Accessibility links

Ресей соғыста жеңе алмайды деген белгілі экономист қызметтен алынды

Ресейлік экономист Андрей Клепач
Ресейлік экономист Андрей Клепач

Ресейдің мемлекеттік даму институты (ВЭБ, Внешэкономбанк) 16 тамыз, жексенбі күні бас экономисі Андрей Клепачты қызметінен босатты. Банк ресми мәлімдемесінде Клепачтың қызмет өкілетінің мерзімі аяқталғанын айтқанымен, экономика тақырыбына маманданған басылымдар бұл шешім белгілі экономистің Никитск клубында жасаған баяндамасында Ресейдің Батыс қолдайтын Украинамен "соғыста әлсіреп жеңілетінін" мәлімдегеннен кейін қабылданғанына назар аударды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

The Bell басылымы банкке жақын дереккөздерге сүйеніп, ВЭБ төрағасы Игорь Шувалов Клепачты "жоғарыдан қоңырау шалынған соң" қызметінен босатқан деп жазды.

Никитск клубының сессиясында экономист Андрей Клепач Ресей әлемдегі экономикалық бәсекеге де, технологиялық бәсекеге де төтеп бере алмайды деген пікірін білдірген. Ол Ресейдегі азаматтық өнеркәсіптегі рецессияны, инвестициялардың қысқаруын және Украина қарулы күштерінің Ресей инфрақұрылымына жасаған шабуылдарының экономикалық салдары күшейіп бара жатқанын атап айтқан.

"Біз күш-қуатты сарқитын бұл соғыста бәсекеге төтеп бере алмаймыз. Бізде ол жақта [Украинада – Азаттық] бәрі күйрейді деген жалған үміт бар. Күйреген жоқ, күйремейді де. Шығынымыз еселеніп жатыр... Украина қарулы күштерінің біздің инфрақұрылымдарымызға – порттарға, мұнай-газ нысандарына, химия кәсіпорындары мен логистикаға – жасаған шабуылдардан келген шығындар барған сайын көбейіп, ендігі Ресей экономикасының өсуін тұсайтын елеулі макроэкономикалық кедергіге айналып барады", – деп мәлімдеген Клепач баяндамасында.

Бұған қоса ол Ресей экономикасы толық күйремейді деген пікір білдіргенімен, елде әлеуметтік дағдарыс қаупі артып келе жатқанын айтқан.

"Ресей құрдымға кетпейтініне сенемін, алайда әлеуметтік дағдарысқа тап болатынымызға шүбә жоқ. Экономикалық жағынан күйремеспіз, бірақ барған сайын артта қалып, салдарын тартатын боламыз", – деді маман.

Андрей Клепач – Ресейдегі жетекші макроэкономистердің бірі. Ол 2014 жылдан бастап Внешэкономбанкте бас экономист қызметін атқарды. Оған дейін он жыл Ресей федерациясы экономикалық даму министрлігінің макроэкономикалық болжам департаментінің директоры және министрдің орынбасары лауазымында істеген.

Никитск клубы – негізін 2000 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Сергей Капица қалаған белгілі ғылым-кәсіпкерлік пікірсайыс алаңы. Бұл клуб "Ресей жаһандық контексте" деген тақырыптағы ашық пікірталастарды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG