Accessibility links

Советті сынау, түрме, Азаттық. Махмет Құлмағамбеттің соңғы сұхбаты


Азаттық радиосында қызмет істеген диссидент қазақ Махмет Құлмағамбет (сол жақта) пен СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачев. Азаттықтың бұрынғы тілшісі Саясат Бейісбайдың жеке архивіндегі фото
Азаттық радиосында қызмет істеген диссидент қазақ Махмет Құлмағамбет (сол жақта) пен СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачев. Азаттықтың бұрынғы тілшісі Саясат Бейісбайдың жеке архивіндегі фото

Азаттық радиосында қызмет атқарған, советтік Қазақстаннан шыққан дара диссидент Махмет Құлмағамбеттен сұхбат алған бұрынғы әріптесі Әбдіуақап Қара оның қиянатқа қарсы адам болғанын айтады. Ол диссидент өмірінің ақырғы кезеңі және соңғы сұхбаты жайлы әңгімелейді.

Советті әшкерелеген диссидент қазақ. Махмет Құлмағамбеттің соңғы сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:20 0:00

Советтік оқу орнында Совет одағын сынаған диссидент. Өз мамандығынан бас тартқан оқытушы. Түрмедегі күндер. Сүргін. Эмиграция. Азаттық радиосына қадам.

МЕҢДІҚАРАДАН – МЮНХЕНГЕ ДЕЙІН

Азаттық аудиториясы үшін Махмет Құлмағамбет жат есім болмаса керек. Алдыңғы эпизодта да дүркін-дүркін аты аталған. Елде жүргенде жоғары оқу орындарында философиядан дәріс беріп, марксизм мен ленинизмді сынаған, совет режиміндегі теңсіздік мәселесін қозғаған, ақыры 7 жылға сотталып, 3 жылға жер аударылған бірден бір диссидент осы Махмет Құлмағамбет.

Сүргіннен оралған соң шетелге эмиграцияға кетіп, Азаттық радиосында қызмет атқарған, қайшылықты, өткір тұлға.

Махмет Құлмағамбет 1930 жылғы 20 шілдеде Қостанай өңірінде, Меңдіқара ауданының Еңбек колхозында туып, 2008 жылғы 8 қарашада Германияда, өзі көп жыл бойы тұрған Мюнхен қаласында қайтыс болды.

Биыл Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері диссидент Махмет Құлмағамбеттің дүние салғанына 15 жыл толды.

Өткен ғасырдың 60-жылдары совет өкіметі қудалап, түрмеге қамап, жер аударған, ақыры туған елінен біржола шетелге кетуге мәжбүр болған диссидент қазақ туралы бұған дейін әртүрлі деңгейде жазылды, айтылды, ол туралы кітаптар да жарыққа шықты.

Солардың ішінде диссиденттің соңғы сұхбаты назар аудартады. Бұл сұхбат бұған дейін "Жұлдыз" журналының 2011 жылғы үшінші санында жарық көрген. Кейіннен 2020 жылы Махмет Құлмағамбет туралы туысы, белгілі антрополог Оразақ Смағұловтың "Қазақтың айбарлы диссиденті" кітабында да жарияланған.

Сол сұхбаттың екі жарым сағаттан асатын аудионұсқасы Азаттықтың бұрынғы қызметкері Әбдіуақап Қараның қолында сақталыпты. Автордың рұқсатымен сол таспа осы аудиоподкаста жарияланып отыр.

"МАХМЕТ АҒАЙМЕН БІРГЕ ОТЫРУДАН ҚОРЫҚТЫМ"

Махмет Құлмағамбеттен соңғы сұхбат алған Азаттықтың бұрынғы тілшісі Әбдіуақап Қара бүгінде тарихшы, Түркиядағы Мимар Синан университетінің оқытушысы, профессор, доктор, шоқайтанушы ғалым. Махмет Құлмағамбет пен Әбдіуақап Қара Азаттық радиосында 1995 жылға дейін бірге жұмыс істеген.

Әбдіуақап Қара Махмет Құлмағамбетке (оң жақта) Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның суреті салынған кәдесый табыс етіп тұр. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото
Әбдіуақап Қара Махмет Құлмағамбетке (оң жақта) Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның суреті салынған кәдесый табыс етіп тұр. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото

– Мен өзімді бақытты адаммын деп, көп дүниені тарихқа жазып қалдырдым деп есептеймін. Соның бірі – Махмет Құлмағамбет туралы деректер. Жеті жылдай Азаттық радиосында қызмет атқардым, соның алты жылында Махмет ағамен бір бөлмеде отырдық. Қарама-қарсы отыратынбыз. Ол кісі мінезді, тентектеу кісі болды. Сол кездегі басшымыз Хасен Оралтай ағамыз маған Махмет ағаймен бірге отыруды ұсынғанда, басында қорықтым. Қашқақтадым да. Содан алты жыл бір бөлмеде отырғанда бір-бірімізге әй-шай демей, аға-бауырдай болып кеттік. Сөйтсем, ол әділетті жақсы көретін өте шыншыл адам екен. Ол кісі қиянатты көрсе төзбейді екен, кешірмейді де. Ол кісіні ағамдай көріп, көп нәрсе үйрендім. Орысшасы да, қазақшасы да қатар ағып тұрған керемет еді, – дейді Әбдіуақап Қара Азаттыққа.

Әбдіуақап Қара сол кезде есте қалған мына бір деректі айтты.

– Бір күні ол мақаласын жазып, менің алдыма қойды да, "бауырым, мына мақаланы қарап шық. Тіл жағынан, мағына жағынан және қойылған мәселе жағынан қателіктер болса, қызыл қаламмен астын сыз" деді. Мен оған "Махмет-аға, сіз әзілдеп отырсыз ба? Мен Түркиядан келген, қазақша мектеп көрмеген шала қазақпын. Қазақстаннан келген сізді тексеретін мен кіммін?" дедім. "Жоқ, өйтіп айтпа. Екінші көз әрқашан жақсы" деді. Бұл Махмет Құлмағамбеттің кішіпейілдігін көрсететін еді, – дейді Әбдіуақап Қара.

Ол Махмет Құлмағамбет екеуі Азаттық радиосынан қызметтен кеткеннен кейін де араласып тұрғанын айтады. 1995 жылы Азаттық радиосының бас кеңсесі Мюнхеннен Прагаға көшкенде Махмет Құлмағамбет Германияда қалады да, Әбдіуақап Қара Түркияға кетеді.

– 1995 жылы мен ғылыми жұмыспен шұғылдану үшін Ыстамбұлға кеттім. Алайда Мұстафа Шоқайдың мұраларын зерттеу барысында ара-тұра Франция мен Германияға барып тұратынмын. Мюнхенге жол түскенде Махмет ағаға соқпай кетпейтінмін, – дейді ол.

СҰХБАТ ТУРАЛЫ СҰХБАТ

Диссиденттен сұхбат алуға Әбдіуақап Қара Азаттықтың тағы бір бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтаймен бірге барады. Ал сұхбат әңгімелесу сарынында еркін форматта өрбиді.

Махмет Құлмағамбет (оң жақта) пен Әлихан Жаналтай. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото
Махмет Құлмағамбет (оң жақта) пен Әлихан Жаналтай. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото

2004 жылы, Махмет Құлмағамбет қайтыс болардан 4 жыл бұрын алынған сұхбат туралы Әбдіуақап Қара Азаттыққа айтып берді.

– Сол жылы бірде жол түскенде Әлихан аға екеуміз Махмет ағаның үйіне бардық. Мен Махмет ағаның басынан кешкендерін айтқызып, сұхбаттасып, соны мақала етіп жазуды ойлап жүргем. Қалтамда саусақтың басындай сандық диктофоным қатар жүретін. Керекті деректерді ұмытпау үшін кейде соған дыбыспен жаза салатынмын. Соны үстелдің үстіне қойдым да "Махмет-аға, – дедім, – сіз өмірбаяныңызды айтыңыз, мен жазып алайын" дедім. Ол "Екеуміз бес-алты жыл бірге отырғанда оны саған ара-тұра айтқан да шығармын. Менің өмірбаянымды қайтесің?" деді. "Мақа, – дедім, – Мен тарихшымын. Адам баласы мың жасамайды. Күндердің бір күні ажал жетіп келеді. Сіз Кеңес одағынан шыққан дара диссидентсіз, өте маңызды адамсыз. Сіз ертең дүниеден өткенде көп ғалымдар, тарихшылар іздейтін болады. Көзіңіз тірі тұрғанда айтқандарыңызды қағазға түсіремін, кейін дүниеден өткенде мақала етіп жазамын" деп қалжыңдадым. Өзі де қарқылдап күліп: "Әй, бауырым, дұрыс айтасың. Ал, аш диктофоныңды" деді, – деп еске алды Әбдіуақап Қара.

Осыдан 20 жылдай бұрын алынған сұхбатта әңгіменің осы тұсы да жазылған екен. Арада төрт жыл өткенде, 2008 жылғы 8 қарашада Махмет Құлмағамбет дүниеден өткен.

Махмет Құлмағамбет (оң жақта) пен әйелі Наташа Зубер. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото
Махмет Құлмағамбет (оң жақта) пен әйелі Наташа Зубер. Германия, Мюнхен, 2004 жылдың мамыр айы. Әбдіуақап Қараның архивіндегі фото

Диссидент қазақ Совет одағынан 1979 жылы эмиграцияға кетіп, Еуропаға барғанда Батыс баспасөзі ол туралы біршама жазды. Доктор Әбдіуақап Қара Махмет Құлмағамбет қайтыс болғаннан кейін марқұмның жұбайы Наташа Зубер диссиденттің кейбір құжаттарын өзіне бергенін айтады. Наташа Зубер – Махмет Құлмағамбет 1980 жылы Азаттық радиосына жұмысқа тұрғанда үйленген зайыбы. Ол да Азаттық радиосы жүйесінде жұмыс істеген.

СТАЛИННІҢ ӨЛІМІ

Әбдіуақап Қара алған сұхбатта Махмет Құлмағамбет денсаулығы сыр бере бастағанын айтады. Сөз арасында "о дүниеге әзірленіп" жүргенін жасырмайды.

Сұхбатында ол балалық шағы Ашаршылық кезімен тұспа тұс келгенін айтып береді. Әкесі Ғибатолла 1932 жылы Қостанайдан Алматыға көшіпті.

Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетінің студенттері. Солдан оңға қарай екінші тұрған – Махмет Құлмағамбет, бесінші – Ағын Қасымжанов, ортада – Жабайхан Әбділдин. Алматы, 1950 жыл
Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетінің студенттері. Солдан оңға қарай екінші тұрған – Махмет Құлмағамбет, бесінші – Ағын Қасымжанов, ортада – Жабайхан Әбділдин. Алматы, 1950 жыл

Махмет Құлмағамбет Алматыда әртүрлі жағдайда мектепте оқып бітірген соң, сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетіне оқуға түскен. Бүгінде Қазақстан қоғамында белгілі тұлғалар, жазушы Әнуар Әлімжанов, ғалымдар Жабайхан Әбділдин, Ағын Қасымжанов және Герасим Югаймен бірге оқыған. Олар университетті бітірерден бір жыл бұрын, Совет одағын 30 жылдан аса басқарған диктатор Иосиф Сталин қайтыс болады.

"1953 жылы Сталин өлгенде біздің университетте қаралы митингі болды. Мені таңғалдырғаны – Әнуар Әлімжанов Сталиннің өлгеніне "қатты" қайғырды. Сонда Әлімжанов екі көзінен жас ағып тұрып, даусы дірілдеместен сөйледі. Бір сөзден жаңылмайды, соғып тұр. Апырмай деймін, қандай шеберлік?! Мен өзім жылаған жоқпын. Бірақ аядым өлгенін", – дейді Әбдіуақап Қараға берген сұхбатында Махмет Құлмағамбет.

ТӨРТ ЖЫЛДАН СОҢ "МАМАНДЫҚТАН БАС ТАРТУ"

Махмет Құлмағамбет университет бітірген соң, бір жыл сонда сабақ беріп, кейін Түркіменстанға көшеді. Онда Махмет қазіргі Түркіменабад, сол кездегі Чарджоу қаласында жоғары оқу орнында философия пәнінен сабақ береді. Сол кездегі айтулы жиындардың бірінде Түркімен ССР-і компартиясының бірінші хатшысы Сухан Бабаевпен көп алдында тілге келіп қалады.

Советтік Түркіменстандағы Чарджоу мемлекеттің институтының Махмет Құлмағамбетке берген мінездемесі. 11 мамыр, 1957 жыл. Құжат көшірмесі Ресейдегі "Мемориал" орталығы Иофе қорынан алынды
Советтік Түркіменстандағы Чарджоу мемлекеттің институтының Махмет Құлмағамбетке берген мінездемесі. 11 мамыр, 1957 жыл. Құжат көшірмесі Ресейдегі "Мемориал" орталығы Иофе қорынан алынды

Арада екі жыл өтеді. Бұл аралықта Махмет Құлмағамбеттің Орталық комитеттің арзан асханасы, Орталық комитеттің арнайы арзан дүкені туралы айтқан сыни пікірі де жоғарыға жетіп үлгерсе керек, жұмыстан кетуге мәжбүр болады.

Бұдан кейін ол Қырғызстан астанасына, сол кездегі Фрунзе қаласы, бүгінгі Бішкек қаласындағы политехника институтында сабақ береді. Онда да Махмет Құлмағамбеттің студенттер арасында партияға жақпайтын пікір айтатыны, тіпті студенттердің оны жақтайтыны байқала бастаған соң, ол өз еркімен жұмыстан шығып үлгереді.

Бұл тұста Махмет Құлмағамбет жұмыс беруші шара қолданбай тұрып өз еркімен қызметтен кетіп, еңбек кітапшасын қауіпті таңбадан құтқарып қалған сияқты. Егер сол таңба түскенде, оны бұдан әрі ешкім жұмысқа қабылдамай қоюы мүмкін бе еді, кім білсін?

Махмет Құлмағамбет Қырғызстаннан кетерде өз-өзіне енді қайтіп жоғары оқу орнына жоламауға сөз бергендей болады.

Қырғызстаннан кейін Алматыға келіп, Ғылым академиясының Философия институтында аз уақыт жұмыс істейді де, ақыр соңында өз мамандығынан бас тартады. Бұл туралы өз қолымен жазған автобиографиясында "1958 жылы өз мамандығымнан бас тарттым" деп көрсеткен.

Азаттық радиосында қызмет атқарған Саясат Бейісбай да Махмет Құлмағамбет совет билігінің қалыбына сыймаған өзіндік ерекше ой-көзқарасымен басқаларға жақпай қалғанын айтқан.

"Түркіменстан мен Қырғызстанда марксизм-ленинизм философиясынан, яғни диалектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ берген. Жас маманның өмір шындығын басқалардан өзгеше пайымдауы институттың кейбір оқытушыларына ұнамайды. Махметтің бұл еркін ойлылығы көп ұзамай өзі дәріс оқыған жоғары оқу орнының бастауыш партия ұйымына, одан кейін арнайы органға да жетеді", – деп жазады Саясат Бейісбай.

ЖҰМЫСШЫНЫҢ СОТЫ МА, ҰСТАЗДЫҢ СОТЫ МА?

Махмет Құлмағамбет бұдан кейін Мәскеу, Ленинградқа бет түзейді. Мәскеуде ол туысы, кейін Қазақстандағы алғашқы антрополог атымен әйгілі болған Оразақ Смағұловпен бірге тұрады. Бұл 1959-1962 жылдардың арасы болатын.

Тарих ғылымдарының докторы Оразақ Смағұлов. Астана, 17 қараша, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Тарих ғылымдарының докторы Оразақ Смағұлов. Астана, 17 қараша, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Әбдіуақап Қараға берген сұхбатында айтқанына қарағанда, Махмет Құлмағамбет іштей екіге жарылған сияқты. Яғни советтік жүйе мен идеологияны қабылдау керек пе, жоқ па? Қабылдамаса, ол қателік пе? Осындай мазасыз сұрақтардың жетегімен ол белгілі жазушылар Даниил Гранинмен және Борис Пастернакпен де кездесіп, пікір алмасқан.

Бұдан кейін Махмет Құлмағамбет Кострома аймағында болып, маусымдық жұмыспен айналысқанын айтады. Кейін Қостанайға оралады. Рудный кенішінде монтер болып жұмыс істейді.

Диссидент Махмет Құлмағамбет университеттен қол үзіп, қара жұмыста жүрсе де режим оны тыныштыққа қоймаған. 1958 жылы жоғары оқу орнынан кеткен оны билік 1962 жылы ұстап, 1963 жылдың сәуірінде соттап жібереді.

Махмет Құлмағамбет сол кездегі Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 56-бабының бірінші бөлімі бойынша "советке қарсы үгіт-насихат жүргізіп, мемлекетке қарсы қылмысқа шақырды" деген айыппен 7 жыл қатаң режимдегі түрмеге және оған қосымша үш жыл жер аударуға кесіледі. Сот үкімінде оның 1954-58 жылдары институтта сабақ берген кезінде "маркстік-лениндік ілімге қарсы ревизиялық ұстанымда болғаны, советке қарсы үгіт-насихат және пропагандамен айналысқаны" айтылады.

"АҚЫЛДАН АДАСПАУДЫҢ ЖОЛЫ"

Махмет Құлмағамбет жазасын Ресейдегі Мордовия лагерьлері мен Владимир түрмесінде өтеген. Саяси тұтқын көп қиындық көреді. Денсаулығынан айрылады. "Түрме тәртібін сақтамады" деген айыппен тағы да сотталдым дейді.

Түрмеден кейін сүргін, жер аудару жазасын Махмет Құлмағамбет Коми АССР-інде өтейді. Жаза мерзімін өтеп шыққаннан кейін, 1973 жылдан бастап ол совет кезінде дәріптеліп, даңғаза ұранмен салынған Байкал-Амур магистралінде (БАМ), Коми АССР-інде газ құбырының құрылысшысы болады.

Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы жазған "Қазақтың айбарлы диссиденті" кітабы. Алматы, AmalBooks баспасы, 2020 жыл
Оразақ Смағұловтың Махмет Құлмағамбет туралы жазған "Қазақтың айбарлы диссиденті" кітабы. Алматы, AmalBooks баспасы, 2020 жыл

1977-79 жылдары Украинада жұмысшы болып жүрген кезінде эмиграцияға кетеді. Бірақ Махметке сыртқа шығудың жолы оңайға түспеген. Әбдіуақап Қараға берген сұхбатында ол әуелде Түркіменстан-Иран шекарасын кесіп өтпек болғанын, бірақ шекарадан өткізем деген адамға сенбегенін айтады. Кейін Украинада Қырымда болған кезде Қара теңіз арқылы кетудің жолын қарастырады. Сондайда ол күнде теңіз жағалауындағы биікке шығып, айналаға дүрбі салып қалай қашып кетуге боларын ойластырады.

"Мен түрмеде отырғанда ақылымнан адаспас үшін бір ермек таптым. Қағаз алып, бір адамға арналған сүңгуір қайықтың жобасын жасайтынмын. Түрмеден босап шыққан соң, сонымен шетелге қашам деп ойладым", – дейді ол сұхбатында.

Алайда дүрбімен бақылап жүріп, теңіз арқылы қашып шығу мүмкін емес деген қорытындыға келеді де, бұл ойынан бас тартады.

Ақыры біреумен жалған некеге тұрып, шетелге шығудың амалын тапқан Махмет Құлмағамбет әуелде Австрияның астанасы Венаға барады. Кейін Америкаға кетпек болып, біраз уақыт виза күтіп жатып қалады. Сөйтіп жүргенде Азаттық радиосының қызметкерлері хабарласып, кездесіп, оны Мюнхенге шақырып, ол қазақ редакциясына жұмысқа тұрады. Өзі мұны кездейсоқтық деп атайды.

АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНА ҚАДАМ

Әбдіуақап Қара Махмет Құлмағамбеттен алған осы сұхбатқа қатысқан Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтай сол кездерді былай деп еске түсіреді.

"Сіз Венада жүрген уақытта сол жақтағы қазақтармен кездесесіз. Берлиндегі Ахмет Бақый да сол жаққа барып жүреді де, бізге Қазақстаннан келген сізді көргенін айтады. Біз оны Жәкен ағайға жеткіздік. Ол сол жаққа сұрау салғанда, осындай диссидент бар екенін растайды. Сосын Жәкен ағай барып, сізбен кездеседі", – дейді Әлихан Жаналтай.

Бұл жерде аты аталған Жәкен ағай – Жәкебай Бапыш Азаттықтың қазақ қызметінің сол кездегі басшысы еді. Бұл 1980 жыл болатын.

Содан бастап диссидент Махмет Құлмағамбет Азаттық радиосына қызметке кіріп, ол жерде 1995 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс істейді.

Ол өзіне жабылған жаладан 40 жылға жуық уақыт өткен соң, тек 1990 жылы ғана құтылып, толық ақталады.

Les forcats du gazoduc – Газ құбыры бойындағы сотталушылар. Францияның LE Meridional газетінің Махмет Құлмағамбет туралы мақаласы. 9 қыркүйек, 1982 жыл
Les forcats du gazoduc – Газ құбыры бойындағы сотталушылар. Францияның LE Meridional газетінің Махмет Құлмағамбет туралы мақаласы. 9 қыркүйек, 1982 жыл

Советтік жүйені ой-санасымен қабылдамаған диссидент қазақтың Азаттық радиосына келуі олжаға бергісіз оқиға болған сияқты. Қырғи-қабақ соғыстың шарықтау шегіне тақап қалғанда советтік жүйенің өзінен шығып, оны әшкере еткен Махмет Құлмағамбет Азаттық үшін ақиқат пен ақпараттың көзіне айналады.

Батыс басылымдарының диссиденттен алған сұхбаттарының сыртында, ол жазған мақалалар эмиграциядағы орыстілді басылымдар мен жетекші газеттердің бірінші бетіне жарияланып жатты. Ал Азаттық радиосы үшін жазғандары бір төбе. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының алдағы эпизодында кеңірек айтылады.

Бүгінгі мақалада диссиденттің соңғы сұхбаты сөз болды. Сол еркін сұхбатты жүргізген және сұхбаттың аудио-нұсқасын сақтаған Азаттықтың бұрынғы қызметкері, тарихшы Әбдіуақап Қараның естелігі осындай. Махмет Құлмағамбеттің қайтыс болғанына 15 жыл өткенде оның еңбектері мейлінше жинақталып жатқаны белгілі болды.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып жайлы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының он алтыншы эпизодында толығырақ айтылады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG