Accessibility links

"Ресейдің сұрауы бойынша". Орал полициясы журналист Лұқпан Ахмедияровты ұстады

Тәуелсіз журналист, YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров. Астана, 9 шілде, 2025 жыл.
Тәуелсіз журналист, YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияров. Астана, 9 шілде, 2025 жыл.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының полициясы қазақстандық тәуелсіз журналист, YouTube-тегі "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровты оған халықаралық іздеу жариялаған Ресей федерациясының сұрауы бойынша ұстаған. Мұны Ахмедияровтың әріптесі журналист Рауль Упоров 22 маусым күні Facebook-парақшасында хабарлады.

Упоровтың айтуынша, оған Лұқпан Ахмедияров телефон шалып, өзін көшеде полиция қызметкерлері тоқтатқанын жеткізген. Полиция өкілдері қазақстандық журналистке Ресей ішкі істері оған халықаралық іздеу жариялағандықтан ол іздеуде жүргенін хабарлаған.

"Лұқпанның сөзінше, оның үстінен қылмыстық істі былтыр 25 желтоқсанда Ресейдің Мәскеу облысының ішкі істер министрлігі қозғапты. Орал полициясы одан осы істің аясында жауап алатын шығар", деп топшылайды Упоров. Оның айтуынша, Лұқпан Ахмедияров қазір Оралда полиция мекемесінде отыр.

Орал полициясы Лұқпан Ахмедияров не үшін ұсталғаны жайлы әзірге түсініктеме берген жоқ.

Журналистің қандай себеппен ұсталғанын сұраған Азаттық Азияға, сондай-ақ қазақстандық Vlast және Ulysmedia.kz басылымдарына Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Лұқпан Ахмедияровқа байланысты ресми түсініктеме дайындап жатқанын айтты.

Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров бұған дейін бірнеше рет өшіріліп, баспасөз қорғау ұйымдарының көмегімен қайта қалпына келтірілген, Қазақстандағы маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді ашық айтып жүрген, Украинадағы соғыс туралы да ақпарат тарататын "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторлары. Бұған дейін олар Украинаға бірнеше рет барып, соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан украиндардың өмірінен репортаждар әзірлеген.

Биыл 5 наурызда Украинадан іссапардан оралған журналистер Лұқпан Ахмедияров, Рауль Упоров пен олардың операторы Еркебұлан Ғапуовты Астана әуежайында құқық органдары қызметкерлері ұстап, құжаттарын алып қойған еді. Кейінірек үшеуін де босатқан.

Батыс Қазақстан облысының тумасы Лұқпан Ахмедияров Қазақстандағы тәуелсіз журналистердің бірі ретінде танымал. Кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың иегері атанған Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа кәсіби қызметіне бола қастандық жасалған.

Кейінгі бірнеше жылдан бері Астанада тұрып жатқан Лұқпан Ахмедияров әріптесі Рауль Упоровпен бірге Қазақстандағы тәуелсіз медиаға қысым жасалатынын сынға алып, биліктің қытығына тиетін саяси тақырыптарды қозғаған журналистердің жұмысы қиындыққа тап болатынын айтқан.

Былтыр Астанада билік өкілдері Лұқпан Ахмедияровты ұстап, "көрінеу жалған ақпарат тарату" туралы іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер ретінде жауап алу үшін полиция мекемесіне жеткізген еді. Ол іс Ахмедияров Ресейге жұмыс істеуге кеткен қазақстандықтарды Ресейдің қорғаныс министрлігі әскери келісімшартқа отыруға мәжбүрлеп жатқаны туралы бейнематериал жариялағаннан кейін қозғалған. Ол қылмыстық істің қай деңгейде екені қазір белгісіз: бұған дейін бірнеше рет полицияға шақыртып, жауап алғаннан басқа тергеу амалдары жайлы ақпарат болған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG