Accessibility links

Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Америкада заңсыз жүрген қазақстандықтарды елге оралуға шақырды


Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мәлімдеме жасап, АҚШ-тан депортациялау туралы шешім шыққан қазақстандықтарды тезірек елге оралуға шақырды. Мәселе АҚШ-тың көші-қон заңын бұзып, сол елде әлі жүрген қазақстандықтар жөнінде болып отыр.

Елшіліктің айтуынша, Америка билігі мұны CBP Home қосымшасы арқылы ерікті түрде жүзеге асыруды ұсынып отыр. Хабарламада оның сілтемесі де берілген. Елшіліктің айтуынша, бұл жолды таңдағандарға мынадай мүмкіндіктер берілмек:
- рейсті таңдау құқығы

- тапқан ақшаны сақтап қалу;

- ұстау мен депортациядан аулақ болу;

- болашақта АҚШ-қа оралу мүмкіндігіне ие болу;

- билет таппағандарға қосымша көмек беру.

Елшіліктің сөзінше, бұдан бас тартқан азаматтарға бірден депортация қаупі төнеді және сот шешімін орындамағандарға ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін.

"Егер азамат депортация шешімі бола тұрып, еліне қайтпаған болса оған тәулігіне 998 АҚШ доллар көлемінде айыппұл салынады. Бұл ретте айыппұл салу ретроспективті түрде, яғни бес жыл бұрын елден кету туралы сот шешімі шыққан азаматтардан өндіріледі (бұл жағдайда айыппұл шамамен 1 миллион долларға дейін баруы мүмкін). Айыппұлды төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда заңсыз жүрген шетелдіктерге тиесілі жылжымайтын және басқа да мүліктерін мемлекет меншігіне алу тәсілі қарастырылады. Сонымен қатар, CBP Home арқылы қайтатынын білдіріп, еліне оралмаған азаматқа 1000-5000 доллар көлемінде қосымша айыппұл салынады" делінген елшілік хабарламасында.

  • Заңсыз миграциямен күрес – президент Дональд Трамптың сайлауалды берген уәделерінің бірі. Президент қызметіне келген күні ол Мексикамен шекарада төтенше жағдай жариялаған. Жүздеген заңсыз мигрант елден депортацияланды.
  • Бұған дейін АҚШ-та заңсыз жүрген мыңдаған мигрант депортацияланатыны, оның арасында Қазақстанның жүздеген азаматы бары хабарланған еді. Ақпанда олардың кейбірі Коста-Рикаға жіберілген еді.
XS
SM
MD
LG