Accessibility links

КТК-дағы кезекті ақау және "қожайынның кім екенін көрсеткісі келген" Мәскеу


Каспий құбыр желісі консорциумының терминалы.
Каспий құбыр желісі консорциумының терминалы.

Батыс басылымдары бұл аптада қазақ мұнайын Ресей аумағы арқылы Еуропаға тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциуымының жұмысы кезекті рет ішінара тоқтағанына назар аударды. Сонымен қатар Қазақстанның мұнай-газ саласындағы Қытайдың шын мәніндегі орны мен ықпалы қандай деген сұраққа жауап іздеді.

МӘСКЕУ КТК-ДАҒЫ АҚАУДЫ ЖЕЛЕУ ЕТІП, НҰР-СҰЛТАНДЫ ЖАЗАЛАП ЖАТЫР МА?

BNE Intellinews іскерлік басылымы Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы жылдың басынан бері осымен төртінші мәрте шектелгеніне назар аударады. Мақала авторы Низом Ходжаевтың жазуынша, бұл Кремль қазақ мұнайының экспортына араласып жатыр деген әңгімені қайта үдетті.

Каспий құбыр желісі консорциумының хабарламасына қарағанда, Қара теңіздегі «Южная Озереевка» терминалындағы шығарылатын үш айлақ қондырғысының екеуі жұмысын тоқтатқан. «Екі шығарылатын айлақ қондырғысына техникалық қызмет көрсету бойынша жоспарлы жұмыстар кезінде су асты түтіктерін жүзу танктеріне бекіту тораптарында жарықшақтар табылған». Жүзу танктерін ауыстырғанға дейін екі айлақ қондырғысы мұнай жөнелтуді тоқтатты. КТК-ның өзі ақауды былтыр қыста болған «қолайсыз ауа райымен» байланыстырып отыр.

«Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамаған Қазақстанға Мәскеу осылайша «үйде кім қожайын» екенін көрсетіп жатыр деген әңгіме қызып тұр. Мәскеу қаласа әлемдегі мұнай нарығына әсер ету үшін Новороссийск аумағындағы экспорттық платформаларға бақылау орната алады. Әлемдегі мұнай тасымалының 1 пайызы осы терминал арқылы өтеді» дейді автор.

BNE Intellinews-тің жазуынша, Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындары – Теңіз және Қашағанда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, КТК арқылы тасымалданатын мұнай көлемі бұрынғыдан аз, сол себепті КТК-дағы ақау қазақ мұнайының экспортына айтарлықтай әсер етпеді.

Консорциум наурыз айында теңіздегі дауылдан кейін Новороссийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғы істен шыққанын алға тартып, жұмысын ішінара тоқтатқан. Оның тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. 15-25 маусым аралығында Қазақстан мұнайы үш қондырғының біреуіне ғана тиелген. Ол кезде "суасты қауіпті заттарды утилизациялауға даярлық жұмыстар" жүргізіліп жатқаны айтылды. Шілде айында Ресейдегі Новороссийск қаласының соты «экология ережелерін бұзғаны үшін» консорцуим жұмысын 30 күнге тоқтату туралы шешім шығарды. Кейін апелляциялық сот шешімді өзгертіп, консорциумға айыппұл салды.

Консорциумнан кезекті рет ақау шыққанын талдаған Eurasianet басылымы бұл жайт Мәскеу Нұр-Сұлтанды Украинадағы соғысты қолдамағаны үшін жазалап жатыр деген алыпқашпа әңгімені одан бетер қыздырды деп жазады.

Басылым құбыр салуға маманданған алматылық инженер-құрылысшы Асқар Айсауытовтың мұнайды айдайтын құбырдың жұмыс істеген-істемегеніне қарап, «Кремль мен Ақорданың қарым-қатынасы қаншалық шиеленіскенін байқауға болады» деген пікірін келтіреді.

Ал Қазақстан мұнай сервисі компаниялары одағының жетекшісі Нұрлан Жұмағұлов өзінің Telegram-арнасында құбыр жұмысының шектелгенін жемқорлықпен байланыстырған. Оның айтуынша, бір жыл бұрын зерттеу жүргізетін «Наша Версия» басылымы 2021 жылдың наурызында консорциум ашық емес тендер нәтижесінде теңіз терминалына 12 жыл бойы қызмет көрсеткен Роттердамдағы Smit Lamnalco мердігер компаниясын «Транснефть» компаниясына ауыстырғанын жазды. Басылым жаңа мердігер тәжірибесі аз болғанына қарамастан, қызметіне 30 есе көп ақша алатынына назар аударған. Сол жылдың тамызында Қара теңіздегі терминалдан 70 тонна мұнай төгілгені хабарланды. Жұмағұловтың ойынша, құбыр жұмысының шектелгеніне геосаясат емес, «Ресей мердігерінің жемқорлығы мен жауапсыздығы» себеп.

Мақала авторы Алмаз Куменов егер Жұмағұловтың болжамы расқа айналса, бұл мұнай экспортын әртараптандырмаған Қазақстан үшін жағымды жаңалық емес деп тұжырымдайды.

КТК терминалында мұнай айдау процесі.
КТК терминалында мұнай айдау процесі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНДА ҚЫТАЙДЫҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?

Осыдан он жыл бұрын Қытай Қазақстанның мұнай-газ саласына дендеп еніп, ресурстарды біртіндеп жұтып жатыр деген әңгіме көп айтылатын. Eurasianet басылымы Қытай мұнай-газ саласын шын мәнінде қаншалықты бақылайды деген сұраққа жауап іздейді.

Қытайдың мемлекеттік CNPC корпорациясы ең алғаш 1997 жылы «Ақтөбемұнайгаз» компаниясының 60 пайыз акциясын сатып алған. Кейін Қытай Қазақстанның батысын Шыңжаң өлкесімен қосатын 2200 шақырым құбырды салуға уәде етті. Құбыр тартылғалы бері 250 миллион тонна мұнай тасымалдаған. Басылымның мәліметінше, 1997 жылдан бері CNPC Қазақстанның мұнай-газ секторына 45 миллиард доллар инвестиция салған. Бұл сома үлкен болғанымен, басылым 2010 жылдан бері Қытайдың мұнай өндіру саласындағы үлесі екі есе: 31 пайыздан 16 пайызға қысқарғанын келтіреді. Ұлттық банктің мәліметінше, Қытайдың мұнай-газ саласына құйған жиынтық инвестициясы да қысқарған: 2013 жылы бұл көрсеткіш 3,7 миллиард доллар болса, 2021 жылы 1,3 миллиард долларға азайған. Ал бұл еліміздің энергетика секторына бағытталған жалпы инвестициялардың 1 пайызына жетер-жетпес көрсеткіш.

Мұны былай қойғанда, 2020 жылы 31,2 миллион тонна мұнай өндірілсе, оның тек 10,5 миллион тоннасын CNPC бақылауындағы компаниялары өндірген. Бұл мұнайдың 85 пайызы елде қалған.

Қытай қазақ мұнайын сатып алатын негізгі елдердің қатарында емес. Былтыр сыртқа экспортталған 65,7 миллион тонна мұнай мен мұнай өнімдерінің тек 3,6 пайызын ғана Қытай алған. Онымен салыстырғанда Италия, Нидерланды мен Франция Қазақстаннан көбірек мұнай сатып алған.

Ресми көрсеткіштер Қытайдың мұнай-газ секторындағы рөлі басым емес екенін көрсетсе де, сарапшылар Қытай инвестицияларының нақты көлемін тап басып айту қиын деп есептейді. Қазақстандағы Сүлейменов атындағы шығыстану институтының ғылыми қызметкері Еркін Байдаров Қытай капиталы тәрізді негізінен Нидерланды сияқты юрисдикциялардан келетін көзге көрінбейтін инвестициялар мен Қытай үлесі бар қазақстандық компанияларды есепке алу керек деп есептейді.

Дегенмен Ресейдің қазақ мұнайын Еуропаға экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысын қайта-қайта тоқтатуы Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық саладағы әріптестігіне жаңа серпін беруі мүмкін. Себебі Нұр-Сұлтан мұнайды Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы экспорттауды пысықтауды тапсырды. Басылымның талдауынша, мұнай бағыттарын әртараптандыру ұзақ уақыт қажет етеді. Ондай жағдайда энерготасымалдағыштарды шығыс бағытта экспорттау қысқамерзімді шешім бола алар еді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қытайға мұнай тасымалдау келесі жылы 8,5 миллион тонна немесе 70 пайызға артатынын мәлімдеді.

Автор бұл Ресейге тәуелділікті азайтатын мүмкіндік болып көрінгенімен, Мәскеу Ресей компанияларының мүддесін көздеп, құбырдың қосымша қуатын мұнай өнімдерін шығысқа экспорттау үшін пайдалануы мүмкін деп топшылайды. Өйткені биыл ақпанда Путиннің Пекинге сапары кезінде Ресей мемлекеттік «Роснефть» компаниясы Қытайдың солтүстік-батысында CNPC бақылайтын мұнай өңдеу зауыттарына 100 миллион тонна қара алтын жеткізу жөнінде 10 жылға арналған келісімшартқа қол жеткізді. Ал бұл мұнай түгелдей Қазақстан арқылы тасымалданады.

XS
SM
MD
LG