Accessibility links

Ресей президентіне шетелдегі ресейліктерді қорғауға әскер жіберуге рұқсат беретін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Ресей мемлекеттік думасы ғимараты алдынан өтіп бара жатқан қарулы полиция (архивтегі сурет)
Ресей мемлекеттік думасы ғимараты алдынан өтіп бара жатқан қарулы полиция (архивтегі сурет)

Ресей Мемлекеттік думасы 14 сәуір күні ел президентіне шетелде қамауға алынған немесе шетелдік және халықаралық соттар тарапынан қылмыстық не өзге қудалауға ұшыраған Ресей азаматтарын қорғау үшін қарулы күштерді пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл бастама Мәскеудің өз азаматтарына қатысты шетел юрисдикциялары әрекетіне жауап беру құралдарын кеңейтуге бағытталған.

Заң жобасы Ресей үкіметі тарапынан наурызда парламенттің төменгі палатасына енгізілген. Құжат "Ресей азаматтығы туралы" және "Қорғаныс туралы" заңдарға өзгерістер енгізуді көздейді. Түзетулерге сәйкес, Ресей президенті Мәскеу қатыспайтын немесе мойындамайтын шетелдік және халықаралық сот органдарының шешімдері бойынша қудаланған ресейлік азаматтарды қорғау үшін армияны "экстерриториялық" тәртіпте қолдану туралы шешім қабылдай алады. Сондай-ақ президент шешімімен өзге мемлекеттік органдар да шетелдегі қудалауға ұшыраған азаматтарды қорғау бойынша шаралар қабылдауға өкілетті болады.

Құжатта қарулы күштерді нақты қалай пайдалану көзделетіні ашып көрсетілмеген.

Ресейдің қазіргі заңы бойынша, шетел аумағында әскер қолдану үшін президентке Федерация кеңесінің келісімін алу қажет. Кремль дәл осындай рұқсатты 2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кірер алдында алған. Сарапшылар жаңа түзетулер президенттің онсыз да кең өкілеттігін заң тұрғысынан нақтылай түсетінін айтады.

Бұл бастама бірнеше резонансты халықаралық істер аясында қаралып отыр. Олардың қатарында АҚШ сұрауымен ұсталып, кейін Мәскеумен айырбас арқылы босатылған қару-жарақ саудагері Виктор Бут, Берлинде Зелимхан Хангошвилиді өлтіргені үшін Германияда сотталған Вадим Красиков, сондай-ақ кейінгі уақытта Польшада Украина сұрауымен қамауға алынған археолог Александр Бутягин ісі ерекше назар аудартты. Бұл жайттар Мәскеуде шетел соттарының ресейліктерге қатысты шығарған шешімдері туралы пікірталасты күшейтті.

Заң жобасының саяси салмағын арттырған тағы бір жайт – 2023 жылғы наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың Ресей президенті Владимир Путин мен балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы қамауға алу ордерін бергені болды. Олар Украинаның басып алынған аумақтарынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялады деген айыпқа қалған. Кейін Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Бас штаб бастығы Валерий Герасимов, Әуе-ғарыш күштері қолбасшысы Сергей Кобылаш және Қара теңіз флотының бұрынғы қолбасшысы Виктор Соколовқа да әлгіндей ордер шығарылған.

Айдар
XS
SM
MD
LG