Accessibility links

"Қазмырыш" зауытындағы жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты

Өскемендегі "Қазмырыш" компаниясы зауыты. 2022 жылғы сәуір айы. Фото авторы – Мерей Қайнарұлы.
Өскемендегі "Қазмырыш" компаниясы зауыты. 2022 жылғы сәуір айы. Фото авторы – Мерей Қайнарұлы.

5 мамырда Өскемендегі "Қазмырыш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауытта болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан. Мұндай ақпаратты серіктестік өз Instagram-парағында жариялады.

Компания мәліметінше, түтін шығаратын желдеткішті тазалау кезінде жарылыс болып, кейін өртке ұласып, өндіріс орны ішінара бүлінген. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жараланған. "Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр" деп мәлімдеді "Қазмырыш".

Бұған қоса серіктестік жарылыс себебін жан-жақты зерттеп, объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын және оқиғаның мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталатынын, уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Компания төтенше оқиға салдарынан мерт болған және зардап шеккен адамдардың отбасыларына қаржылай және психологиялық қолдау және барлық қажетті көмек көрсетіледі деп уәде беріп отыр.

Өскемендегі зауытта жарылыс сейсенбі күні таңертең болды. Әуелгіде оқиға салдарынан төрт адам зардап шеккені айтылған, кейін БАҚ төтенше жағдайлар қызметі мен қалалық денсаулық сақтау департаменті дерегіне сүйеніп, тоғыз адам жараланған, оның үшеуінің жағдайы ауыр деп хабарлаған еді.

Кейінірек Төтенше жағдайлар министрлігі жарылыстан кейін тұтанған өрт толық сөндірілгенін, оқиғадан жеті адам зардап шеккенін, олардың екеуі қайтыс болып, екеуі ауруханаға жатқызылғанын, үш адам үйіне жіберілгенін нақтылады. Өрт 120 шаршы метр аумаққа тараған.

Айдар
XS
SM
MD
LG