Accessibility links

Қазақстандық бітімгерлердің жаңа құрамы Голан жотасына аттанды

Қазақстандық бітімгерлік контингенті Голан жотасына аттанды. Алматыдағы 61993-әскери бөлімі, 19 мамыр, 2026 жыл. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жариялаған фото.
Қазақстандық бітімгерлік контингенті Голан жотасына аттанды. Алматыдағы 61993-әскери бөлімі, 19 мамыр, 2026 жыл. Қазақстанның қорғаныс министрлігі жариялаған фото.

Қазақстан БҰҰ миссиясы аясында үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін Голан жотасына жіберді. Алматыдағы 61993-әскери бөлімінде өткен рәсімнен кейін 139 әскери қызметші Таяу Шығысқа аттанды, деп хабарлады 19 мамыр күні Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік қазақстандық бітімгерлік миссиясының үшінші контингенті қазір Голан жотасында міндетін атқарып жүрген екінші құрамды алмастыратынын айтып отыр.

"Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы және Африка құрлығындағы 7 миссиясына әскери бақылаушы, штаб офицері және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Атап айтқанда, Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго демократиялық республикасында, Орталық Африка республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар", деп хабарлады Қазақстанның қорғаныс министрлігі.

Ресми ақпаратта қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, шолғынға шығу, тосқауыл бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, оған қоса БҰҰ қызметкерлерін алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайтыны айтылған.

2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды. 2024 жылы Қазақстан парламенті Қазақстанның бітімгер әскерін Таяу Шығыс және Африкаға жіберуді мақұлдаған.

Голан жотасы – Израиль мен Сирия арасында жатқан жер. Ол жер 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауына өткен. Даулы жердің басым көпшілігін Израиль ұстап отыр. Әлемнің көптеген елдері Израильдің Голан жотасын меншіктегенін мойындамайды. 2019 жылы АҚШ мойындаған.

Кейінгі 16 жылда Қазақстанның 600-ден астам жауынгері БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. 2024 жылы Қазақстанның 19 жауынгері БҰҰ-ның Ливан республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конгодағы және Орталық Африка республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүргені хабарланған еді.

Айдар
XS
SM
MD
LG