Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Ысмағұлов қайтыс болды

Антрополог ғалым, академик Оразақ Ысмағұлов
Антрополог ғалым, академик Оразақ Ысмағұлов

Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым Оразақ Ысмағұлов 96 жасында дүние салды. Бұл туралы сейсенбі күні жергілікті басылымдар хабарлады.

1930 жылы Қостанай облысындағы Ұялысай ауылында дүниеге келген Оразақ Ысмағұлов 1950 жылы Меңдіқара педагогика училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1958 жылы ол академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеудегі Совет одағы Ғылым академиясының Этнология және антропология институтының аспирантурасына түсіп, білім алған.

1965 жылы "Қазақтың кескін-келбетінің қалыптасуы көне және қазіргі бас сүйектері бойынша" деген тақырыпта антропология мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1984 жылы ғылым докторы атанған ғалым бес жылдан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды, көп жыл институтта еңбек етті. Жүздеген ғылыми жұмыстың авторы атанды.

Өзінің көпжылдық еңбегінде ғалым төрт мың жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпалар мен қазіргі заманғы қазақтардың сүйектерін салыстырып, олардың антропологиялық сәйкестігін анықтаған. Оның қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезіне қатысты академиялық жұмыстары ұлттық ғылымның құнды бөлігіне жатқызылған.

Оразақ Ысмағұлов советтік Қазақстаннан шыққан диссидент, кейін Батысқа кетіп, ұзақ уақыт Азаттық радиосында қызмет атқарған Махмет Құлмағамбет туралы "Қазақтың айбарлы диссиденті" деген кітап та шығарған.

​
XS
SM
MD
LG