ОСК: 107 учаскеде дауыс беру таңғы 6-да басталған
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, аумақтық сайлау комиссиялары 107 учаскеде сайлауды таңертеңгі сағат 6-да бастауды жөн көрген.
Әдетте жабық сайлау учаскелері, соның ішінде әскери бөлім қызметкерлері мен сарбаздар дауыс беретін учаскелер ертерек ашылады. Сондай-ақ, дауыс беру шетелдегі 16 мемлекетте 19 учаскеде басталған.
Құрылтай сайлауына барлығы 12 605 788 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде 17 132 адам өзге учаскеде дауыс беруге құқық беретін куәлік алған.
Бүгін жиынтығы 10 423 сайлау учаскесі, оның ішінде 79 учаске Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктерінде ашылып, қазақстандықтар дауыс беріп жатыр.
Астанадағы №50 сайлау учаскесі Оқушылар сарайында орналасқан
Елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскелерінің басым бөлігі таңертеңгі сағат 7-де ашылды. Бірақ кей жерлерде сайлау учаскелерінде дауыс беру таңертеңгі сағат 6-да басталды. Бұған қоса, уақыт белдеуіне байланысты, кейбір шет елдегі Қазақстан өкілдіктерінде сайлау учаскелері ертерек ашылды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Токио мен Сеулдегі сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру басталғанын хабарлады.
145 депутаттан құралатын Құрылтайдың сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ", ЖСДП, "Республика", "Қазақстан халық партиясы" қатысады. Ал сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.
23 тамыз күні таңертең Қазақстанда, биыл көктемде қабылданған жаңа Конституция бойынша елдегі мемлекеттік биліктің жоғарғы заң шығарушы органы - Құрылтайға депутаттар сайлау үшін дауыс беру басталды. Құрылтайдың 145 депутаты партиялық тізім бойынша сайланады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында осымен оныншы рет парламент сайлауы өтіп жатыр. Жексенбі күні таңертең ел аумағында он мыңнан астам, тағы 79 сайлау учаскесі Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктерінде ашылды. Таңертеңгі сағат 7-де басталған дауыс беру сағат 20-ға дейін жалғасады.