Accessibility links

Ресейден мобилизацияға дейін кеткендердің қазіргі өмірі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жеті ай бұрын Ресей Украинаға басқыншылық жасағанда, эмигранттардың алғашқы легі елден кете бастады. Қыркүйекте президент Владимир Путин мобилизация жариялаған соң, олардың саны күрт артты. Бірақ сарапшылар соғыс кесірінен эмиграцияланған ресейліктердің нақты санын айту қиын дейді. "Idel.Реалии" көктемде Ресейден кеткен азаматтармен тілдесіп көрді.

"ЕРЛІК ЖАСАЙ АЛМАЙТЫН АДАМДАР БОЛАДЫ"

29 жастағы Анна (аты-жөні өзгертілді) Пермь қаласында туған. Журналистикада жұмыс істеп, қайырымдылықпен айналысатын ол YouTube каналын жүргізеді. Аннаның бір қызы бар. 24 ақпанда "Соғысқа жол жоқ" деген плакат ұстап, алаңға да шыққан. Бірақ бірнеше күннен соң "фейк" туралы заң шығып, басылым жабылып қалған.

– Басылым жабылып қалған соң, Ресейден кеттім. Қызымның әкесі елден кетуге бекінгенін айтты. Баланы алып кететіні түсінікті еді. Қандай да бір себептермен елден кете алмай қалғанымды, шекара жабылып, қызымды көрмейтінімді елестетіп көрдім. Ол кезде Ресейден кету мүмкін болмай қала ма деген қорқыныш болды. Бірақ кетемін деген адамға қазір де мүмкіндік бар, – дейді ол.

Анна эмиграция туралы бұрын да ойлағанын айтады. Бірақ кейінгі жылдары Ресейде өмір сүрген ұнай бастаған. Қазір ол Грузияның Аджария ауданында тұрады.

– Моральды тұрғыда ауылды жер мені құтқарып қалды. Кетуге себеп болмаса, осы жерде қалғым келеді, – дейді ол. – Қазір қанша табатынымды айту қиын, каналдың табысы әртүрлі. Бірақ пәтер жалдауға, азық-түлікке жететінін білемін. Өмір сапасы жақсарды: қорқыныш жоқ, әдемі жерде, теңіздің жағасында тұрамын. Табыс аздап өсті, шығын да артты. Пермьде өз пәтерім болса, мына жақта жалдап тұрамын.

Анна елден кететін кезде өзін аздап кінәлі сезінгенін айтады.

– Шешімімнің дұрыс екеніне көз жеткізгенімде, бұл сезім ғайып болды. Ерлік жасай алмайтын адамдар болады. Мен сондаймын. Бәлкім әлсіз адам шығармын, мүмкін отбасым бар болғандықтан шығар. Ерлік жасай алмаған соң, жұмыстың тиімді болғанына мән беру керек. Қазір ерлік жасай алмайтын адам ретінде бәрін дұрыс істедім деп ойлаймын, – дейді ол.

"ОЙЫН ЕРЕЖЕСІН ҚАБЫЛДАУ"

26 жастағы Даавр Доржин Қалмақ республикасының астанасы Элиста қаласында туып, Мәскеуде өмір сүрген. Соғыс басталған соң Ереванға кеткен.

– Эмиграцияға кеткеніме бақыттымын. Халықтың қоғамдық-саяси қайраткері ретінде, саяси кеңесші мен құқық қорғаушы ретінде жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қауіпсіздіктемін, сүйікті жұмысым бар. Ең бастысы, мені қабылдаған, дос көретін қоғамда жүрмін, – дейді ол.

Даавр Дорҗин
Даавр Дорҗин

Елден кету шешімін соғыс басталған күннің ертеңінде қабылдаған Даавр Армениядан үшінші елге кетуді жоспарлап отырмағанын айтады.

– Ойын ережесін қабылдап, [қоғамға] кіріге алдым. Армян тілін үйреніп жүрмін. Бақыттымын. Табысым азайғанымен, ақша санай аламын, – деді ол.

Даавр Қалмақ жерін сағынғанымен, Ресейге оралмайтынын айтады. "Тәуелсіз Қалмақ республикасына оралып, оны экономикасы мен ғылым дамыған, соты тәуелсіз елге айналдырғым келеді" дейді ол.

"РЕСЕЙГЕ ҚАЗІРГІ БИЛІК КЕТСЕ ҒАНА ОРАЛАМЫН"

Олег Родин 2016 жылы "Яблоко" партиясына мүше болған соң екі рет қалалық дума депутаты ретінде тіркеле алмаған. Нижний Новгородта тұрған ол Ресейден наурызда кеткен.

– Алдымен екі апта Қазақстанда, сосын үш ай Арменияда тұрдым. Қазір Польшада тұрып жатқаныма үш ай болды. Күш құрылымдарының қылмыстық қудалауынан қауіптенген соң кеттім, дейді ол.

Олег Родин
Олег Родин

16 ақпанда "Яблоко" партиясы "Соғысқа жол жоқ" науқанын қолға алған. Белсенділер Нижний Новгородтағы аймақтық бөлімде соғысқа қарсы қол жинай бастаған. Бірақ кеңсенің иесі оны шақырып алып, ішкі істер министрлігі хабарласқанын айтып, қол жинауды тоқтатуды сұраған.

– Қол жинауды тоқтатпап едік, сегіз адам кеңсеге шабуыл жасады. Сегіз жыл бұрын қайда болғанымызды сұрап, Донбассты қолдайтынын, сатқын екенімізді айтумен болды. Мүлікті қиратып, қол жинайтын қыздың қолын шығарды. Есеп беру үшін керек болды ма, бәрін камераға түсіріп алды, – дейді ол.

Бұл оқиғадан соң олар полиция шақырған. Бірақ оларды шабуыл жасағандардан гөрі, соғысқа қарсы қол жинау науқаны көбірек қызықтырған. Ол "ДХР" деген жазуы бар көлікпен жүрген адамдардың оны аңдып жүргенін сезгенде елден кетуге шешім қабылдағанын айтады.

—Тура сол күні ұшаққа билет қарай бастадым. Саяси күрестегі серіктерім бірге кетуді ұсынды. Эмиграция туралы бұрын да ойлағанмын. 2011 жылы Чехияға кетуді ұсынғанда, келіспеген едім. Елде сайлауға қатысты наразылық болып жатты, соның сәтті аяқталатынына сендім. Қазір Путиннің соғыста жеңілетініне сенемін, билік ауысатын шығар деп үміттенемін, дейді ол.

Ол Ресейге қазіргі билік құлап, саяси астармен қудалау тоқтаса ғана оралатынын айтады.

"ЖАҒДАЙДЫ ӨЗГЕРТУГЕ ТЫРЫСУ ҮШІН ОРАЛАМЫН"

25 жастағы Вадим Никифоров — чуваш белсендісі. Навальный штабында жұмыс істеген ол – ұйым "экстремистік" деп танылған соң келісімшартын үзген. Чуваш соты оны Чебоксарыда Навальныйды қолдау акцияларын ұйымдастырды деп таныған. Құқық қорғау ұйымдарының қысымынан соң ол мамырда елден кеткен. Қазір Қырғызстанда тұратын ол – "Сердитая Чувашия" телеграм арнасын жүргізеді.

Вадим Никифоров
Вадим Никифоров

Никифоров эмиграция туралы ойламағанын, соңына дейін халықпен бірге болғысы келгенін айтады. "Кетпесем, мен қамауға алтын еді немесе мобилизацияға жіберетін еді. Жұмыс істеуге, Чувашия туралы шындықты жазуға мүмкіндік бермес еді" дейді ол.

Бәрі орыс тілінде сөйлейтіндіктен және баға айтарлықтай арзан болғаны үшін Қырғызстанды таңдағанын айтқан ол қазір басқа да эмигранттар секілді қашықтан жұмыс істейді. Ол табысы өзгермегенін, бірақ өмір сапасы жақсарғанын айтады. "Мұнда коммуналды шығын мен пәтер жалдау арзан" дейді ол.

Вадим Никифоров әзірге Ресейге оралуды жоспарлап отырған жоқ. Мамырдан бері Ресейге бармаған ол үйіне оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды: "Бірдеңе өзгертуге талпынып көру үшін ораламын, бірақ қашан екенін білмеймін" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG