Accessibility links

Құрылтай вице-спикері дәлізде сұрақ қоюға салынған тыйымды журналистер "хайпымен" байланыстырды

Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева (ортада) брифингте отыр. Астана, 10 қыркүйек, 2026 жыл
Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева (ортада) брифингте отыр. Астана, 10 қыркүйек, 2026 жыл

Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева парламент ғимаратында журналистердің дәлізде депутаттарға сұрақ қоюына тыйым салуды "хайп нәрселерге" байланысты деп түсіндірді.

10 қыркүйекте қазақстандық журналистер Құрылтай ғимаратында депутаттарға дәлізде және белгіленген күн тәртібінен тыс сұрақ қоюға тыйым салатын жаңа ереже бойынша жұмыс істеді. Журналист Ботагөз Омарова парламент ғимаратында БАҚ өкілдерінің жұмысына шектеу қойылғаны туралы мәселе көтерді.

"Сіздер біздің ыңғайсыз сұрақтарымыздан жасқанасыздар ма, әлде сіздерге журналистердің еркін сұрақ қойғаны ұнамай ма? Неліктен мәжіліс әрқашан ашық алаң болды, ал қазір мен осы сұрақты қойғаным үшін аккредитациямнан айырылып қалу қаупі бар, өйткені ол сұрақ сіздерге ұнамай қалуы мүмкін болғандықтан ба?" — деп сұрады Омарова депутаттардан.

Жаңа ереже бойынша, оның талаптарын екі рет бұзған қылығы үшін журналист парламенттегі аккредитациясынан айырылуы мүмкін, ондай қылыққа брифинг кезінде тақырыптан тыс сұрақ қою да жатқызылған.

"Азаматтарымызға біз талқылаған нәрсенің бәрін баяндағаныңыз қызықты болар деп ойлаймын. Әйтпесе біз кімнің қандай аяқ киім кигенін немесе кімнің қандай сөмке ұстап жүргенін талқыламаймыз ғой. Ондайлар көбіне хайп нәрселер", — деп жауап қатты Құрылтай төрағасының орынбасары әрі "Ақ жол" партиясының төрайымы Дәния Еспаева.

Еспаеваның пікірінше, парламент "әрқашан ашық болған және ашық болып қала бермек". Ол жаңа ережелер БАҚ-тың аймақтардағы адамдарды қабылданған заңдар жайлы хабардар етуін қамтамасыз ету үшін қажет деп біледі.

"Сіздер отырыстарға келген күннің тақырыбы Құрылтай ұсынған жобалар төңірегінде болуы керек деген идея туды. Еліміздің азаматтары заңдар туралы мүмкіндігінше хабардар болуы керек. Өзім аймақтарда болдым. Мені не таңқалдырғанын білесіз бе? Сапарларымның көп бөлігін партия бағдарламасын түсіндіруге емес, Құрылтай қабылдаған заңдар жайлы айтуға арнауыма тура келді. Өйткені, өкінішке қарай, бұл заңдар БАҚ арқылы азаматтарымызға түсінікті де қарапайым тілде жеткізіле бермеді", — деп мәлімдеді Құрылтай вице-спикері.

10 қыркүйек күні Құрылтай отырысынан кейін 145 депутаттың төртеуі – Дәния Еспаева, Үнзила Шапақ, Константин Петров және Снежанна Имашева - журналистер жиналған баспасөз бөлмесіне келді. Модераторлар сұрақтар тек отырыс тақырыбына – Құрылтайдың жұмыс тәртібіне қатысты қойылуы керегін айтып, Құрылтайдың баспасөз қызметі күн тәртібінде жоқ сұрақ қою ереже талабын бұзу болып саналады деп ескертті.

Құрылтайда БАҚ өкілдері үшін жаңа ережелер пайда болғанын журналистер 31 тамызда, Құрылтайдың бірінші сессиясының отырысынан кейін депутаттарға сұрақ қоймақшы болған кезде ғана естіп-білді. Олар сол күні депутаттарға жолыға алмады – ғимараттың депутаттар отырыстан шығатын қанатына өтетін есіктер шамамен 30 минут бойы бекітулі тұрды.

Парламент аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков жаңа ереже бойынша, журналистерге депутаттарға тек баспасөз орталығындағы жоспарланған брифингтерде нақты күн тәртібіне байланысты сұрақтар қоюға рұқсат етілетінін Facebook-парағына жазды. Құрылтай бюросының мұндай шешім қабылдауының себебін "аккредиттеу ережесіне" байланысты деп түсіндірді.

Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) халықаралық ұйымы Құрылтайды БАҚ жұмысын шектейтін ережелерді алып тастауға шақырды. "Құқықтық медиа орталығы" қоғамдық қоры, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры, MediaNet халықаралық журналистика орталығы және Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро да парламентте журналистердің жұмыс істеу тәртібі өзгергеніне байланысты алаңдап отырғанын айтып бірлескен мәлімдеме жасады.

Парламент өкілдері жаңа тәртіп "Масс-медиа туралы" заңға немесе мемлекеттік органдар қабылдаған журналистерді аккредиттеу ережелеріне қайшы келмейді деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG