Accessibility links

БАҚ: 19 жастағы қазақстандықтың анасы "Ресей ұлымды күштеп майданға жіберуі мүмкін" деп көмек сұрады

Қазақстан азаматы Камир Нұрғалиев (оның отбасы архивіндегі фотосы)
Қазақстан азаматы Камир Нұрғалиев (оның отбасы архивіндегі фотосы)

Өскемендік 19 жастағы Камир Нұрғалиевті Ресейде бейтаныс адамдар күш көрсетіп, қоқан-лоқы жасап, әскери келісімшарт делінген әлдебір құжаттарға мәжбүрлеп қол қойғызып алған. Қазір отбасы оның тағдырына алаңдап отыр. Мұны жігіттің Қазақстанда тұратын анасы айтты деп хабарлады "Уральская неделя".

Туыстарының сөзінше, биыл көктемде Қазақстанда колледжді бітіргеннен кейін Ресейге ақша табам деп кеткен Камир тамыз айына дейін Гагарин қаласындағы шұжық өндіретін кәсіпорында жұмыс істеген. Кейін Ульяновск қаласында тұратын досына барған. Анасы ұлым Қазақстанға қайтпақшы болып жүрген дейді.

15 қазанда Камир немере ағасына Telegram мессенджерінен бөтен адамның аккаунтынан хабарласып, басынан өткен жайтты қысқаша баяндаған. Ол Ульяновск қаласында досымен бірге көшеде кетіп бара жатқан кезде микроавтобуспен жолын кес-кестеген бейтаныс адамдар ұрып-соғып, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт деп көрсеткен құжаттарға қол қоймасаң, сенен есірткі табылғаны жөнінде іс қозғаймыз деп қорқытқанын айтқан. Камир телефонын өзге адамдар тартып алғанын, денесі көгеріп қалғанын жеткізіп, мені құтқарыңдар деп Қазақстандағы отбасынан көмек сұраған.

Анасының сөзінше, Камир өзінің нақты қай жерде екенін білмейтінін айтып, "даладамын" деп сипаттаған. Және өзін Ростов жаққа "оқуға" әкетпекші болып жатқанын хабарлаған. Әзірге расталмаған кейбір дерек бойынша, Нұрғалиев қазір Ростов облысы Миллерово қаласындағы 78568-әскери бөлімде болуы мүмкін дейді туыстары.

Камир Нұрғалиевтің анасы ұлының хал-жағдайын, қай жерде екенін анықтауға және оны елге қайтаруға жәрдем сұрап Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне жүгінген. Үй іші Ресейде Камирді ұстап отырғандар оны майдан шебіне алып кете ме деп қауіптенеді. Жігіттің отбасына Қазақстанның Қазандағы (Татарстан астанасы) консулдығы қызметкерлері хабарласып, көмектесуге уәде еткен деп жазды хабарлады "Уральская неделя" басылымы.

Азаттық Азия тілшісінің Камир Нұрғалиевтің мәселесі жайлы Қазақстан СІМ өкілі Жанболат Үсеновтен сұраған еді. Шенеунік редакциядан сауалды жазбаша жолдаңыздар деп кеңес берумен шектелді.

"Қазір бұл мәселе бойынша жария ақпарат бере алмаймын", – деді Үсенов.

Редакция Қазақстан СІМ мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жазбаша сауал жолдады. Елшілік қызметкерлерімен байланысып, сөйлесуге талпыныс нәтижесіз аяқталды.

Ресейге жұмысқа барып, майдан даласынан бір-ақ шыққан қазақстандықтар туралы Азаттық бұған дейін бірнеше рет жазған. Жақында Қазақстан СІМ соғысқа алынған қазақстандықтарды қайтару бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Министрлік өкілдері жедел желіге өтініштер түсіп жатқанын айтқан.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG