Accessibility links

Рамзан Қадыров "биліктен кетемін" деп не үшін айтты?


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (оң жақ алдыңғы қатарда) стадионда өзі "Путиннің жаяу әскері" деп атаған қарулы адамдардың алдынан өтіп барады. Грозный, 28 желтоқсан 2014 жыл.

Шешенстанды он жыл бойы басқарып отырған Рамзан Қадыров "биліктен кетер кез келді" деп мәлімдеді. Сарапшылар мұны өзіне Кремльдің жария түрде қолдау білдіргенін қалайтын Қадыровтың назына балайды.

Өзін Ресей президенті Владимир Путиннің "жаяу әскерімін" деп сипаттайтын Рамзан Қадыровтың қарашаның 26-сы күні биліктен кету туралы айтқан сөзі ұзақ жылғы дағдарыстан титықтаған Шешенстандағы тұрақтылықтың кепілі ретіндегі маңызын Мәскеудің есіне тағы бір салып қойғысы келген сыңайлы.

Сондай-ақ, бұл – Ресей үкіметі алдағы үш жылға арналған федералдық бюджетті қабылдағалы жатқан тұста мемлекеттің қаржысына ауыз ашып отырған аймаққа қаражатты көбірек бөлгізуді, орталық үкіметке қысым жасауды көздеген айла-шарғы болса керек.

Ресейдің мемлекеттік "Россия-1" телеарнасынан берілген 44 минуттық сұхбатының соңына қарай Қадыров күтпеген жерден биліктен кетуді "армандап жүргенін", жұмысының "тым ауыр екенін" және "Шешен республикасында өзгеріс бастайтын кез келгенін" айтып қалды.

Қадыров туралы ұзақ видеоклипте қара киім киген оның оқ атқан, бокстасып жатқан, атқа мінген және сән-салтанатты бақты аралап жүрген сәттері көрсетілді. Путинді өзі "ардақтайтын" тұлға ретінде атайды әрі ол үшін өлуге барын айтады.

- Бұл – Ресейдің шығыс мәнеріне қарай өзгертілген негізгі бюрократиялық этикасы. Ресейде жақсы мемлекеттік қызметкер болу үшін анда-санда "билікке жабысып отырған жоқпын", "басқа қызметті мүлде істегім келмейді", "Отаныма қызмет ету үшін президенттің берген кез келген тапсырмасын орындауға әзірмін" деп айтып отыру керек, - дейді мәскеулік саясаттанушы Екатерина Шульман.

"ОЛ ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙДІ"

Путин Рамзан Қадыровты 2007 жылы Ресейдің оңтүстігіндегі Шешенстан республикасының басшысы етіп тағайындаған. Мұның алдында әкесі қастандықпен өлтірілген кезде Рамзан Қадыров тым жас болғандықтан, елді бірнеше жыл тасадан басқарып жүрген еді.

Мұсылмандар басым тұратын республикада дала командирі болып, екі қанды қырғыннан аман шыққан Рамзан Қадыровты сырт көз "адам құқықтарын жиі бұзады" деп айыптайды. Оның өзі бұл айыпты жоққа шығарады. Қадыровты қолдаушылар оны "соғыстан жапа шеккен елде тәртіп орнатқан басшы" ретінде сипаттайды.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (оң жақта) сол кездегі Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен бірге. Гудермес, 20 желтоқсан 2011 жыл.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (оң жақта) сол кездегі Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен бірге. Гудермес, 20 желтоқсан 2011 жыл.

Қадыров Путинді көзсіз қолдайтынын үнемі айтып жүр және ол Ресей президентін сынаған либерал саясаткерлерге "халық жаулары", "сатқындар" деп ат қойып, айдар тағады. 2014 жылғы желтоқсанда ол Шешенстан астанасы – Грозный қаласындағы стадионға мыңдаған қарулы әскерді жинап, оларды "Путиннің жаяу әскері" деп атады әрі қандай ауыр болса да кез келген тапсырманы орындауға әзір екендерін мәлімдеген.

2016 жылғы сәуірде республика басшысы ретіндегі қызметтік мерзімі аяқталуға бірер ай қалғанда ол күтпеген жерден "биліктен кетемін" деп мәлімдеді. Арада бір ай өтпестен Путин Қадыровты Шешенстан басшысының міндетін атқарушы етіп бекітіп, келесі мерзімге сайлауға ұсынды. Ресми сайлауда Рамзан Қадыров сайлаушылардың 97 пайызының қолдауына ие болып, Шешенстан басшысы қызметіне қайта сайланды.

Мәскеу Карнеги орталығының саяси сарапшысы Андрей Колесников Қадыровтың соңғы мәлімдемесін "бар болғаны риторикалық формула" деп бағалайды.

- Мұның шынайы жағдаймен еш байланысы жоқ, сондықтан әрине, ешкім ешқайда кетпейді. Бұл – оның басшылыққа жағыну әрекеті ғана, себебі Қадыров олардың көңілінен шықпаған күні оны орнынан алып тастайды. Бұдан басқа ештеңе емес. Бұл – қылымсудың нақ өзі. Бүгінде шығып жатқан басқа да сұхбаттар тәрізді мұның да шынайы жағдайға еш қатысы жоқ, - деді Андрей Колесников.

Сарапшының сөзінше, Қадыров Кремльдің пікіріне және қолдауына жиі мұқтаждық танытып отырады, сондықтан оның мәлімдемелеріне президент Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап қатады. Шешенстан басшысы мәлімдеме жасағаннан соң бірер уақыт үнсіз қалады.

Айтқандай-ақ, қарашаның 27-сінде Дмитрий Песков ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Рамзан Қадыровқа қолдау білдірді.

"Қадыров, образды түрде айтсақ, өзінің Путинді қолдаушылар тобының белді өкілі екенін әрі президент қайда, қалай жіберсе, сол жерге барып жұмыс істеуге әзір екенін жиі айтып келеді", - деді Песков.

ЕҢ МОЛ СУБСИДИЯ АЛАТЫН АЙМАҚ

Саясаттанушы Екатерина Шульманның айтуынша, Қадыров бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейтуге Мәскеуді иліктіру үшін осындай мәлімдеме жасаған болуы мүмкін.

Шешенстан – Мәскеуден ең көп субсидия алатын аймақтардың бірі. Мұнай мен газ сатудан түсетін табыс азайып, Батыс санкциялары мен контрсанкциялар қысқандықтан, федералдық үкімет үнемдеу саясатына көшкен, сондықтан аймақтар Мәскеуден көбірек үлес алып қалу үшін өзара бәсекеге түсіп жатыр.

- Барлығы бопса ойынын ойнап жатыр, соның ішінде, әрине, Шешенстан бәрінен озып тұр. Қадыровтың "Мен кетсем не істейсіңдер? Маған бірдеңе бола қалса, не істейсіңдер?" дегенді меңзеп тұрғаны анық, – дейді Шульман.

Грозный мэриясының сыртына ілінген Ресей президенті Владимир Путин мен Рамзан Қадыровтың әкесі, Шешенстанның бұрынғы басшысы Ахмад Қадыровтың портреттері. Шілде, 2017 жыл.
Грозный мэриясының сыртына ілінген Ресей президенті Владимир Путин мен Рамзан Қадыровтың әкесі, Шешенстанның бұрынғы басшысы Ахмад Қадыровтың портреттері. Шілде, 2017 жыл.

Сарапшы исламшыл радикалдардың "Сириядағы әрекеттері үшін Ресейден кек аламыз" деген мәлімдемесін еске салды. "Қадыров "мен кетсем, мұнда "Ислам мемлекеті" [экстремистік тобы] келіп, хаос орнайды" дегенді айтқысы келеді", – дейді Шульман.

Аймақтарға қаржы бөлуді қарастыратын федералдық бюджетті Ресей мемлекеттік думасы қабылдап қойған. Бірақ оны әлі парламенттің жоғарғы палатасы мақұлдап, қол қою үшін Путинге жіберуі керек. Демек, оған заң тұрғысынан өзгеріс енгізу мүмкін емес, дегенмен, аймақтарға арналған қаражатты қайта бөлісуге әлі де мүмкіндік бар, сондықтан әлі де тал қармауға болады дейді Шульман.

– Бюджеттің аясында Қаржы министрінің де өз бетінше маневр жасау мүмкіндігі бар. Оның үстіне, федералдық бюджет құрамына кіретін президент бюджеті тағы бар, президент оны жарлық негізінде жұмсай алады. Оның сомасы жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын да ескеру керек, – деді дейді мәскеулік саясаттанушы Екатерина Шульман.

Рамзан Қадыровқа адам құқықтарын өрескел түрде бұзып отыр деп айып тағатындар бар. Әсіресе, адам өлтіру, белсенділер мен журналистердің жоғалуы, ұрып-соғу, ЛГБТ қауымдастығын қудалау және басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері жиі аталады. Рамзан Қадыров бұл айыптардың барлығын жоққа шығарады.

Том Бэлмфорттың материалы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG