Ресей соты генерал Игорь Кириллов пен оның көмекшісі Илья Поликарповты өлтірді деп айыпталған Өзбекстан азаматы Ахматжон Курбоновты өмір бойы бас бостандығынан айырып, бір миллион рубль көлемінде айыппұл салды. Сот Әзербайжан азаматы Роберт Сафарянға 25 жыл түрме жазасын берді. Ал ингушетиялықтар Батухан Точиев пен Рамазан Падиев 22 және 18 жылға бас бостандығынан айырылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл жөнінде РБК жазды.
Сотталушыларға террористік ұйым құру және оған қатысу, террористік акт әзірлеу, заңсыз жарылғыш заттарды сату және жарылғыш құрылғы жасау баптары бойынша айып тағылды.
2024 жылы желтоқсанда ресейлік генерал-лейтенант Кириллов пен оның көмекшісі Мәскеудегі үйдің бірінде болған жарылыстан қаза болған еді. Кириллов 2017 жылдан бері Ресей қарулы күштерінің радиация, химия және биологиялық қорғаныс әскерінің басшысы болған. Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Кириллов көп брифинг өткізген, соның бірінде Украинада АҚШ-тың көмегімен биологиялық қару жасалып жатыр деп мәлімдеген.
Мәскеуде аспаз болып жұмыс істеген Курбоновты жарылыстан кейін Ресейдің арнайы қызметі ұстаған. Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) мәліметінше, ол «Украина күштерінің 100 мың долларлық сыйақысына алданған».
Тергеушілердің айтуынша, «Өзбекстан азаматы бомбаны генералдың үйінің жанындағы скутерге орнатқан, оған жарылғыш затты Сафарян жеткізген, Точиев пен Падиев тапсырысты орындаушыны баспанамен қамтамасыз еткен».
РБК хабарлауынша, Курбонов кінәсін мойындаған. Қалғандары сотта оның жоспары туралы ештеңе білмейтіндерін айтты.
Украина ақпарат құралдары қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып, генералдың өмірін қиған жарылысты Украина қауіпсіздік қызметі ұйымдастырғанын хабарлады. «Украинская правда» басылымына дереккөздердің бірі «украин әскеріне қарсы тыйым салынған химиялық қаруды қолдануға бұйрық берген Кириллов әскери қылмыскер және заңды нысана болғанын» айтқан.
Ресейлік және кейбір өзбек сарапшылары Өзбекстан азаматының бұл қылмыс бойынша айыпталуы сұрақ тудыратынын және оның түрмеде азапталуы мүмкін екенін айтады.