Қазақстанда 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 тамызға Құрылтай сайлауын жариялады. Елде енді бір палаталы парламент жасақталады. Ақорда бұл өзгерістерді "Қазақстанның жаңа дәуірінің бастамасы" деп атады. Азаттық жаңа Конституцияны және алдағы сайлауды журналист, азаматтық белсенді Әсем Жәпішевамен талқылады.
Азаттық: 1 шілдеден бастап Қазақстанда Жаңа конституция күшіне енді. Бүгінгі құттықтау сөзінде президент "енді ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғы жолына түсеміз" деді. Бұл жай айтыла салған сөз бе әлде шын мәнінде негізі, тірегі бар мәлімдеме ме?
Әсем Жәпішева: Бұл жерде қандай дамудың жолына түскенімізді қарау керек. Президенттің өкілеттілігі, Қазақстандағы авторитаризмді, президенттің күшейуіне келсек, әрине дамып жатыр. Бірақ парламенттің өкілеттілігіне келсек, едәуір тоқырап, парламент талқылайтын бірқатар өкілет президентке беріліп жатыр.
Азаттық: Сіздің билікке оппозициядағы көзқарасы бар адам екеніңіз белгілі, дегенмен Жаңа конституцияда өзіңізге қатты ұнаған, бұрынғы Конституцияда болмаған бір жаңа бап немесе тармақ бар ма?
Әсем Жәпішева: Жалпы жалғыз біз емес, оппозиционерлер де, саясаттанушылар да Қазақстанға қос палаталы парламент керек емес деп айтып жүрді. Себебі сенаттың 10-15 жылдағы басты рөлі президентті қолдау, президенттің айтқанын орындау болды. Сол сенаттың жойылғаны, бір жағынан, қуантарлық жағдай. Елде бір палаталы Құрылтай пайда болып жатыр. Бірақ парламенттің атауы өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Керісінше парламенттің өкілеттілігі қатты қысқарды. Сол жағы алаңдатады.
Азаттық: Тағы бір мәселе, жаңа Конституциядағы 92-бапты алсақ, енді бұдан былай Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар бұрынғыдай бірнеше депутаттың бастамасымен парламентте жасала салмайды. Қайтадан жалпы халықтық референдумға шығарылады. Осы да бір Конституцияның тұрақтылығына кепіл емес пе?
Әсем Жәпішева: Бұл Конституцияның өзгеруіне кепіл болады деп айта алмаймыз. Себебі келесі президент келіп, Конституцияны өзгертуге ниеті болса, референдум өткізе салуы мүмкін. Мұны көзімізбен көрдік. Қазіргі өзгерістер үш-төрт жылдай жарар, бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы мерзімін аяқтап, орнына басқа адам келсе, ол да референдум өткізуі мүмкін.
Азаттық: Яғни, Конституция қайта өзгермей ішінара өзгертуді меңзеп тұрсыз ғой?
Әсем Жәпішева: Иә, тарихымызға қарайтын болсақ, төрт-бес жыл сайын Конституцияға ауқымды өзгерістер енгізілген. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда жасалған, қазір Тоқаев қайталап жатыр. 2022 жылдан бері Конституцияға екі рет ауқымды өзгеріс енгізілді. Сондықтан 2029 жылдан кейін де ауқымды өзгеріс болуы мүмкін деп ойлаймын.
Азаттық: Жаңа Конституцияны әзірлеуге қатысқандар бұл құжатта адам құқығы қатты қорғалатынын жиі қайталады. Құжатта сөз, пікір еркіндігі, адамның өмірі мен бостандықтары, білім алуы және денсаулығын сақтауы сияқты негізгі құқықтар түгел қамтылған деді. Келісесіз бе?
Әсем Жәпішева: Бұл жері енді өтірік. Оған үш дәлел бар. Ең алдымен, елде халықаралық нормалар, БҰҰ нормаларының күші төмендеді. Конституцияда жазылғандай, Қазақстанның жергілікті заңдары, жергілікті нормалары халықаралық нормаларға қарамайды. Мұның несі жаман? Мысалы, бір адам полициядан зорлық-зомбылық, жәбір көрсе, оны халықаралық нормаларсыз қорғау қиын. Құқық қорғаушылардың да жұмысы қиындайды. Бұған қоса, президент Жоғарғы сот, Конституциялық сот төрағаларын, бас прокурорды, адам құқығы бойынша уәкілді өзі тағайындайды. Бұрын мәжіліспен бірге тағайындайтын еді. Бұл өзгеріс елдегі бостандықты тежейді. Президентпен келіспеймін деп айтатын бірде-бір адам болмайды. Себебі оларды президент тағайындаған.
Азаттық: Президент Тоқаев Құрылтай сайлауын 23 тамызға белгіледі. Шамамен 50 күннен соң болады. Осы уақыт ішінде сайлауға халықтың қызығушылығы, үгіт-насихаттың қарқыны, партиялар арасындағы бәсекені қалай елестетесіз? Қандай болады деп ойлайсыз?
Әсем Жәпішева: Тоқаев бұған дейін аудан әкімдерін сайлауды алып тастағанда "Халық сайлаудан шаршады" деген еді. Бірақ бұл аудан әкімдерін сайлауды алып тастауға себеп емес еді. Дегенмен кейінгі болған референдумдар, ештеңе өзгертпейтін сайлаулардың барлығы халықты шаршатқан сияқты. Қазіргі жеті партия арасында да таңдау жоқ, барлығы президентті қолдайды, бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Сондықтан алдағы сайлауға қызығушылық, қызық саяси тартыс, партиялардан қызық ұсыныс болады дегенге онша сенбеймін. Бұрынғы әдіспен мемлекеттік қызметкерлерді, мұғалімдерді пайдаланып өткізеді деп ойлаймын.
Азаттық: Ақорда жаңа Конституциямен бірге Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты деп жиі айтып жатыр. Сіздіңше бұл жаңа дәуір қандай болады, қалай елестетесіз?
Әсем Жәпішева: Жаңа дәуірге қадам басуға көп фактор әсер етеді. Бұл Украина мен Ресей арасында соғыс қалай аяқталатынына, мұнай бағасына да байланысты. Мұнай – экономикамыздың басты табыс көзі. Бұдан бөлек, елде авторитаризм қатты күшейіп барады. Жаңа Конституция, оған дейін қабылданған заңдар президенттің өкілетін қатты күшейтті. Осылай жалғаса беретін болса, стагнацияға тап боламыз.
Азаттық: Сіздің көзқарасыңызда биліктің оптимизмі емес, пессимизм басым сияқты.
Әсем Жәпішева: Шынын айтсам, бұрын оптимистік көзқарастарды айтып, сенім болған еді. Алайда қазіргі өзгерістердің барлығын көре отырып, менің ойымша, ортада тұрып қалған сияқтымыз. Бірақ Қазақстанның айналасындағы жағдайларды, әлемдегі жағдайларды ескере отырып, стагнацияның өзі жақсы шығар деп те ойлаймын. Бірақ саяси тұрғыда дамымай жатырмыз.