданы – Троешина. Құрылыс стандарттарына байланысты ешқашан газ тартылмаған көп қабатты үйлерден тұратын осы ірі қалалық агломерацияда шамамен 300-400 мыңдай адам өмір сүреді. Ондағы барлық нәрсе электр қуатына тәуелді. Ал қазір жарықсыз, жылусыз қалған осы үйлердегі пәтердегі температура тоңазытқыштан сәл ғана жылы. Сондықтан Киев тұрғындарына көшеде орнатылған жылыту орындары зор көмек болып отыр, себебі олар сол жерде ғана ыстық тамақ ала алады. Қазіргідей жағдайда үйде тамақ істеу мүмкін емес.

Көзі көрмейтін қарт адам жылусыз, жарықсыз пәтерінде жатыр. Украина, Киев, 15 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.
Көзі көрмейтін қарт адам жылусыз, жарықсыз пәтерінде жатыр. Украина, Киев, 15 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.

Азаттық Азия: Сіз айтқан жылыту орындары – үкіметтің бастамасы ма, әлде оларды еріктілер жасады ма?

Лұқпан Ахмедияров: Бұл орталықтарды үкімет ашты. Олар мектептерде орналасқан, өйткені балалар қазір онлайн оқиды, сол сияқты жел үрлеп тұрғызылған қысқы шатырлар бар, жұрт оған жылыну я телефонын қуаттандырып алу үшін барады. Балалар сол жерлерде сабақ оқи алады, ал күніне бір уақ ыстық тамақ жеткізіледі.

Мұнымен әдетте еріктілер ұйымдары айналысады, мұндай ондайлар көп. Мен литвалық, француз және израильдік еріктілерді көрдім. Әрине, бәрінен көбі – украин еріктілері. Осы ұйымдар жылыту орталықтарын өзара бөлісіп алып, күн сайын тамақ жеткізіп жатқан сияқты. Олар дөңгелегі бар ас үй сияқты тіркемені көлікпен сүйреп әкеліп, газбен жанатын оттық пен тот баспайтын болаттан жасалған үлкен қазан түсіреді. Әдетте сұйық тағамдар, ыстық сорпа береді. Олар әлгі ыдысқа дайын тағамды құйып, қыздырып ысытады да, жұртқа бере бастайды. Кофе мен шәй бар. Міне, солай таратады.

Ерікті Марат Дәрменов. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.
Ерікті Марат Дәрменов. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.

Біз түсірген қазақ еріктілері де жұртқа ыстық тамақ таратады. Олар мұны күн сайын жасай бермейді, себебі азық-түлік сатып алуға, көлігіне жанармай құюға және аспаздарға немесе азық-түлік тарататын адамдарға жалақы төлеуге ақша әрдайым бола бермейді. Сондықтан олар ақша болған кезде аптасына бір рет әлгіндей қызмет көрсетеді.

Француз еріктілерінен: "Осы жерге күніне бір рет тамақ жеткізуді ұйымдастыру қаншаға түседі? Қанша ақша жұмсалады?" деп сұрадым. Олар: "Иә, бұған айтарлықтай көп ақша қажет болады" деді. "Бір жерге қанша ақша қажет екенін айта алмаймыз, себебі бізде бірнеше орын бар" деп айтты. Егер қателеспесем, олар шамамен жеті жерге тамақ апарып жүр.

"ЖОЛЫ БОЛҒЫШ ҚАЗАҚТАР"

Азаттық Азия: Репортаждарыңызда украиндар аса қатты қысқа мойымай, керісінше ауыртпалықты жұмыла көтеріп, ауызбіршілігін нығайтып жатқаны жайлы бірнеше рет айттыңыз. Мұндай жағдайда адамдар қалай өздері ұйымдасып жатқанын айтып беріңізші?

Лұқпан Ахмедияров: Киев тұрғындарынан қалай өздеріңіз ұйымдасып әрекет етіп жатырсыздар деп мен де сұрадым. Олар жылу мен жарық өшкен кезде тұтас аудандарды немесе шағын аудандарды қамтитын Telegram арналары пайда бола бастағанын айтты.

Бірлесудің алғашқы белгісі – осы чаттардың арқасында адамдар ыстық тамақ қай жерде және қашан болатыны жайлы ақпарат алмасты. Қазақтар палау пісіріп апарған кезде сонда келген жұрттан бұл жайлы кімнен, қалай естігенін сұрадым. Олар: "Өйткені бізде барлық ақпарат жарияланатын чат бар. Содан естіп келдік", деп жауап берді.

Екіншіден, таратылатын тамақпен бірге адамдарға жарық қай кезде өшірілетіндігінен дер кезінде хабардар болу өте маңызды. Бастапқыда жарық жалп етіп өшіп, жұрт онсыз отырған болса, қазір энергетиктердің жанқиярлық еңбегі арқасында жарықты кесте бойынша беру мүмкіндігі жолға қойылды.

Жергілікті халық үшін энергетиктер қазір әуе шабуылдарына, коменданттық сағатқа және ауа райының құбылуына қарамастан күні-түні тынбай жұмыс істейтін нағыз қаһармандар қатарында. Энергетиктер де халыққа ақпаратты жеткізу жүйесін құрып, белгілі бір аумақта, белгілі бір көшеден, белгілі бір үйден бастап, сағат 14:00-ден 16:00-ге дейін электр қуаты берілетінін хабарлайды. Содан кейін 16:00-ден 18:00-ге дейін басқа аудандағы белгілі бір мекенжайларда жарық болатынын жазады.

Қазақ еріктілері Троещина ауданында жұртқа палау таратты. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.
Қазақ еріктілері Троещина ауданында жұртқа палау таратты. Украина, Киев, 16 ақпан, 2026 жыл. Фото авторы – Рауль Упоров.

Азаттық Азия: Киев тұрғындары да жарық өшкенінің "арқасында" көршілерімен көбірек таныс-біліс болып қалғанын, бір-біріне қолдау танытқанын айтты...

Лұқпан Ахмедияров: Иә, азаматтық ынтымақтасудың бұл да бір көрінісі: электр өшкен кезде, адамдар бастапқыда тас қараңғы пәтерде қамалып отырмас үшін аулаға шыға бастады. 600 пәтерлі үйлері бар көптеген ірі қалалардағыдай, адамдар бұрын бір-бірімен көп араласпаған. Ал жарық өшкен соң далаға шыққан көршілер кешке ошақ жағып, кәуап пісіре бастады; кейбірі азық-түлік, енді біреулері музыка құралдарын әкелді. Жұрт қолда барымен бөлісіп, бір-біріне сый-құрмет танытты.

Сондай-ақ, басқа да толып жатқан іс-шара тоқтаған жоқ. Мысалы, спорт үйірмелері. Украиндар үшін баланың күнделікті өмірі жүрісінен жаңылмағаны өте маңызды. Егер бала спорт үйірмесіне, мысалы, футболға барып жүрсе, ойын алаңына бірнеше көлік келіп, шамын жағып, балалардың жаттығу жасауына жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, жалғызілікті қарт адамдарға жағдайын сұрап, азық-түлік, дәрі-дәрмек және т.б. апаратын белсенді адамдар бар.

Азаттық Азия: Украинада осы жүрген кезде дрондар мен зымыран шабуылдарын көрдіңіздер ме? Өздеріңіз куә болған жайттар бар ма?

Лұқпан Ахмедияров: Әуе шабуылына байланысты дабыл ауық-ауық естіліп тұрады. Бірақ, бұл қалай екенін білмеймін: 2022 жылы біз алғаш рет Украинаға барған кезде де, екінші рет 2023 жылы барғанымызда да және қазір де біз тұрған жерде ешқандай шабуыл болған жоқ.

Әуе шабуылынан қорғаныс қаруының тарсыл-гүрсілін бірде бір рет естіген емеспін. Бізді көптен білетін украиндар да мұны байқапты. Олар: "Қазақтар, жолы болғыш адам екенсіңдер. Сендер келсеңдер болды, бір қызығы, шабуылдар азаяды" дейді. Сондықтан, біз оқ астында қалып көрген жоқпыз десем, өтірік емес.

"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫДАН МҮЛДЕ ӨЗГЕШЕ"

Азаттық Азия: Адамдар қалай ауызбірлік таныта алғаны жайлы айтты. Ал жұртты осы қиындықтар қажытып-жүнжітіп, сындырып тастамай ма? Өйткені, Ресей инфрақұрылым мен энергия көздерін нысанаға алған кезде көздеген мақсаттарының бірі сол емес пе?

Лұқпан Ахмедияров: Мен жұрттың бәрі керемет шабытта жүр деп айтпаймын. Әрине, олай емес. Бұл еңсені езетін жағдай, әсіресе отбасында жылыту орындарына бара алмайтын және күтімге мұқтаж қарт адамы немесе қосымша көңіл бөлуді қажет ететін жас сәбиі бар жандарға өте қиын.

Ең әлсіз, ең осал топтар бәрінен қатты зардап шегеді, және бұл көңіл-күйге аса ауыр салмақ түсіреді. Бірақ соған бола қоғамда берілу жайлы ой бар деп айтпас едім. Ондай жоқ екені анық.

Мен украиндардан: "Қажыған жоқсыздар ма? Мысалы, Путинмен бейбітшілік келісіміне қол қояйық, ол басып алған аумақтарды ала берсін, тек әйтеуір соғыс бітсе болды деген ой келмей ме?" деп сұрадым. Мен сұрағандардың бәрі: "Жоқ, не айтып тұрсың! Онда біз бас идік деген сөз ғой. Сонда осы төрт жылда бізден құрбан болған, қаза тапқандардың бәрі бекер ме?" деп жауап берді. Сондықтан оларда бас иеміз деген ой мүлде жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украинада адамдар саясатты белсенді түрде талқылайды. Олар саяси процестерге көңіл бөлетін, саяси сауаты бар халық. Қазіргі уақытта украиндар елдің келесі президенті кім болатынын белсенді түрде талқылап жатыр: Владимир Зеленский қала ма, әлде Валерий Залужный (Украина қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, қазір Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі – ред.) билікке келе ме.

Үшінші кандидат та бар – Петр Порошенко (2014 жылдан 2019 жылға дейін Украина президенті болған – ред.). Жұрт жиналатын кафелер мен қоғамдық орындарда осындай әңгімелерді жиі естимін. Адамдар сыбайлас жемқорлық жанжалдарын белсенді түрде бақылайды. Өйткені, өкінішке қарай, Украина сыбайлас жемқорлықтан арыла алмады. Сыбайлас жемқорлық әлі бар, сыбайлас жемқорлық жанжалдары да қоғамда талқыланады.

Бұл Қазақстандағы жағдайдан мүлде өзгеше. Қазақстанда Facebook-ке кірсем, ондағы адамдардың жартысы "Жаңа Конституция жобасын қолдаймын" деген аватар іліп қойғанын көрем, олар оны саясатқа араласқандықтан емес, басшылары талап еткендіктен немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істегендіктен жазғаны анық. Ал бұл жақта саяси көзқарас алуан түрлі екенін, адамдар әртүрлі саяси қозғалыстарды, әртүрлі көзқарасты ашық білдіріп, қолдай немесе қабылдай алатынын көрген кезде демократия дегеніміз осы шығар деген ой түйесіз.

XS
SM
MD
LG