2022 жылғы 24 ақпаннан кейін Қазақстан Украинадағы соғыс аймақтарынан, атыс-шабыс пен оккупациядан, өміріне төнген қауіп-қатерден қашып, туған елі мен жерін тастап, әлемге босып кеткен украин азаматтары пана іздеген елдердің біріне айналды. Босқындардың көбі бірнеше айға қалып, жағдай тұрақтанғаннан кейін үйге оралармыз деп үміттенген.
Алайда соғыс созылып, уақытша деп келген адамдардың құқықтық мәртебесі мәселе туғызды. Заң бойынша Қазақстанда арнайы рұқсатсыз қалуға белгіленген 90 күн мерзім аяқалғаннан кейін үш жолдың бірін таңдауға тура келеді: соғыс болып жатқан отанға оралу, болмаса үшінші бір ел іздеу я Қазақстаннан пана сұрап өтініш беру. Заң жүзінде Қазақстан халықаралық босқындарды қорғау жүйесіне қатысушы елге жатады, бірақ іс жүзінде ондай өтініші орындалған адам саны шамалы.
Соғыс пана сұраған адамға босқын мәртебесін беруге басты негіз бола алмайды: жеке басына қауіп төнгеніне, қудалауға ұшырағанына айғақ-дәлелдер болуы шарт. Осылайша тағдыры қыл үстінде тұрғанын дәлелдеу мен күрделі бюрократиялық рәсім қыспағында қалған украиндардан босқын мәртебесіне ие болғаны өте аз.
"ҮШ АЙҒА КЕЛІП, ОСЫНДА ҚАЛДЫ". БОСҚЫННЫҢ ӘҢГІМЕСІ
60 жастағы Людмила Коколина босқын болам деп ешқашан ойламаған. 2021 жылғы желтоқсан айында Қазақстанға ауырып жатқан анасын күту үшін үш айға келген. Ол Украинаға 2022 жылғы 17 наурызда оралмақ болып, алдын ала билет те сатып алып қойғанын айтты.
– Ал ақпан айында соғыс басталып кетті де, осында қалуға тура келді. Әлі күнге дейін осындамын, – дейді Людмила.
Коколина Қазақстанның солтүстік өңірінде туып-өскен, оқу орнын бітіргеннен кейін оны Өзбекстанға жұмысқа жіберген, сол жақта жүргенде Украинадан барған болашақ күйеуін жолықтырған. Тұрмысқа шыққан соң 30 жылдан астам уақыт бойы Украинаның Днепропетровск облысында, 2022 жылдан бері Ресей әскері басып алған Запорожье атом электр станциясына жақын маңдағы Марганец қаласында тұрған.
– Мен тұратын қала оқ өтінде қалды, өйткені он бес шақырым жерде Запорожье атом электр станциясы орналасқан. Тіпті тереземізден мұржалары көрініп тұрады, – дейді Людмила. – Марганец те, 30 шақырым жердегі Никополь де және жақын маңдағы өзге елді мекендер де нысанаға ілінеді.
Үйіне оралу мүмкін емес екенін білгеннен кейін Людмила Украинаның Қазақстандағы елшілігіне хабарласыпты. Елшіліктегілер оған Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросына хабарлас деп кеңес берген. Босқын мәртебесін алу едәуір уақыт пен заңгер көмегін қажет еткен.
Людмила өз басындағы жағдай басқа адамдардыкінен өзгеше болуы мүмкін екенін айтады: Қазақстанда туып-өскенім де рөл атқарған сияқты деп топшылайды өзі. "Мұнда туған адамдарға сәл оңайырақ шығар. Бірақ жай келгендерге қиын", – дейді ол.
– Бұл біршама ұзақ процедура болды, бірақ ақыр соңында маған босқын мәртебесін берді ғой. Бюроның адвокаты қатты көмектесті, – дейді Людмила Коколина. – Өзім діндар адаммын және Құдай маған шынайы жанашырлық танытып, қатты жәрдем жасаған кісіні жіберді деп ойлаймын.
Людмила қазір Ақмола облысы Жақсы кентінде әпкелерімен бірге тұрып жатыр. Күйеуі мен ұлы Украинада қалған. Күйеуі елден кетпеймін деп ұйғарыпты, ал ұлы әскери қызметте.
Коколина Қазақстандағы басқа украиндармен байланысын үзбейді, құжаттарды қалай рәсімдеу керегін түсіндіріп, өз тәжірибесін бөліседі. Бірақ өз басындағы оқиға ерекше екенін ескертіп айтып отырады. Пана іздеушілердің көбіне ұзақ және қиын процестен өтуге тура келеді және де діттегеніне бәрінің бірдей қолы жете бермейді.
"ӨЗГЕШЕ БОСҚЫНДАР"
Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Денис Дживага Украина азаматтары "әдеттегіден өзгеше босқын" екенін айтады.
– Негізінен әйелдер мен балалар туыстарына келеді. Олар өз елінің билігінен емес, соғыстан қашып, уақытша паналай тұруға келген, қорғауға мұқтаж жандар, – дейді Дживага.
Құқық қорғаушының сөзінше, олардың көбі Қазақстанда ұзақ қалуды көздемейді: кейбірі Еуропаға кеткісі келеді, ал өзгелері соғыс аяқталған соң үйіне қайтпақшы. Бірақ заң бойынша олар Қазақстанда үш-ақ ай тұра алады.
– Біз пандемия кезіндегідей, украиндардың тіркеу мерзімін ұзарту туралы ұсыныспен көші-қон органдарына жүгіндік. Егер оларға елде ұзағырақ қалуға рұқсат етілсе, көпшілігі босқын мәртебесін сұрап өтініш бермес еді, – дейді Дживага.
Ол Қазақстанда босқын мәртебесінің "берері аз" және көбіне елде тұру мерзімін ұзартудың заңды құралы ретінде қолданылады дейді. Соның өзінде оны сұрағанның бәріне бере бермейді.
Мысалы, Донецк облысынан келген отбасы сондай жағдайға тап болды. 2024 жылғы тамыз айында Ресей оккупациялаған аумақтан кеткен анасы мен ұлы өздері туған жерге – Ақтөбеге келді. Осындағы туыстарын сағалап келген олар босқын мәртебесін сұрап Қазақстан билігіне өтініш берген. Отбасы Ресей күштеп таңған азаматтықты қабылдағысы келмейтінін және отанына орала алмайтынын – Украина азаматтығы бар адамға Донбассқа кіру өте қауіпті екенін мәлімдеген. Әйел құқық қорғаушыларға бұрын өзі жұмыс істеген ұйым шабуылдан қирағанын және ауыр дертке шалдыққан ұлына соғыс жағдайында медициналық көмек көрсетіледі деп сене алмайтынын айтқан.
Жергілікті билік оларға босқын мәртебесін беруге жеткілікті негіз таппадық деген. Бұл шешімге келіспеген Украина азаматтары сотқа жүгінді, бірақ былтыр қараша айында сот олардың арызын қанағаттандырмады.
Қазақстанның еңбек министрлігі көші-қон комитетінің мәліметі бойынша, 2024 жылы 383 өтініш түссе, 11 адам (екі пайызға да жетпейді) босқын мәртебесін алған. 2023 жылы жарияланған ақпаратқа сәйкес, Қазақстаннан пана сұраған адамдардың едәуір бөлігі – Украина азаматтары (233 адам пана іздеуші мәртебесіне және 63 адам босқын мәртебесіне ие). БҰҰ деректері бойынша, 2025 жылғы маусым айына дейін елде ресми босқын мәртебесі бар 336 адам және 237 пана іздеуші болған.
– Іс жүзінде шетелдіктерге босқын мәртебесі құлықсыз беріліп жатыр деген қорытынды жасауға болады, – дейді Денис Дживага. – Өйткені босқындарға қатыстының бәрі ылғи да ұлттық қауіпсіздік мәселесі, саяси мәселе.
Дживага соғысқа қарсы болып Ресейден кеткен адамдардың ісін мысалға келтіреді: осы уақытқа дейін Қазақстан бірде-бір ресейлікке босқын мәртебесін берген емес. Айтпақшы, қазір Ауғанстан азаматтары да осындай жағдайға тап болып отыр.
– "Талибан" Қазақстанда тыйым салынған ұйым болудан қалғаннан кейін, енді ауған азаматтарына босқын мәртебесін беру азаяды дегенді бірден естідік, өйткені қазір Ауғанстанда бәрі жақсы-мыс және біз "Талибанмен" достық қарым-қатынастамыз деген әңгіме айтыла бастады. Бұл, әрине, бейресми мәлімдеме, бірақ бізге осындай ақпарат жетті, – дейді құқық қорғаушы.
Дживаганың айтуынша, соғыстың алғашқы жылдары Украина азаматтарынан өтініштер көп түскен болса, қазір санаулы ғана. 2022-2023 жылдары Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкерлері Ресейге ішкі құжатымен кірген украиндардың шекарада қиындықтарға тап болғанын тіркеді. Заң бойынша, олар шекарадан өту үшін ішкі құжат емес, шетелдік паспорт көрсетуі керек. "Біз адамдардың процедураға қиналмай қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Шекара қызметімен ынтымақтастық пен мониторингті күшейттік" деді Дживага.
БОСҚЫН МӘРТЕБЕСІН АЛУДЫҢ РЕСМИ ТӘРТІБІ МЕН НАҚТЫ ҚИЫНДЫҚТАР
Қазақстанда босқын мәртебесін алу үшін адам тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтінішін, құжаттарын және босқын мәртебесін сұрауға себебі барын растайтын дәлелдерді тапсыруы керек. Шекарадан өтіп, шешім күтіп отырғандарға "пана іздеуші" мәртебесі беріледі, бірақ ол босқын мәртебесімен бірдей емес. Құзырлы мемлекеттік орган істің барлық мән-жайын қарастырғаннан кейін тиісті шешім қабылдайды.
Қазақстан БҰҰ-ның Босқындар мәртебесі туралы конвенциясына (1951 жылғы) қосылған. 2010 жылы елде "Босқындар туралы" заң қабылданған. Босқын мәртебесін беру рәсімі ресми түрде белгіленгенімен, іс жүзіне асатыны сирек кездеседі.
Қазақстанның ресми мемлекеттік қызметтер порталында бұл рәсім егжей-тегжейлі сипатталған: босқын мәртебесі кімдерге беріледі, оны алу үшін не істеу керек және бермеуге себеп болатын жайттар түгелдей тәптіштеп көрсетілген .
Құқық қорғаушылар бұл рәсімнің өзі ұзаққа созылуы мүмкін екенін және берілген өтініштер көбіне орындалмай қалатынын үнемі айтады. Мысал ретінде жақында Қазақстан билігі Украинадағы соғысқа барғысы келмей ел аумағына қашып келген ресейлік әскери қызметкерді паналатудан бас тартқанын айтуға болады. Қостанайда туып-өскен ол жігіт әлгі шешімге келіспей, шағым бермекші болған. Бірақ оны ұстап алған қазақстандық полиция барлық заңды процедураларды айналып өтіп, әлгі адамды Ресейдің әскери өкілдеріне беріп жіберген. Енді Ресейде ол түрмеге қамалуы мүмкін.
Людмила Коколинаның хикаясы босқын мәртебесін алу мүмкін нәрсе екенін көрсетеді. Бірақ жалпы статистика мен құқық қорғаушылардың тәжірибесі Қазақстан ресми түрде халықаралық қорғау сұрауға болатын, алайда іс жүзінде ондайға қолы жеткендер саны аз ел екенін байқатып отыр.