Accessibility links

Қызыл террор құрбаны. Иван Завадовскийдің тарихы


Сталиндік қуғын-сүркін кезінде "халық жауы" деген айыппен Ақтөбе қаласында атылған Иван Завадовскийдің НКВД түрмесінде түсірілген суреті.

Сталин билігі тұсында Сібірден Ақтөбеге жер аударылып, кейін "халық жауы" ретінде атылған Иван Завадовскийдің фотосуреттері мен құжаттары шөбересінің қолына тиді. Ұрпағы бабасының тағдыры отбасына 90 жыл бойы беймәлім болғанын айтады.

АРХИВТЕН ТАБЫЛҒАН ҚҰЖАТТАР МЕН СУРЕТТЕР

Ресейдің Новосибирск қаласының тұрғыны 27 жастағы Роман Завадовский өткен ғасырдың алғашқы жартысында совет өкіметінің қырына ілігіп, кейін із-түссіз кеткен бабасы Иван Завадовский туралы архивте сақталған мәліметтер мен фотосуреттерді Қазақстанның Ақтөбе қаласынан тапты.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Айдос Нагин Ресей азаматы Роман Завадовскийге (оң жақта) сталиндік репрессия кезінде Қазақстанда атылған бабасы Иван Завадовскийдің құжаттары мен фотосуреттерінің көшірмесін табыс етіп тұр. Алматы, 24 қаңтар 2019 ж..
Ақтөбе облыстық полиция департаменті ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Айдос Нагин Ресей азаматы Роман Завадовскийге (оң жақта) сталиндік репрессия кезінде Қазақстанда атылған бабасы Иван Завадовскийдің құжаттары мен фотосуреттерінің көшірмесін табыс етіп тұр. Алматы, 24 қаңтар 2019 ж..

Қаңтардың 24-і күні Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ақпараттық-талдау орталығы мемлекеттік архивінің қызметкері Ресейден арнайы келген Романға осыдан 78 жыл бұрын совет билігінің пәрменімен атылған Иван Завадовскийдің фотосуреттері мен ол туралы құжат көшірмелерін табыс етті. Архивте сақталған Қазақ ССР-і Ақтөбе облысы прокурорының 1989 жылғы шілденің 24-і күні №3771 қылмыстық іс материалдары бойынша шығарған ұйғарымында 1891 жылы (Ресейдің) Туруханск өлкесі Тазовское селосында туған Иван Завадовскийдің 1941 жылы қазанның 5-і күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш станциясында ұсталып, атышулы 58-баптың 10-тармағы ("совет өкіметіне қарсы насихат жүргізу") бойынша айыпталғаны, ал 1942 жылы қаңтардың 17-сі күні Ақтөбеде НКВД жанындағы айрықша кеңестің шешімімен ату жазасына кесіліп, мүлкі тәркіленгені жазылған. Жарты ғасырға жуық уақыт өткенде прокуратура "қылмыстық іс-әрекет туралы объективті дерек жоқ, шешімді сот органы шығармаған" деп тауып, Иван Завадовскийді ақтаған.

- Табандылық танытпасаң, көздегеніңе жету қиын екен. Бабам туралы деректерге бір жазған жеріме он жазып жүріп, сол табандылықтың арқасында қол жеткіздім, - дейді Роман Завадовский Азаттық тілшісіне.

Педагогика институтының тарих факультетін тәмамдаған, қазір сауда саласында еңбек етіп жүрген Роман тағдыры кейінгі ұрпағына 90 жылдан астам уақыт беймәлім болған бабасының суреттері мен ол туралы құжаттарды бірнеше жыл іздегеннен кейін ғана тауып отыр. Роман әуелде Иван Завадовский жайлы аз-мұз деректі интернеттегі "Ашық тізім" ("Открытый список") электронды архивінен оқып, білген. Ол сайттағы дерек қорына 1917 жылдың қазан айынан 1991 жылға дейінгі кезеңде совет мемлекетінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандардың аты-жөні енгізілген.

Сталиндік репрессия құрбаны Иван Завадовскийдің отбасына архивтен берілген фотосуреттер. Ақтөбе, 24 қаңтар 2020 жыл.
Сталиндік репрессия құрбаны Иван Завадовскийдің отбасына архивтен берілген фотосуреттер. Ақтөбе, 24 қаңтар 2020 жыл.

Онда Ресейдің қазіргі Красноярск өлкесінде дүниеге келген Иван Завадовскийдің 1941 жылы күзде Қандыағаш станциясында тұтқындалып, кейін "халық жауы" деген айыппен ату жазасына кесілгені көрсетілген. Бұған қоса бастауыш білімі бар, ұлты орыс Иванның ұсталғанға дейін Ақтөбе облысында жабдықтаушы болып жұмыс істегені жазылған.

Романның сөзінше, ол бабасы жайлы сұрау салып, Қазақстанның түрлі ресми орындарына ондаған мәрте хат жазғанымен, біразға дейін тұщымды жауап ала алмаған. Тек 2018 жылы Қазақстан ішкі істер министрлігінен Иван Завадовский туралы кей деректер Ақтөбе облысында сақтаулы екені туралы хат келген.

Шөбересі Қазақстанда Иван Завадовский жайлы "құпия емес" құжаттарға ғана қол жеткізді. Айтуынша, Ақтөбе облыстық полиция департаменті бабасына қатысты процестік сипаттағы құжаттар "құпия" екенін айтып, көрсетпеген.

- Құжаттардың түпнұсқасы сот шешімімен ғана беріледі екен. Қолыма тиген құжат көшірмелерінде Иван Завадовскийдің нақты қайда жерленгені туралы мәлімет жоқ, - дейді Роман Завадовский.

1989 жылы қаңтардың 16-сы күні СССР Жоғарғы кеңесі президиумы шығарған жарлықтың негізінде сол жылы шілденің 24-і күні Ақтөбе облыстық прокуратурасы Иван Завадовскийді (марқұм) ақтаған.

ТӨРТ БУЫН АУЫСҚАНША СЕЙІЛМЕГЕН ҮРЕЙ

- Бабам Иван Завадовский революцияға дейін патшалық Ресейдің телеграфында қызмет істеген. Шіркеу қызметшісінің ұлы болғаны үшін совет билігі оны 1927 жылы әуелі бір жарым жылға соттап, кейін Қазақстанның батысындағы Қандыағаш станциясына жер аударған. Ол істі болғаннан кейін Ресейде қалған әйелі мен жалғыз ұлына мүлде хабарласпаған. Сірә, кесірім тимесін десе керек, - дейді Роман.

Иван Завадовскийдің патшалық Ресейдің телеграфында қызмет істеген кезде түскен суреті.
Иван Завадовскийдің патшалық Ресейдің телеграфында қызмет істеген кезде түскен суреті.

Шөбересінің қолына тиген 20 шақты фотосуретте Иван Завадовскийдің телеграф қызметкері болып істеген, Сібірде айдауда жүрген және кейін Қазақстанға келген кезі бейнеленген. Суреттер жақсы сақталыпты. Архив құжаттарында оның түр-тұлғасы ғана емес, денесіндегі меңдеріне дейін тәптіштеп жазылған.

- Қандыағашқа жер ауып келгеннен кейін Иван Завадовский 1900 жылы туған Мария Романовна Пяживая есімді әйелге үйленген. Бабамның қылмыстық іс құжаттарының отбасы туралы тұсында сол кісінің ғана есімі көрсетілген. Балалары туралы ешқандай мәлімет жоқ, - дейді Роман Завадовский.

Оның сөзінше, Иван Завадовский сотталып, Қазақстанға жер аударылғанда артында ұлымен қалған әйелі кейін басқа адамға тұрмысқа шыққан. Арада біраз уақыт өткенде отбасы Новосибирск қаласына қоныс аударған.

Иван Завадовскийдің (төменгі қатарда) айдауда жүргенде қосылған әйелі Мария Пяживаямен түскен суреті.
Иван Завадовскийдің (төменгі қатарда) айдауда жүргенде қосылған әйелі Мария Пяживаямен түскен суреті.

– Біздің әулетте бабамның тағдыры туралы мүлдем айтылмайтын. Қанқұйлы жүйе тудырған үрей төрт буын ауысқанша сейілген жоқ. Үлкен әжем Таисия Завадовская "халық жауының" әйелдері көрген теперіштен қорқып, кейінгі өмірінде бұрынғы күйеуі туралы ешқашан ешкімге ештеңе айтпаған. Ол кісі 79 жасқа келіп, 1980 жылы қайтыс болды. Бабамның артында қалған ұлы, 1927 жылы дүниеге келген атам Геннадий Иванович Завадовский де бүгінде өмірде жоқ. Атам да, 1957 жылы туған әкем Игорь Геннадьевич Завадовский де бабам туралы мардымды ештеңе білмейтін. Үлкен әжем күйеуін Сталин өлгесін де іздемеген, - дейді Роман.

Шөбересі отбасы архивінде Иван Завадовскийдің ешбір фотосы сақталмағанын айтады.

ТҮЙЕТӨБЕДЕГІ ЕСКЕРТКІШ

Роман Завадовский өткен ғасырда совет өкіметі жүргізген репрессия кезінде Ақтөбе өңірінде атылған белгісіз адамдардың сүйегі жатқан Түйетөбеге баруды ұйғарды. Ақтөбе қаласынан 21 шақырым жердегі Түйетөбеден өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында шүйдесін оқ тескен жүздеген адамның бас сүйегі табылған болатын.

Ресейлік Роман Завадовский сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылған Түйетөбе маңында. Ақтөбе, 24 қаңтар 2020 жыл.
Ресейлік Роман Завадовский сталиндік қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылған Түйетөбе маңында. Ақтөбе, 24 қаңтар 2020 жыл.

Аты-жөні белгісіз адамдардың сүйегін кейін сонда қайта жерлеп, басына "Жазықсыз жазаланғандар рухына тағзым" деген жазуы бар тас белгі орнатылды. Жылда мамырдың 31-і күні ақтөбеліктер совет тұсындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға Түйетөбенің басына жиналады.

Совет өкіметі ату жазасына кескен бабасының сүйегі бәлкім сонда жатқан болар деп топшылаған Роман Завадовский бірақ осы жолы Түйетөбеге жете алмады. Ақтөбе-Орск тасжолы бойында, үш шақырымдай қашықта орналасқан биік төбеге апаратын жолды қалың қар басып жатқандықтан, Романға ол жерді алыстан ғана көріп, қанағат тұтуға тура келді.

1938 жылы сталиндік жаппай репрессия кезінде түсірілген деректі фильм:

"Сатқындарға" шыққан үкімді қолдау
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:10 0:00

"ӘДІЛ БАҒАСЫ БЕРІЛГЕН ЖОҚ"

Ақтөбелік тарихшы Айшуақ Дәрменұлы Иван Завадовскийдің сүйегі Түйетөбеде болмауы да мүмкін деп санайды.

- Сталиндік репрессия - ауқымы өте үлкен қылмыс. Ол кезеңнің құжаттары толық ашылған жоқ. "Құпия" және "өте құпия" айдарымен қорғалып, архивтерде мұз болып сіресіп жатыр. Әрине, тарих ғылымы құжаттар мен жан-жақты дәлелденген фактілерге ғана сүйенуі керек. Әйтсе де мен Ақтөбенің айналасынан Түйетөбеден де басқа жерлеу орындары табылып жатса таң қалмаймын. "Қызыл террор" құрбандарының жеке іс қағазында "үкім пәлен күні орындалды" деген жазу ғана болады, қай жерге көмілгені жазылмайды. Сондықтан тарихшылардың қолында Түйетөбеде қанша адам, не үшін атылғаны туралы нақты дерек жоқ, - дейді Айшуақ Дәрменұлы.

Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері.
Ату жазасын орындап тұрған НКВД қызметкерлері.

Ол совет диктаторы Иосиф Сталин өлгеннен кейін билікке келген Никита Хрущевке сот-прокуратура органдары мен ішкі істер министрлігі дайындаған ресми мәліметте 1921 жылдан 1954 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде Совет одағында кемінде 3 777 380 адам сотталып, соның ішінде 642 980 адамға өлім жазасы кесілгені жазылғанын келтіреді. Алайда, кей тарихшылар қуғын-сүргін құрбандарының саны бұдан әлдеқайда көп болған деп санайды. Қырғынға кінәлі билік режиміне мемлекет тарапынан әлі күнге тиісті баға берілмегені де қоғамда көптен бері айтылып жүр.

- Қазақстан – 1920-30 жылдары қолдан ұйымдастырылған ашаршылық пен "қызыл террорды" айыптап, оған тікелей кінәлі компартия мен тоталитарлық жүйе екенін саяси тұрғыда негіздемеген ел. Сондықтан ол дәуірдің "құндылықтарынан" әлі күнге дейін арыла алмай келеді. Адамзат тарихындағы ең үлкен геноцидке айыпты Сталин мен сталинизмге мәңгүрт немесе есуас адам ғана құрмет танытуы мүмкін, - дейді тарихшы Айшуақ Дәрменұлы.

Сталиндік репрессия құрбаны Иван Завадовскийдің фотосуреті.
Сталиндік репрессия құрбаны Иван Завадовскийдің фотосуреті.

Роман Завадовский 90 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа ауызша әңгіме арқылы ғана там-тұмдап жеткен бабасы жайлы толығырақ білгісі келеді. Жігіттің ендігі ойы – Красноярск қаласына барып, Иван Завадовский жайлы архив құжаттарымен танысу. Сөйтіп, бір кезде советтік репрессия кесірінен ғасырға жуық уақыт қайда қалғаны белгісіз боп келген бабасы туралы деректерді толықтырып, отбасы шежіресін құрастыру.

Иван Завадовский тәрізді жазықсыз атылған боздақтардың мәңгілік мекеніне айналған Түйетөбеге қалың қардан бара алмай, күре жолға шығып, алыстан біршама уақыт қарап тұрғаннан кейін Роман сол жерден өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, Орск қаласына аттанды. Азаттық тілшісімен қоштасарда:

- Сталиндік жүйенің жауыздығынан менің бабам сияқты миллиондаған адамның тағдыры тас-талқан болды. Қазіргі қоғам бұдан сабақ алуы тиіс, - деді Роман Завадовский.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG