Accessibility links

Желтоқсан-1986. Совет билігі қанға бөктірген бейбіт шеру


Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққан қазақ жастары. 1986 жылғы желтоқсан. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет.
Мәскеудің шешіміне наразылық білдіріп, Алматыдағы Брежнев алаңына шеруге шыққан қазақ жастары. 1986 жылғы желтоқсан. Алматыдағы орталық мемлекеттік архивтегі сурет.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Азаттық радиосы бұл туралы қандай хабар таратты? Арнайы подкастың екінші эпизоды осы тақырыпқа арналған. Төменде подкастың қысқаша мазмұны.

1985 жылғы наурызда Совет Одағында билікке Михаил Горбачев келгеннен кейін жарияланған жаңа реформалар көбіне сөз күйінде қалды. Коммунистік партия жетекшілігіндегі советтік республикалар одағы 1991 жылы біржолата күйрегенге дейін адамға қарсы басып-жаныштаушы репрессиялық әрекетінен танбады. Оған дәлел – Қазақстанда 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы.

НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында Қазақстанды 24 жылдан астам уақыт басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен түсіріліп, орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалады.

Ол кезде одаққа қарасты республика басшылары жергілікті компартияның бірінші хатшысы аталатын. Қазақстан компартиясы бірінші хатшысы ауыстырылғанына наразы болған бірнеше мың адам – дені студент және жұмысшы қазақ жастары 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына (Брежнев алаңы) жиналды. Мұндай акция Қазақстанның өзге де қалаларында жалғасады. Совет билігі наразылықты күшпен басу туралы шешім қабылдап, 18 желтоқсанда бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып таратып, жаппай қамап, жауапқа тартады, жүзден астам адам сотталады.

Подкасты тыңдаңыз:

"Сол күні Батыс ақпарат құралдарындағы басты хабар Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы болды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:19 0:00

Алаңда үкіметке талаптарын айтып, бейбіт тұрған қалың жұртты тарату үшін Мәскеу Қазақстанға қосымша әскери күш аттандырады. Желтоқсан оқиғасында митингіні жаныштау операциясы "Құйын 1986" ("Метель 1986") деп аталады. Аязды күні алаңға жиналған демонстранттарды итке талатып, өрт сөндіретін көліктен су шашып, сапер күрегімен, резеңке таяқпен ұрып-соққан, басқа да құралдар қолданған.

Мәскеуде Алматыда алаңға шыққандарды "бұзақы", "экстремист", "маскүнем" және "нашақор" деп атап, оларға "ұлтшыл" деген айдар тағады.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандар (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бойынша жауапқа тартылғандар (солдан оңға): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

Билік наразылық кезінде ұсталған адамдардың үстінен жаппай қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартты, екі адамға өлім жазасын кескен. Оның біреуі – Қайрат Рысқұлбеков кейінірек Семей түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза табады. Екіншісі – Мырзағұл Әбдіқұловтың ату жазасы 20 жыл түрме жазасына ауыстырылды. Ол соның жеті жылын өтеп қайтады.

Қайрат Рысқұлбеков өлім жазасы берілгеннен кейін бір айдан соң коммунистік партия Желтоқсан оқиғасына қатысты "қазақ ұлтшылдығы" туралы арнайы қаулы қабылдайды.

"Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы" осы қаулыда советке тән интернационалдық тәрбиені күшейту жайы қозғалады. Бұл құжатта Желтоқсан оқиғасы "қазақ ұлтшылдығының көрінісі" ретінде айыпталады. Бұл қаулы 1989 жылы күшін жойды.

Кейінірек Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төралқасының Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаларды тексеру комиссиясы құрылып, оқиғаға қатысты өз бағасын беріп, түрлі ұсыныс әзірлейді.

Азаттық радиосы оқиғаның алғашқы күнінен бастап осы тақырыптарды кеңінен қамтып, хабар таратып отырған.

"ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ТУРАЛЫ ХАБАРДЫҢ РАСТАЛУЫН КҮТТІК"

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Азаттық радиосының Мюнхендегі редакциясында кезекші болған Әлихан Жаналтай Алматыдағы жағдай туралы хабарды 17 желтоқсанда естігенін айтады.

Оның сөзінше, сол күні Азаттық радиосы басшылығы жылдық жиын өткізіп жатқан. Жиынға қатысушыларға Желтоқсан оқиғасы туралы алғаш Совет Одағының ТАСС ақпарат агенттігінің бұрмаланған жаңалығынан белгілі болған.

Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтай.
Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтай.

– Сол апта эфирге шығу кезегім еді. Мен келер күнгі таңғы эфирдің жазбаларын реттеймін деп жүріп, төменгі қабатқа жайырақ түсіп қалдым. Жылдық жиналыс пен рәсім басталып кетіпті. Сол аралықта Орталық Азияға хабар тарататын түркітілдес редакцияның басшысы бізге келіп, ТАСС-тан түскен хабарға сілтеп, Алматыда әлдебір оқиға болып жатқанын айтты. Мен "Эфирге берейік пе?" деп сұрағанда, ол кісі "Жоқ, мына күйінде эфирге бере алмаймыз" деді. Ол "Мұны әзірге ТАСС қана беріп отыр, бұрмаланған ақпарат болуы да мүмкін. Тәуелсіз бұлақтардан расталуын күтеміз, – деді, – Егер беру керек болса, түнде келіп жаңалық жазып кетерсіз" деді. Айтқандай-ақ, осы хабар сол күні түнге қарай растала бастады. Әуелі Югославияның ТАНЮГ агенттігі хабарлады. Басқа да бұлақтар растады. Юнайтед Пресс интернэшнл, Ассошиэйтед Пресс, Дойче Пресс агенттігі – бәрі растады. Мен сонда түн ортасында радио кеңсесіне барып, осы бұлақтарға сілтеме жасап, қысқаша жаңалық дайындадым. Қонаевтың қызметтен түсіріліп, Қазақстанға еш қатысы жоқ Колбиннің республика басшылығына келгені саяси наразылық тудырған екен. Совет жағы көшеге шыққандарды "маскүнемдер" мен "нашақорлар" деген, "вандализмге барды" деген. "Ұлтшылдар" деп айыптаған. Ертесінде редакцияда жиналыс өтті. Болған оқиғаны өзара талдадық, – деп еске алады Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтай.

Азаттық радиосының қызметкері Әлихан Жаналтай радио ғимараты алдында тұр. Мюнхен, Германия. Оның жеке архивіндегі сурет.
Азаттық радиосының қызметкері Әлихан Жаналтай радио ғимараты алдында тұр. Мюнхен, Германия. Оның жеке архивіндегі сурет.

Айтуынша, Желтоқсан оқиғасынан бір апта өткен соң Азаттық радиосы қызметкерлерінің қолына қазақстандық баспасөз де жеткен. Сонда Қазақстан баспасөзі коммунистік партияның көзқарасымен шеруге шыққандарды айыптау сарынында материалдар жариялаған.

Онда жазылған деректер бұрмаланған күннің өзінде оқиғадан хабар беретін.

– Содан бастап әр күні орталық редакциядан талдау материалдар келіп тұрды. Кейін "Самиздат" материалдарымен де таныстық. Сол кезде Совет Одағындағы адам құқығы туралы белсенділер жинақтаған фактілер жасырын жолмен шығарылатын. Сол фактілердің жинағын біздің ортада "Самиздат жинағы" деп атайтын. Онда адам құқығын бұзу фактілері, коммунистік саясаттың ұлттарға жасаған зұлымдығы қамтылатын, – дейді Әлихан Жаналтай.

Айтуынша, Азаттықтың тағы бір қызметкері, бір кезде советтік Қазақстаннан қашып шыққан Махмет Құлмаханбет кейін орыс тіліндегі деректер бойынша жұмыс істеп, Желтоқсан оқиғасы туралы бағдарламалар жасаған.

"БАТЫСТАҒЫ БАСТЫ ХАБАР"

Желтоқсан оқиғасын Хасен Оралтай да өзінің "Елім-айлап өткен өмір" кітабында естелік етіп жазып кеткен. Ол Желтоқсан оқиғасы туралы хабар қалай жеткенін былай баяндайды.

Хасен Оралтайдың "С.Қазақбаласы" атымен түрік тілінде құрастырып, 1988 жылы Стамбулда шығарған "17-18 желтоқсан 1986. Қазақстан оқиғалары" кітабының мұқабасы.
Хасен Оралтайдың "С.Қазақбаласы" атымен түрік тілінде құрастырып, 1988 жылы Стамбулда шығарған "17-18 желтоқсан 1986. Қазақстан оқиғалары" кітабының мұқабасы.

– Ол күні Азаттық және Азат Еуропа радиоларының президенті Gene Pell Жаңа жылдың және христиандардың діни мерекесі – Айса пайғамбардың туған күні дейтіннің қарсаңында екі радионың бүкіл қызметкерлеріне бір қабылдау беріп жатқан-ды. Мен ол кезде бас редактордың орынбасары болып істейтінмін. Бас редактор Жәкен Бапыш демалыста болатын. Мен сол қабылдауда тұрғанда, Азаттық радиосы зерттеу бөлімінің Орта Азия мен Қазақстан істеріне қарайтын мамандарынан Bess Brown деген америкалық әйел жүгіріп келіп, "Қазір Мәскеудегі елшілік арқылы хабар келді. Алматыда кешеден бері қанды қырғын болып жатыр дейді" деді. Сол сағаттан кейін ол жөнінде түрлі бұлақтан мәліметтер де келіп түсе бастады... Сол күні Батыс елдерінің бүкіл радиосы мен теледидарындағы басты хабар Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы болды. Бәрі де Алматыда орыс әкімшілігіне қарсы үлкен ереуіл болғанын айта келіп, советтік әкімшілік жағынан саналы түрде бұрмаланған жаңсақ түсінікке тоқталатын. Қолдарында басқалай мәлімет жоқ екенін, совет әкімшілігінің қатал цензура-тыйым шаралар қолданып отырғанын айтумен шектелетін. Ал Мәскеудің шетелдегі қолшоқпарлары қазақ жастарына жасалған әлгі қаралау, жала жабу науқанын бастап үлгерген-ді. Сол күннен бастап күн сайын дерлік өзім Желтоқсан оқиғасы туралы жөнінде материалдар әзірлеп, радиодан оқып тұрдым. Ол радиодағы күнделікті істің бір бөлімі еді. Ол жеткілікті емес-ті. Онымен ғана шектеліп отырмай, Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы туралы басқа да іс істеу керек еді. Сол мақсатпен шетелдік журналистерге, ғалымдарға хат жазып, Қазақстандағы жағдайдың әлем әлеуметшілігіне дұрыс түсіндірілуіне көмектесуді өтіндім" деп жазады Хасен Оралтай.

Ол өз естелігінде Азаттық радиосының кейбір басшылары мен мамандарының әуелде Желтоқсан оқиғасында әскердің бейбіт шерушілерге қарсы сапер күрегін қолданғанына сенбегенін айтады. Кейін Тбилиси оқиғасында (1989 жылғы сәуірде) да билік күштері бейбіт адамдарға қарсы сапер күрегін қолданғаны байқалған. Хасен Оралтай сонда ғана әлгі адамдар Желтоқсан оқиғасы қалай жанышталғанына көз жеткізгенін айтады.

Азаттық радиосы 1987 жылы Желтоқсан оқиғасының бір жылдығына арнайы бағдарлама әзірлеген. Кейін радиода жыл сайын желтоқсан кезінде осы оқиға туралы хабар тарату дәстүрге айналады. "1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндеріндегі оқиғалардың бір жылдығын Азаттық радиосында екі-үш күн қалғанда бастап, көптеген мақаламен ерекше атап өттік. Сөйтіп ол Азаттық радиосы қазақ бөлімінің жыл сайын міндетті түрде атап өтетін күндерінің біріне айналды... Желтоқсан оқиғасын өзім Азаттық радиосы қазақ бөлімінің директоры болған 1988 жылдан бері әр жылы желтоқсан айында бір апта қалғанда бастап, арнаулы мақала, сұхбаттармен атап өтуді дағдыға айналдырдым. Ол күнгі хабарлар Әбиірбек Тінәлінің орындауындағы "Желтоқсан желі" әнімен ашылып, "Мұңайма, бала" дейтін әнімен аяқталатын" деп жазады ол.

Хасен Оралтай естелігінде аталған "Желтоқсан желі" әні де алғаш рет Азаттық радиосының эфирі арқылы тараған.

Кейінірек Әбиірбек Тінәлиев "Өзімнің жаныма жақын "Желтоқсан желі" деген әнімді алғаш Азаттық радиосынан естігенде төбем көкке екі елі жетпей қалды" деп еске алады.

Желтоқсан оқиғасы кезіндегі түрлі фактор Азаттық студиясында қалай талданды? Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының кезекті эпизодынан толығырақ мәлімет алуға болады.

КЕЛЕСІ ЭПИЗОДТА

Жыл сайын Желтоқсан оқиғасының жылдығы келген кезде Қазақстан билігі белгілі бір қайшылықтарға ұшырасады. Ал 1991 жылы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығы кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматының орталық алаңындағы митингіде сөз сөйледі.

Оқиғаның бес жылдығы қарсаңында президент болып сайланған Назарбаев осы митингіде не деді, 1986 жылы алаңда түсірілген суреттер неден хабар береді – бұл туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының алдағы эпизодында айтылады.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG