2022 жылы Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін Еуропа одағы санкцияларына алғашқылардың бірі болып ресейлік балқарағай іліккен еді. Еуроодақ 2022 жылғы 8 сәуірде қабылдаған санкциялардың бесінші пакетінде Ресей мен Беларусьтен ағаш импорты бойынша жаңа келісімшарттар жасауға тыйым салынды.
Алайда санкциялар енгізілгеніне үш жылдан астам уақыт өтсе де, Сібір балқарағайы Чехия мен Еуроодақтың басқа елдеріндегі нарықта әлі де кездеседі. Журналистік зерттеулер бұл ағаштың бір бөлігі Қытай немесе Қазақстаннан әкелінген өнім ретінде рәсімделуі мүмкін екенін көрсетеді.
Ресейден импорт азайды, есесіне Қытай мен Қазақстаннан көп жеткізілетін болды
Чехияның Deník N басылымы жүргізген зерттеуге сәйкес, санкциялар енгізілгеннен кейін Ресейден Чехияға ағаш импорты іс жүзінде нөлге дейін түскен. Бұл Еуроодақ шектеулерінің тікелей нәтижесі болды.
Алайда Ресейден ағаш жеткізу тоқтаған кезеңде басқа елдерден баратын импорт күрт өскен. Әсіресе 2023 жылдан бастап Қазақстан мен Қытайдан Чехияға ағаш жеткізу көлемі айтарлықтай артқан.
Чехия статистика басқармасының мәліметінше, соғысқа дейін елге Ресейден жыл сайын шамамен 22 мың тонна ағаш енгізілтін. Ал Қытайдан жеткізілетін ағаш көлемі бірнеше тоннадан жүздеген тоннаға дейін өскен.
Сербия мен Түркиядан әкелінетін ағаш көлемі де артқан. Алайда бұл елдерде Сібір балқарағайы табиғи түрде өспейді. Сондықтан сарапшылар олардан баратын ағаштың бір бөлігі транзит немесе қайта экспорт болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Қазақстаннан келетін ағаш көлемінің өскені де назар аудартады. Қазақстанда Сібір балқарағайы өсетін және экспортқа жөнелтілетін аумақтар бар. Дегенмен соғыстан кейін Чехияға жеткізіліп жатқан ағаш көлемінің күрт артуы бұл ел ресейлік ағашты қайта экспорттаушы ретінде пайдаланылуы мүмкін деген күдік туғызған.
Қазақстан мен Ресейдің Еуразия экономика одағы құрамында болуы екі ел арасындағы тауар айналымын жеңілдетеді. Бұл жағдай санкция салынған тауарлардың шығу тегін анықтауды қиындатуы мүмкін.
"Қосалқы экспорт" туралы ашық ұсыныстар
Ресей ағашының Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізілуі туралы ақпаратты кейбір компаниялардың өздері де жариялаған.
Мысалы, экспорттауды ұсынатын қазақстандық компаниялардың бірі siberian-larch.kz сайтында өз қызметін санкциялар енгізілгеннен кейін, 2024 жылы бастағанын көрсеткен деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода).
Ал ресейлік "Тимбер эксперт" компаниясы Қазақстан арқылы Еуропа нарығына ресейлік ағаш жеткізу мүмкіндігін ашық жарнамалаған.
"Біздің компания Сібір балқарағайын Қазақстаннан Еуроодақ елдеріне бағасы тиімді және жоғары сапалы ағашты тікелей жеткізудің тамаша мүмкіндігін ұсынады", – деп жазған сайтында.
Компания мұндай схеманы "параллель экспорт" деп атайды және Сібір балқарағайын Қазақстаннан Еуропа одағы елдеріне тікелей жеткізуге болатынын жазады.
Бұл деректер Ресейден шыққан ағаш құжат жүзінде Қазақстаннан немесе басқа елден келген өнім ретінде көрсетілуі мүмкін деген күдікті күшейтеді.
Балтық елдері арқылы да қайта экспорт жасалуы мүмкін
Ресей мен Беларусь ағашының Еуропаға қайта экспортталуы Балтық елдері арқылы жүзеге асуы мүмкін деген деректер де бар.
Чехия статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, соғысқа дейін Чехия Литвадан жыл сайын Сібір балқарағайы санатына жататын шамамен 1,5 мың тонна ағаш алып тұрған. Санкциялар енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш бұрынғы шамасынан үштен бірге дейін азайғанымен, былтыр қайтадан баяғы деңгейіне жеткен.
Ағаштың нақты шыққан жерін оның сыртынан қарап ажыратып, анықтау қиын. Дегенмен Сібір балқарағайының үлесінің көптігі Ресеймен байланысты болуы мүмкін деген күдікті күшейтеді. Бұл ағаш әлгі аталған өзге елдерге қарағанда Ресейде әлдеқайда көп өседі.
Заңды тұлғалардың Ресеймен байланысын тексеруге маманданған DatLab компаниясының өкілі Иржи Скугровецтің айтуынша, Ресейден Чехияға ағаш пен ағаш өнімдерінің импорты Украинада соғыс басталғалы бері іс жүзінде тоқтағанымен, Қытайдан, Қазақстаннан және Балтық елдерінен жеткізілетін ағаш көлемі ондаған пайызға өскен.
Оның пікірінше, мұндай өзгеріске себеп болуы ықтимал екі нәрсе бар: аталған мемлекеттер Ресейдің бұрынғы нарықтағы орнын басқан немесе олар Ресей ағашын экспортқа санкцияларды айналып шығаруға пайдаланылатын аралық елдерге айналған.
Скугровец Еуроодақ елдеріндегі импорттаушылар мен экспорттаушыларға сатып алып отырған өнімнің нақты шыққан жерін өз бетінше тексеруге кеңес береді.
Санкцияларды айналып өту схемалары бұған дейін де анықталған
Ресейдің Батыс елдері салған санкцияларды айналып өтіп, Еуропа нарығына тауар жеткізуі немесе соғысқа қажет өнімдерді үшінші елдер арқылы алуы бұған дейін де бірнеше журналистік зерттеу тақырыбы болған.
2022 жылдың желтоқсанында Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Ресей мен Беларусьтен шыққан, санкцияға іліккен ағаштың Еуропа нарығына Орталық Азия елдерінен келген өнім ретінде енгізілетіні жайлы зерттеу жариялаған.
Зерттеушілер Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан мен Қырғызстаннан Еуроодақ елдеріне ағаш импорты күрт өскенін анықтаған. 2022 жылы екі елден ағаш сатып алуға жұмсалған ақша 445 мың еуродан 30 миллион еуроға дейін өскен.
Бұл көрсеткіштер күмән тудырған, өйткені Қазақстан мен Қырғызстанда орман қоры аз: ормандар екі ел аумағының 6 пайызынан да аз бөлігін алып жатыр. Ал санкциялар енгізілгенге дейін бұл мемлекеттерден ағаштың көптеген түрлерін экспорттау іс жүзінде тоқтаған еді.
Литваның кеден департаментінің басшысы Вигантас Пайгозинас сол кездегі зерттеуде кеден қызметкерлері тауар қаптамасынан және қосымша құжаттардан оның Ресей немесе Беларусьтен шыққанын көрсететін белгілер тапқанын айтқан.
Орталық Азиядан әкелінді деп рәсімделген ағаштың негізгі сатып алушылары қатарында Латвия, Литва, Германия, Дания және Польша болған.
Чехия кедені күмәнді компанияларды тексеріп жатыр
EUobserver мәліметінше, Эстонияның кеден қызметі Чехия билігіне Қытай мен Қазақстаннан әкелінетін ағаш көлемінің күдікті түрде артқаны туралы ескерту жіберген. Эстон тарапы Чехия компаниялары Ресейден шыққан ағашты елге импорттауды жалғастырып жатқан болуы мүмкін екенін хабарлаған.
Сібір балқарағайы негізінен Ресейдің солтүстігі мен шығысында өседі. Оның таралу аймағына Қазақстанның шығысы, Моңғолияның солтүстігі және Қытайдың солтүстік-батысы да кіреді. Сондықтан ағаштың тек ботаникалық түріне қарап оның нақты қай елден шыққанын анықтау қиын.
Еуропаның алаяқтықпен күрес басқармасы (OLAF) бұдан екі жыл бұрын Чехияға Ресейден шыққан Сібір балқарағайының айналма жолдар арқылы жеткізілуі мүмкін екені туралы ақпарат берген.
Чехияның кеден қызметі ағаштың мұндай түрі көбіне Еуропа одағы елдерінен экспортталады дейді. Сонымен бірге ресейлік ағаштың Қытай немесе Қазақстан өнімі ретінде Чехия арқылы Еуроодақ нарығына енетіні туралы әзірге ресми расталған дерек жоқ.
Соған қарамастан Чехияның кеден органдары санкцияға іліккен ағашты сатып алуы мүмкін деген күдікке байланысты бірнеше жергілікті компанияны тексеріп жатыр.
Азаттықтың Орыс қызметінің материалынан ықшамдалып аударылды.