4 шілдеде Respublica партиясының cъезінде құрылтай сайлауына қатысатын партиялық тізім де анықталды. Оған 76 адам кірді.
“Партиялық тізімде 76 үміткер бар. Үміткерлердің орташа жасы – 41. Тізімде 44 ер адам, 32 әйел бар. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 11 адам немесе 14,5%. Ең жас үміткердің жасы 27-де, ең егдесі 55-те” деді партияның кезектен тыс съезі кезінде орталық аппарат жетекшісі Жанат Ысқақов.
Партиялық тізімде парламенттің 8-шақырылымының 5 депутаты да бар: Олжас Күспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау, Айдарбек Қожаназаров.
Бұған қоса, блогер, кәсіпкер Бейбіт Әлібеков, журналист Ерболат Мұхаметжан, продюсер Азамат Марклен және өзгелер бар. Тізімде сонымен бірге президент әкімшілігі, мемлекеттік кіріс комитеті, Жоғарғы сот кеңесінің өкілдері бары айтылды. Бизнес, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, медицина, IT, туризм, сән саласының мамандары да енген.
Қазақстанда құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді. Бұған дейін орталық сайлау комиссиясы сайлауға елде ресми тіркелген 7 партия қатысатынын айтқан. Respublica – құрылтай сайлауына қатысатын партиялық тізімін анықтаған алғашқы партия. Алдағы уақытта қалған партиялар өз тізімін ұсынады.
Ақпаратқа қарағанда, "Ақжол" – 5 шілдеде, "Ауыл" – 6 шілдеде, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы - 8 шілдеде, "Байтақ" – 9 шілдеде, "Әділет" 10 шілдеде сайлауалды съездерін өткізбек.
1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, елде бір палаталы 145 орындық құрылтай құрылмақ. Оған тек партиялық тізім бойынша депутаттар сайланбақ.