Accessibility links

Қытай отбасыларға үш бала табуға рұқсат берді. Бұл нені білдіреді?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытай коммунистік партиясы дүйсенбі, 31 мамырда әр отбасыға үш бала табуға рұқсат берді. Осыған дейін ерлі-зайыптылар екі баламен шектелуге мәжбүр болған. Пекин бұл қадамға кейінгі халық санағының нәтижесінен кейін барып отыр. Санақ зейнет жасындағы азаматтар үлесінің артып кеткенін көрсеткен. Бірақ жаңа саясат мәселені шеше ме? Ашық деректер не дейді? Түсіндіреміз.

ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Қытай әр он жыл сайын жүргізетін халық санағын 2020 жылы орындаған. Оның нәтижесі биыл 11 мамырда жарияланды. Санақ деректеріне қарағанда, әр әйел орташа есеппен 1,3 бала тапқан. Бұл Жапония мен Италия сияқты қарттар үлесі жоғары елдердің көрсеткішімен шамалас. Ал еңбекке жарамды адамдардың орнын толтыру үшін әр әйел орташа есеппен 2,1 бала табуы керек.

Кейінгі 10 жылда елде халық саны жыл сайын 0,53 пайызға өсіп 1,41 миллиардқа жеткен. Ал 2000 және 2010 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 0,57 пайыз болған.

Жұмысқа жарамды адамдар (16 мен 59 жас аралығындағылар) жалпы халықтың 63,3 пайызын құраған. Он жыл бұрын бұл көрсеткіш 70,1 пайыз еді. 65 пен одан үлкен жастағылар үлесі он жыл бұрын 8,9 пайыз болса, қазір 13,5 пайыз шамасында.

Қолшатыр ұстап кетіп бара жатқан бала. Пекин, Қытай. 31 мамыр 2021 жыл.
Қолшатыр ұстап кетіп бара жатқан бала. Пекин, Қытай. 31 мамыр 2021 жыл.

ҚАРТАЙҒАНДАР ҮЛЕСІНІҢ АРТУЫ НЕСІМЕН ҚАУІПТІ?

Қоғамның қартаюы – көбіне дамыған елдерге тән құбылыс. Бұл жағдай демографиялық дағдарыс деп аталып, үкімет басшылары бала санын арттырудың түрлі жолын қарастырып жатыр. Бірақ жан басына шаққандағы табыс бойынша Қытай дамыған елдердің деңгейіне жете қоймады. Ал оның осыған дейінгі экономикалық жетістіктері жұмыс күшінің көп әрі арзан болуына байланысты еді. Сол себепті дамыған елдерде байқалып отырған бұл жағдай Қытайда қайталанса, салдары ауқымдырақ болуы ықтимал.

ҚЫТАЙ БҰЛ ЖАҒДАЙҒА ҚАЛАЙ ЖЕТТІ?

1979 жылы Қытай үкіметі халық санының күрт артуынан қорқып, "бір отбасы – бір бала" саясатын енгізді. Саясатын толық жүзеге асыру үшін билік контрацепция құралдарын қолдануды талап етіп, тіпті мәжбүрлі стерилизацияға жүгінді. Ұлға басымдық беретін Қытай қоғамында құрсақтағы баланың жынысына қарай аборт жасату күшейді. Осы секілді кешенді факторлардың әсерінен бала туу көрсеткіші тұрақты төмендеп келді. Бірақ 2010-жылдары қартайғандар үлесінің артып бара жатқаны байқалды. Сөйтіп 2015 жылдың соңында үкімет екі бала табуға рұқсат берді. Пекин осыдан кейін бала туу көрсеткіші 1,8 болады деп ойлап, халық санын 1,42 миллиардқа жеткізуді жоспарлады. Бірақ биліктің жоспары орындалмады. "Екі бала" саясаты енгізілген алғашқы жылы өсім байқалғандай болды, бірақ кейін бала туу қайта төмендеді. 2016 жылы елде 18 миллион бала дүниеге келсе, 2019 жылы 14,65 миллион, 2020 жылы 12 миллион бала туған.

ЖАҢА САЯСАТ БАЛА ТУУДЫ КӨБЕЙТЕ МЕ?

"Үш бала" саясаты жеміс береді дегенге күмән келтіретіндер көп. Өйткені Қытайда бала өсіру үшін көп ақша керек. Білім культі жоғары Қытайда ата-аналар үшін бір баланы асыраудың өзі оңайға соқпайды. Елде 10-сыныпқа дейінгі орта білім тегін болғанымен, оқушылардың көбі қосымша ақылы курстарға барады, себебі білім алуда бәсеке жоғары. Одан бөлек әйелдер бірнеше бала табу мансабына теріс әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Сонымен қатар қалада тұратындар үшін тұрғын-үй мәселесі бар. Неғұрлым көп бала болған сайын, соғұрлым кең пәтер керек.

Маска таққан балалар. Шанхай, Қытай. 5 наурыз 2021 жыл.
Маска таққан балалар. Шанхай, Қытай. 5 наурыз 2021 жыл.

Қытайдың Xinhua агенттігі жариялаған сауалнамада 31 мың респонденттің 29 мыңы артық бала табуды қарастырып отырмағанын айтқан. Reuters агенттігі бұл сауалнаманың кейінірек алынып тасталғанын хабарлады.

Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясында тұратын құқық қорғаушы Чжан Цзяньпин адамдардың жеке өміріне араласу ешқашан да жақсы идея болмаған дейді.

"Осыған дейінгі бала туу санын шектеу де, бүгінгі көп бала табуға итермелеу де – қателік. Экономика белгілі бір деңгейге жеткенде, халық саны табиғи түрде азаяды" деді ол Азат Азия радисына айтқан сөзінде.

"Бала туу Тайвань және Канада секілді жерлерде де төмендеп жатыр, бірақ олар қол сұғып жатқан жоқ. Дамыған елдерде бала туу көрсеткішін арттыру үшін адамдардың жеке өміріне қол сұғуға деген мұқтаждық жоқ, өйткені олар тегін медицина мен білім ұсынады" дейді Цзяньпин.

Guardian сайтында жарық көрген мақалада 31 жастағы қытайлық Цзя Шицун (ханым) күйеуімен бірге 1,7 жасар қызды тәрбиелеп отырғанын айтады.

"Қытайлық ерлі-зайыптылар, әсіресе әйелдер, осы күндері бала табуға құлықсыз болып отыр. Өйткені бүгінгі қоғамда қысым өте жоғары. Бала туған әйелдің жұмысқа жақын арада оралуы екіталай. Неғұрлым көп бала тапсаң, мансап тұрғысынан соғұрлым көп жоғалтасың" дейді ол. "Ата-ана болғаныңда балаңның болашақтағы білімін ойлайсың. Ата-аналар баласына бар жақсыны бергісі келеді, бірақ қазір Қытайда бәсеке қатты".

Reuters, Associated Press, Guardian, BBC және Radio Free Asia хабары негізінде әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG