Accessibility links

Өзбек премьері түрік сериалын эфирден алуды тағы бұйырды


"Махаббат қасіреті" (Kara Sevda) түрік сериалынан көрініс.
"Махаббат қасіреті" (Kara Sevda) түрік сериалынан көрініс.

Өзбекстандық ZO'RTV жекеменшік телеарнасы түріктің "Махаббат қасіреті" (немесе "Таусылмас махаббат"/Kara Sevda) телесериалын осымен екінші мәрте өз бағдарламасынан алып тастауға мәжбүр болды. Әлемнің ондаған елінде көрсетіліп келе жатқан махаббат туралы фильм бұған дейін, өткен жылы ақпанда Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың бұйрығымен эфирден алынған болатын. Биыл шілденің 27-і күні ZO'RTV арнасы "Махаббат қасіретін" көрермен назарына қайта ұсынған еді. Бірақ үш күннен кейін оны көрсетуді тоқтатты. Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы дерек көзінің хабарлауынша, үкімет жетекшісі фильмді көрсетуге бұл жолы да қарсы болған.

"ХАЛЫҚ ПІКІРІМЕН ҚАЛАЙ САНАСПАЙСЫҢ?"

ZO'RTV телеарнасының шілденің 31-і күнгі бағдарламасында Ташкент уақытымен сағат 20:00-де түріктің "Махаббат қасіреті" телесериалы көрсетілетіні жазылған еді.

"Махаббат қасіреті" телесериалы көрсетілетін уақыт жазылған ZO'RTV телеарнасы бағдарламасында.
"Махаббат қасіреті" телесериалы көрсетілетін уақыт жазылған ZO'RTV телеарнасы бағдарламасында.

Бірақ кешкі сағат сегізде ол фильмді көрсетпеді.

Өзін ZO'RTV телеарнасының бағдарлама продюсерімін деп атаған адам Озодлик журналисімен әңгімеде түрік сериалы "діндар көрермендердің талабы" бойынша эфирден алынды деп хабарлады.

– Біздің жұмысымызды көре алмайтын "ар-ұят сақшылары" Telegram және өзге де әлеуметтік желілерде қол жинап, президенттің порталына хат жолдаған. Ақыр соңында олар діттегеніне жетіп, көрерменіміздің көзайымына айналған сериалға тоқтау салды. Ат төбеліндей діни фанатиктердің талабы халықтың қалауынан артық болды. Өйткені олар жүйелі шабуыл жасады, - дейді ол.

Өз аты-жөнін атағысы келмеген өзбек шенеунігінің сөзінше, премьер-министр Абдулла Арипов шілденің 30-ы күні өткен селекторлық мәжіліс кезінде түрік сериалын көрсетуге тыйым салуды бұйырған.

- Бұл жиынға мен де қатыстым. Сөзімді дәлелдеу үшін редакцияларыңызға фото жібердім. Абдулла Нигматович (Өзбекстан премьер-министрі - рет) Ташкент әкімі әрі ZO'RTV телеарнасы құрылтайшысы Жахонгир Артықожаевты қатты сынады, - деген ол редакцияға осы "селекторлық жиындағы әңгіме" жазылған аудиотаспадан үзінді ұсынды.

Премьер-министр Абдулла Арипов түріктің "Қасіретті махаббат" сериалын эфирден алуды бұйырған селекторлық жиын.
Премьер-министр Абдулла Арипов түріктің "Қасіретті махаббат" сериалын эфирден алуды бұйырған селекторлық жиын.

"Бізде премьер-министрдің сөзі мен үкімет шешімін елемейтін кей шенеуніктер бар. Олар ойына келгенін істейді. Кім туралы айтып отырғанымды барлығыңыз білесіздер. Олар тыйым салынған түрік сериалын тағы да эфирге шығарды. Мен сіздерге оны бүгіннен қалдырмай эфирден алуды бұйырамын! Сіздер премьер-министр сөзі мен үкімет шешімін түкке керексіз қылуыңыз мүмкін. Ал бірақ халық пікірімен қалай санаспайсың? Бұл сериалды көрсетуге жұрт қатты наразы болды ғой. Ол ойларыңызға келмеді ме?" деген премьер-министр Абдулла Арипов.

Жиынды өткізуге жауапты техникалық қызметкер бұл сөзді премьер Абдулла Ариповтың Ташкент әкімі Жахонгир Артықожаевқа айтқанын Озодлик радиосына растады.

"ХАРАМ ДУБЛЯЖ"

Осыдан бір жарым жыл бұрын, 2018 жылғы ақпанның 14-і күні премьер-министр Абдулла Арипов президенттің "Әйелдерді қолдау және отбасы институтын нығайту саласындағы қызметті түбегейлі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлығын орындауға арналған жиында түріктің "Қасіретті махаббат" сериалын телеарнадан көрсетуді қатты сынаған.

Сол кезде исламшыл Azon.uz веб-сайты телесериалды эфирден алып тастауды талап етіп, бес мақала жариялаған еді. Олардың пікірінше, бұл фильмді көрген адам "күнәға батады", ал актерлерді өзбекше сөйлетіп дубляж жасаудың өзі "харам" саналады-мыс.

"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс. Өзбекстандық Zo'r TV жекеменшік телеарнасы эфирінен скриншот.
"Махаббат қасіреті" телесериалынан көрініс. Өзбекстандық Zo'r TV жекеменшік телеарнасы эфирінен скриншот.

2018 жылы апанның 16-сы күні ZO'RTV телеарнасы даулы сериалды көрсетуді тоқтатқан.

Ол кезде Озодлик радиосына берген сұхбатында аты-жөнін атауды қаламаған телеарна өкілі сериалды эфирден алып тастау туралы бұйрық "жоғарыдан" түскенін растаған.

Мұның барлығы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің өзіне дейін бұрынғы президент Ислам Каримовтың тұсында биліктің қырына ілінген ислам дініне қатысты жаңаша саясат ұстанып, "салмақты исламның беделін күшейтіп, рөлін арттыруға тырысып жатқан" тұста жасалған болатын.

Түрік сериалы алғаш рет эфирден шеттетілген кезде британдық Chatham House халықаралық қатынастар институты Ресей-Еуразия бағдарламасының зерттеушісі Анетт Бор бұл тыйым өзбек өкіметінің мемлекеттегі ресми ислам ұйымы – Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасындағы байсалды дінбасылардың көңілінен шығуға тырысқанын көрсетеді деген пікір айтқан еді.

2015 жылы экранға алғаш шыққан "Таусылмас махаббат" телесериалы – әлемнің 70-тен астам елінде көрсетіліп, көрермен көзайымына айналған махаббат туралы хикая. Өзбекстанда "Махаббат қасіреті" деген атпен көрсетілген бұл фильмде өзін бай бизнесменге күштеп ұзатуға тырысқан ата-анасына қарсы шыққан қыздың тағдыры баяндалады. Бай жігіттің орнына ол кедей шаштараздың ұлымен көңіл жарастырады. Атастыру дәстүрін жеңген махаббат туралы фильмде күштеп некелестіру, некеге дейінгі төсек қатынасы, зинақорлық, жоспарсыз жүктілік, қызғаныш, кісі өлтіру, бопсалау және суицид мәселелері қозғалады.

2015 жылдан бері Стамбулда түсіріліп келе жатқан бұл сериал халықаралық "Эмми" жүлдесін алған және әлемнің 50-ге жуық тіліне (соның ішінде парсы және араб тілдеріне) аударылып, дубляж жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG