Accessibility links

Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.
Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.

Алғашқы Құрылтай сайлауы: президент саясатын қолдайтын партиялар өзара жарысқан науқан

17:30 23.8.2026

Толтырылған бюллетень суретін желіде жариялаған алматылыққа айыппұл салынды

Сайлау күні толтырылған бюллетень суретін желіде жариялаған Алматы тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды. Мұны 23 тамызда бас прокуратура өкілі Ерлан Жанпейісов хабарлады.

Оның сөзінше, суретте әйел адамның кімге дауыс бергені көрінеді. Сайлаушы "тыйым салынған уақытта сайлауалды үгіт жүргізгені үшін" (Әкімшілік кодекстің 102-бабы) жауапқа тартылған. Ол бапта жеке тұлғаға 15 АЕК немесе 55 380 теңге (шамамен 121 доллар) айыппұл салу қарастырылған. Жауапкер кінәсін мойындап, жазбасын өшірген.

2026 жылы маусымда қабылданған жаңа түзетулерге сәйкес, толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге болмайды. Бұл осы тыйым күшіне енгелі бері өтіп отырған алғашқы сайлау.

18:19 23.8.2026

ОСК дерегінше, дауыс беруге қатысқан сайлаушы саны 72 пайыздан асқан

Орталық сайлау комиссиясының сағат 18-де жария еткен мәліметіне сай, Құрылтай сайлауына дауыс берген қазақстандықтар саны 9 млн 95 мың 298 болған, яғни тізімдегі сайлаушылардың 72,15 пайызы дауыс беру бюллетенін алған.

Қазақстанда сайлаушылар тізімінде 12,6 миллион азамат тіркелген.

Аймақтар арасында дауыс берген сайлаушы саны бойынша Түркістан (90,17%), Жетісу (89,69%), Қызылорда (88,09%) Шығыс Қазақстан (85,43%), Ақтөбе (84,95%) және Жамбыл (83,99%) облыстары алда келеді.

Ақмола мен Абай облыстарындағы көрсеткіш 80 пайызға жетпей тұр.

Астана (49,87%) мен Алматы (41,06%) қалалары тізім соңында.

18:47 23.8.2026

"Жария" ұйымы бақылаған учаскелерде сайлаушылардың 22 пайызы дауыс берген

Батыс Қазақстан облысындағы 20 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылаған "Жария" қоғамдық ұйымы халықтың сайлауға қатысу белсенділігі 22 пайыз болғанын хабарлады. Бұл жөнінде ұйымның дерегіне сүйеніп журналист Тамара Есләмова жазды.

"Сағат 17-ге қарай Батыс Қазақстан облысындағы 20 учаскеде сайлаушылардың келу белсенділігі 22 пайыз болды. Мұнда Құрылтай сайлауын "Жария" қоғамдық ұйымы бақылап отыр. Бұл учаскелерге барлығы 37 672 сайлаушы тіркелген. Бұл жөнінде сайлау учаскелеріндегі байқаушылардың деректеріне сүйенген ұйым өкілдері хабарлады.

"Жария" бүгін Батыс Қазақстан облысындағы 20 учаскедегі дауыс беруді бақылап отыр. Жетеуі облыс аудандарында орналасқан: екеуі – Сырым, екеуі – Бәйтерек, үшеуі – Бөрілі аудандарында. Қалғаны Орал қаласында. Бұл жолғы сайлауға "Жария" қоғамдық ұйымынан алдыңғы сайлаулармен салыстырғанда азырақ байқаушы қатысып жатыр. Алдыңғы республикалық сайлауларда ұйым кемінде 50 сайлау учаскесін қамтыған" деп жазды журналист.

Ұйым өкілдерінің түсіндіруінше, мұның бірнеше себебі бар. Бір бөлігі бірқатар белгілі қоғамдық ұйымдар мен белсенділер қауіпсіздік мәселесіне байланысты сайлауды бақылаудан бас тартқаннан кейін сайлауды бақылауға қатыспаған.

Жексенбі күні Орталық сайлау комиссиясы сағат 18-де жария еткен мәліметте Батыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 71,15 пайызы дауыс бергені айтылған.

ОСК сайлаушылар тізіміндегі 12,6 миллионнан астам қазақстандықтың 72,15 пайызы дауыс беріп тастады дейді.

20:53 23.8.2026

ОСК: Сайлаушылардың 74,19 пайызы дауыс берді

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау аяқталды. Кешкі сағат 8-де ел аумағындағы 10 344 сайлау учаскесі жабылып, дауыстарды санау басталды.

Еуропа мен Америкада орналасқан сайлау учаскелері әлі жұмыс істеп тұр.

Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша, 12 605 788 сайлаушының 9 352 151-і қатысқан. Бұл – сайлаушылар тізіміндегі азаматтардың 74,19 пайызы.

Ресми көрсеткіш бойынша, кей аймақтарда белсенділік өте жоғары болып, көрсеткіш 90 пайыздан асқан. Түркістан (92%), Жетісу (91%) және Қызылорда (90%) облыстары ең жоғары нәтиже көрсетті.

Шығыс Қазақстан (87,5 пайыз), Ақтөбе (88, пайыз), Жамбыл (85,1 пайыз) облыстары да алда тұр.

Ең төмен көрсеткіш Астана (51%) мен Алматыда (43%) тіркелді.

Заң бойынша, дауыстарды санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.

Дауыс берудің алдын ала қорытындылары 24 тамыз күні шығарылады.

Тағы

XS
SM
MD
LG