Пекиннің ел ішіндегі "этностық бірлікке" қауіп төндірген кез келген адамды, соның ішінде шетелде жүргендерді жазалайтынын ашық айтқаны Қытайда туған, бірақ қазір Қазақстанда жүрген қазақ, ұйғырларды алаңдатып отыр.
Олардың сескенетіні - Қытайда 1 шілдеден бастап күшіне енген "Этностық бірлік заңы". БҰҰ мен Еуропа одағы сынға алған бұл заң Қытайдағы аз ұлттарға қысым жасайды. Яғни, жаңа заң өзге этнос өкілдерінен хан ұлтының ұлттық мәдениетін қабылдап, қытай тілінде сөйлеуді талап етеді.
Шілденің басында Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь "Этностық бірлік" құжаты "заң үстемдігін нығайтып, Қытайда тұратын 56 ұлттың өкілдерін "қорғауды күшейтеді" деп мәлімдеген. Бірақ заңды сынаушылар "Пекин бұл заң арқылы Қытайда туған, қазір басқа елде тұратын адамдарды да қудалайды, Қытай билігі саяси және экономикалық ықпалын пайдаланып басқа елге қысым жасап, сынағандардың үнін өшіруге тырысады" деп санайды.
Қытайда туған, қазір Қазақстанда тұратын құқық қорғаушы (қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жарияламауды өтінді) жаңа заң Пекинге шетелде жүрген аз ұлт өкілдеріне "қысымды күшейтіп, сол қысымын ақтап алуға жол ашады" дейді.
Құқық қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды жаппай ұстап, лагерьлерге қамағанын бірнеше рет мәлімдеген. Ресми Пекин Шыңжаңдағы "терроризммен күрес" деген желеумен мұсылмандарға қысымды күшейткен еді. Бұл науқан 2017 жылы бүкіл әлемге мәлім болған. АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінше, содан бері бір миллионнан астам адам ұсталып, лагерьге қамалған.
БҰҰ 2026 жылы сәуірде Қытайдағы жаңа заң жайлы арнайы есеп жариялап, "бұл заң Қытайдағы аз ұлттардың құқығына кері әсер ететінін", "елдің барлық аймағында аз ұлттарға немқұрайлы қарым-қатынас қалыптасуы мүмкін екенін" айтқан. Пекин БҰҰ мен Еуропа одағының сынын "әдейі жала жабу" және "Қытайдың ішкі ісіне араласуға талпыну" деген.
Қазақстанда тұратын құқық қорғаушы "бұл заң күшіне енбей тұрған кезде-ақ Қытайдағы туысқандарым менімен байланысудан қорқатын, себебі жергілікті билік қысым жасайды. Арнайы қызмет өкілдері оларды бірнеше рет шақырып, тергеген" дейді.
Құқық қорғаушы "Қытайда адам құқығына жасалып жатқан қысымдарды халықаралық деңгейге жеткізетін мүмкіндігіміз қатты шеттеліп, бұл фактілер айтылмай қала ма" деп қауіптенеді.
Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан, қазір Қазақстанда тұратын Нұрлан Көктеубай "Қытайдың басты мақсаты – мұсылман халықтарының болмысын, дінін және тілін жойып, қытай ұлтына сіңіру" дейді. Ол Қазақстанда тұрса да, Қытай билігі тарапынан қудалау бола ма деп қауіптенетінін, Шыңжаңда қалған жақындарымен байланыс үзілгенін айтады.
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЫҚПАЛЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Құқық қорғау ұйымдары "кейінгі уақытта Қытайдың Қазақстанда саяси әрі экономикалық ықпалы артып, бұл Пекинге трансұлттық репрессияға жол ашты" деп санайды.
Ал Ресейдің ықпалын азайтып, экономикасын әртараптандырғысы келетін Астана үшін Пекинмен қарым-қатынастың маңызы артып келеді. Қытайдың бас кеден басқармасының дерегінше, 2025 жылы тамызда екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылдың тамызымен салыстырғанда 5,7 пайызға артып, жылдық көрсеткіш 30 млрд доллардан асқан.
Осы тұста Қазақстанда "Нағыз Атажұрт" тіркелмеген ұйымының 19 белсендісі сотталды. Шыңжаңда қамалған туыстарына араша түсіп жүргендер 2025 жылы қарашада Алматы облысы Қалжат ауылында Қытай туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртегені үшін "ұлтаралық араздықты қоздырды" деп айыпталды.
Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл істі сынға алып, "Нағыз Атажұрт" белсенділерін қудаламауға шақырған.
Ал Қытайдың Алматыдағы консулдығы Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған хаты сотқа түрткі болған. Азаттық радиосы тілшілерінің қолына түскен хатта консулдық "Атажұрт" ұйымының әрекеттерін "Қытайдың ұлттық қадір-қасиетіне қарсы ашық арандату" деп бағалап, Қазақстаннан "тиісті шара қабылдап, байыпты тергеу жүргізуді, жағымсыз салдарын барынша азайтуды сұрайды".
"Қытайда қалған туыстарым мен жақындарым үшін өте қатты қорқамын. Қазақстанда тұрып жатқан бізге де қауіп көп, себебі Қытай билігі Қазақстанға да ықпал етіп отыр" дейді сотталып кеткен Тұрсынбек Қабиұлының әйелі Оралхан Әбен.
Тұрсынбек Қабиұлы қарашадағы наразылыққа қатысқаны үшін бес жылға түрмеге қамалып, үш жыл белсенділік әрекеттерден шеттетілген.
Астана мен Пекин арасы жақындаған сайын трансшекаралық қысым да арта ма деген қауіп өсіп келеді.
18 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерін құқық қорғау саласында Қытаймен байланысты күшейтуге шақырды. Орталық Азия елдері және Қытайдың ішкі істер министрлерімен кездесуде Тоқаев "экстремистік идеялардың таралуының жолын кесу үшін", "террорлық топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын болдырмас үшін" қарым-қатынасты тереңдету керегін мәлімдеді.
Ал Қытай қабылдаған "Этностық бірлік" заңының салдарын Қазақстаннан бөлек, әлемдегі басқа да диаспоралар сезіне бастаған. Мюнхендегі Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің вице-президенті Зумретай Аркин "жаңа қабылданған заң Қытайдың әлемдік аренада сенімділігінің артып келе жатқанын көрсетеді" дейді.
Аркин Қытай қысымды бұдан да күшейте ме деп қауіптенеді. "Себебі Қытай кейінгі он жылда халықаралық қауымдастық ұйғырларға дұрыс араша түспегенін көрді. Бұл – біз үшін өте қорқынышты сәт" дейді ол.