Accessibility links

Баян Әуелова: "Тергеу кезінде өзіме қол салмақшы болдым"


Студент Баян Әуелованың 1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңына билікке талап қойып шыққан жастар шеруінде тұрған сәті. (Алматы қаласының орталық мұрағатынан алынған сурет.)
Студент Баян Әуелованың 1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңына билікке талап қойып шыққан жастар шеруінде тұрған сәті. (Алматы қаласының орталық мұрағатынан алынған сурет.)

Азаттық сайты "Желтоқсан: Азаттық тапқан суреттер" деген атпен жариялаған, 1986 жылы желтоқсанда Алматыда билікке талап қойып алаңға шыққан қазақ жастарының әйгілі шеруі кезінде түсірілген суреттердегі кейіпкерлердің бірі - Баян Әуелова. Қазір Алматының орталық базарында сатушы болып істейтін Баян осыдан 32 жыл бұрын болған оқиғадан кейін басынан кешкені туралы Азаттыққа айтып берді.

Ел арасында "Көк базар" аталып кеткен Алматының орталық базарында бас киім сатумен айналысатын Баян Әуелованың негізгі мамандығы - тарихшы. Өз айтуынша, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін басталған қудалау кезінде алған психологиялық соққы оған алған мамандығы бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік бермепті.

- Бар-жоғы екі жыл ғана сабақ бердім. Одан арыға шамам келмеді. Сосын басқа саладағы жұмыстарға кетіп қалдым, - дейді Баян Әуелова.

Баян Әуелова Алматы базарында бас киім сатып тұр. 11 желтоқсан 2018 жыл.
Баян Әуелова Алматы базарында бас киім сатып тұр. 11 желтоқсан 2018 жыл.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақ ССР Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев қызметінен босатылып, орнына бұған дейін республикаға белгісіз болып келген, Ресейдің Ульяновск облыстық партия комитетін басқарған Геннадий Колбин тағайындалған. Мәскеудің Қазақстанға бейтаныс адамды республика басшылығына тағайындау туралы шешімі студент және жұмысшы қазақ жастарының наразылық шеруіне ұласқан.

- 1986 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетінде төртінші курста оқитын едім. Желтоқсанның 17-і күні түс кезінде институтқа барғанымызда "сабақ болмайды, жастар алаңға жиналып жатыр. Алаңға барыңдар" деп жіберді. Есік алдына шықсақ жүз қаралы жас қолдарына түрлі ұрандар ұстап кетіп барады екен. Қатарларына курс болып біз де қосылдық, - дейді Баян.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Азаттық тапқан суреттер

​Баян Әуелова желтоқсанның 17-сы мен 18-і күндері Алматының орталық алаңына шыққан жастардың алдыңғы қатарында болып, билікке өз талаптарын жеткізгендерін айтады. Құрбыларының сөзінше, алаңдағы шеру кезінде Баян қолына мегафон алып айғайлаған екен.

- Сондай бір әдемі киінген орта жастағы аға маған: "Жастарға бұзақылыққа бармаңдар деп ескерт" деді. Содан кейін қолыма мегафонды алып: "Біздің мақсатымыз - тек қазақ басшыны талап ету, сондықтан бұзақылық жасамаңыздар!" деп айғайладым. Қалай екенін білмеймін, елдің алдына шығып кетіппін. Қасымда төрт құрбым болды. Барлығымыз жұбымызды жазбай бірге жүрдік, - деп еске алады Баян.

"ҚАЗАҚПЫН ДЕГЕНДЕР АЛАҢҒА ШЫҒЫҢДАР!"

Баян Әуелова 1986 жылы желтоқсанның 17-сі мен 18-і күндері Алматының орталық алаңында өткен наразылық шеруінде жастармен бірге болған. Ал желтоқсанның 19-ы күні таңертең оны тергеуге апарған. Оның алаңда айғайлап жүрген суреті кадрға жиі іліккен екен.

Баян Әуелованың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңына жиналған жастардың алдында сөйлеп тұрған сәті. (Мұрағаттағы фото.)
Баян Әуелованың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының орталық алаңына жиналған жастардың алдында сөйлеп тұрған сәті. (Мұрағаттағы фото.)

- Таңертең есігімізді қақты. Ашып едім, үш адам келіп тұр екен. "Баян Әуелова деген кім?" деп сұрады. Киініп, солармен бірге Медеу аудандық ішкі істер бөліміне бардым. Барған сәтте тергеуші магнитофонды қосып, таспадағы: "Қазақпын дегендерің алаңға шығыңдар!" деген дауысты маған тыңдатты да, кім екенін сұрады. Мен білмейтінімді айттым. Шындығында ол біздің деканымыз Шәбден Әділхановтың даусы болатын. Желтоқсанның 17-сі күні кешкі сағат 9-10 шамасында жатақхананың жарығы өшті. Сол кезде дәлізден ағайдың айғайлаған дауысы естілді. Оны бәріміз естігенбіз, - деп еске алады Баян Әуелова.

Баянның сөзін онымен бірге оқыған құрбысы Гүлбақыт Құрманжанова да растайды. Ол алаңға шыққан кезде ешқандай саяси ойларының болмағанын, көппен бірге дүрмекке ілесіп кеткенін айтады.

- Тіпті алаңда бізді суретке түсіріп жатқан кезде "ертең газетке шығамыз, жақсылап түсіп алайық" деп күліскен болатынбыз, - деп еске алады Гүлбақыт Құрманжанова.

ВИДЕО: Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?

Желтоқсанда түсірілген бейнетаспа қалай сақталды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:54 0:00

Баян Әуелованың сөзінше, желтоқсан оқиғасынан кейін ол жарты жыл тергеуде болған. Бірақ оны оқудан шығармаған. Өзі оның себебін:

- Деканның арқасында оқуымда қалдым. Ол кісі маған құрбыларымнан "тергеуге барған кездегі шақыру қағаздарын әкеліп отырсын. Басқа уақытта сабақтан қалмасын" деп сәлем айтып жіберіпті, - деп түсіндіреді Баян.

Қазір Алматы қалалық орталық архивінде жұмыс істейтін Гүлбақыт Құрманжанова 1986 жылы желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін істі болған Баянға сол кезде өздері оқыған институт деканының жақсы мінездеме бергенін, ол құжаттың қазір архивте сақтаулы тұрғанын айтты.

Баян Әуелова тергеуге шақырылып жүрген күндері өмірден түңіліп кеткенін, тіпті өзін өлімге қимақшы болған ауыр сәттер де болғанын еске алады. Өз айтуынша, құрбылары оған тергеудің соңына дейін шыдауға кеңес беріп, сабырға шақырыпты.

Баян Әуелованың тергеу кезінде түсірілген суреті. (Алматы қалалық орталық мұрағатында сақталған фото.)
Баян Әуелованың тергеу кезінде түсірілген суреті. (Алматы қалалық орталық мұрағатында сақталған фото.)

- Тергеуге таңертең келемін. Тіпті кейде мені ұмытып кетеді. Кеш батқанша тосып отырған күндерім болды. Жатақханаға жаяу қайтамын. Жол-жөнекей Ленин (қазіргі Достық даңғылы – ред.) көшесінің бойындағы "Ресей" тұрғын үй кешенінің алдынан өтетінмін. Сол кезде "жазықсыз сотталғанша, осы үйдің жоғарғы қабатына шығып секіріп кетсем бе" деп ойлайтынмын. Бір бөлмеде бес қыз тұрдық. Солар "ақырына дейін күт" дейтін еді, - деп басынан өткен қиын күндерді еске алады Баян Әуелова.

"ТЕРГЕУ ІСІ ҮШ ТОМҒА ЖЕТТІ"

Баянмен бірге тергеуде болған, жатақханада бірге тұрған құрбысы Зәуре Нұрманова сол бір кез туралы былайша баяндайды.

- Мен, Баян және талдықорғандық Бану деген қыз үшеуміз тергеуге бірге баратынбыз. Баянның алаңда билік өкілдерінің біріне ұрсып тұрған сәті суретке түсіп қалыпты. Оны сол сурет бойынша тергеп, қинады. Баянның әкесі "Социалистік еңбек ері" атағын алған белгілі шопан болатын. Мінезі қатал адам екен. Баян істі болғанын үй-ішіне айтуға қорықты. Іс шиеленісіп бара жатқан соң Бану екеуміз Кеген ауданына дейін автобуспен барып, ары қарай жеті шақырым жаяу жүріп үйлеріне жеттік, - дейді Зәуре.

Баян Әуелованың 1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңына билікке талап қойып шыққан жастар шеруінде тұрған сәті. (Сурет Алматы қаласының орталық мұрағатынан алынды.)
Баян Әуелованың 1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңына билікке талап қойып шыққан жастар шеруінде тұрған сәті. (Сурет Алматы қаласының орталық мұрағатынан алынды.)

Баянның айтуынша, қызының үкімет саясатына қарсы шыққанын естіген әкесінің жүрек талмасы ұстап, ұзақ уақыт жатып қалған. Денсаулығы оңалғаннан кейін Алматыға, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып жаңадан тағайындалған Геннадий Колбинге тікелей кіріп, қызының ісін қысқарту туралы бір жапырақ қағаз алып шыққан. Бұдан кейін Баян Әуелованың тергеу ісінде күрт өзгеріс болған.

- Алғашқы тергеу кезінде "менің бетімді тырнады", "иығымдағы погонымды жұлып алды" деп маған қарсы куәлік бергендер кейін сөздерін мүлдем өзгертіп, "бұл кісіні танымаймыз", "көрген жоқпыз" деп танып шықты. Білесіз бе, маған қатысты іс үш томды құрапты. Сол құжаттарды тергеуші қолыма ұстатып, "мұны өзің құрт" деді. Қазіргі 28 панфиловшылар саябағына келіп, әр парақты жеке-жеке өртедім. Сол сәтте мен сотталмай, тергеуден құтылып шыққаныма аса қуанышты едім, - дейді Баян.

Үш баланың анасы Баян Әуелова қазір Алматы облысы Талғар ауданындағы Кеңдала ауылында тұрады.

1986 жылы желтоқсанда Алматының орталық алаңында екі күнге жалғасқан қазақ жастарының шеруін совет билігі күшпен басып-жаншыды. Желтоқсан оқиғасынан кейін жүздеген адам жоғары оқу орындарынан шығарылып, жұмысынан қуылған. 99 адам сотталған.

1987 жылы жазда Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитеті қабылдаған қаулыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы "қазақ ұлтшылдығының көрінісі" ретінде сипатталған. Бұл қаулының күші екі жылдан кейін жойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG