Accessibility links

Қытай мен Түркияның аймақтағы ықпалы күшейе ме? Медведевтің "бұзылған парақшасындағы" жазба неліктен дау тудырды?


Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Шолпон-Ата, 20 шілде 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. Шолпон-Ата, 20 шілде 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдің аймақтағы үстемдігі азайып жатқан уақытта Қытай мен Түркияның Орталық Азиядағы ықпалы күшейе ме деген сұраққа жауап іздейді. Сонымен қатар Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «бұзылған парақшасындағы» жазба неліктен дау тудырғанына үңіледі. Одан бөлек Қытай сыртқы істер министрінің аймаққа не үшін келіп-кеткенін талдайды.

ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫҚПАЛЫ КҮШЕЙЕ МЕ?

Modern Diplomacy платформасы Ресейдің Орталық Азиядағы үстемдігі әлсіреп жатқан уақытта аймақта қандай ойыншылардың ықпалы артуы мүмкін деген сұраққа жауап іздейді.

Мақала авторы Шриватсал Субраманиам Ресейдің дәстүрлі «ықпал аймағы» саналатын Орталық Азияда Мәскеу экономикалық, саяси үстемдікке ие және «жұмсақ күші» бар екенін жазады. Бірақ Украинадағы соғыс аймақтың үрейін тудырды. Мақала авторының жазуынша, Кремль Украинадағы соғыстан қолы босамай жүргенде, Орталық Азия елдерінің Мәскеумен қарым-қатынасты сүзгіден қайта өткізуі аймақтағы екі ойыншы – Қытай мен Түркияға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Қытай үшін Еуразияның құрлық жолдары – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының негізі. Осылайша Пекин үстемдікке Орталық Азия арқылы қол жеткізе алады. Қытайдан шығатын контейнерлер Еуропаға Ресей арқылы жететін. Бірақ соғыс басталған соң Батыс Ресейге қарсы санкция салды әрі сауда тоқтап қалғандықтан, Пекин стратегиясын қайта қарастыруға мәжбүр».

Нәтижеде Қытай тасымалдаушылары Ресейді айналып өту үшін Транскаспий халықаралық жолын немесе «Орта дәлізді» пайдаланып жүр. Осының арқасында Орталық Азия мен Кавказ арқылы жүк тасымалдау былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өседі деген болжам бар.

Мақала авторы Қытай аймақтағы экономикалық мүддесін қорғап, Шыңжаңда толқу тудыруы мүмкін кез келген әрекеттің алдын алу үшін Орталық Азиядағы қауіпсіздікке мән бере бастағанына назар аударады. Көп жыл бойы Ресей мен Қытай арасында бейресми еңбек бөлінісі болды: Мәскеу қауіпсіздікке, ал Пекин экономикаға жауапты еді. «Ресей ұзаққа созылған соғыстың қамымен жүр, ал Пекин аймақпен қарым-қатынасын күшейтіп жатыр. Бұл Қытайды қауіпсіздік кепілі саналатын Ресейді ығыстыруға итермелеуі мүмкін».

Мақала авторы ондаған жылдар бойы аймаққа мән бермей, шет қалған Анкара да Орталық Азияда ықпалын күшейтуге ұмтылып жатқанын жазады. Түркия президенті Ердоған сәуір айында Өзбекстанға сапарлап, ондаған келісімшартқа қол қойды. Тоқаев мамыр айында Түркияға барғанда екі ел бірқатар құжатқа қол қойып, «стратегиялық серіктестікті күшейтуге» келісті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия басшысы Режеп Ердоған кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы ортақ мәлімдемеге қол қойып жатыр. 10 мамыр 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия басшысы Режеп Ердоған кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы ортақ мәлімдемеге қол қойып жатыр. 10 мамыр 2022 жыл.

Сондай-ақ аймақ елдері Түркияның Bayraktar дрондарына бұрыннан қызығып жүр. 2021 жылы Қырғызстан Тәжікстанмен шекарадағы даудан кейін Анкарадан дрондар сатып алған. Ал Нұр-Сұлтан мен Анкара дрондарды Қазақстанда бірігіп шығаруға келісті.

Түркия өзін Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасында Ресейге балама ретінде ұсынып жүр. Одан бөлек Анкара мен Орталық Азия сауда-саттықты күшейтуге құлықты.

«Осылайша Орталық Азияның басқа ойыншыларды аймаққа тартып, Мәскеумен қарым-қатынасты қайта бағамдауы оған Кремльден алшақтауға мүмкіндік береді», − дейді автор.

МЕДВЕДЕВТІҢ "БҰЗЫЛҒАН ПАРАҚШАСЫНДАҒЫ" ДАУЛЫ ЖАЗБА ЖӘНЕ "РЕСЕЙ ШЕНЕУНІКТЕРІНІҢ АҚПАРАТТЫҚ ҚЫСЫМЫ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан егемендігіне күмән келтірген жазба неліктен Орталық Азияны дүр сілкіндіргенін талдайды.

2008-2012 жылдары Ресей президенті қызметін атқарған, кейін 8 жыл бойы премьер-министр болған Медведевтің «ВКонтакте» парақшасында даулы жазба 2 тамыз күні таңғы сағат 4-те жарияланып, ізінше ғайып болды. Посттың көшірмелері ақпарат құралдарында жарияланған соң, Медведевтің көмекшісі парақшаны әлдекімдер бұзғанын хабарлады.

Постта «Қазақстан − жасанды мемлекет және орыстың бұрынғы жері», Гурьев (қазіргі Атырау), Семей (қазіргі Семей) және Верный (қазіргі Алматы) «бұрынғы Ресей территориясы» деп жазылған. Бұдан бөлек «Қазақстан билігі осы ғасырда ол жерлерге түрлі этникалық топтарды орналастырып жатыр, оны орыстарға жасалып жатқан геноцид деуге болады» делінген.

Мақала авторы Орталық Азияны зерттеуші Паоло Сорбелло қазақстандықтар постты «тікелей қорқыту және қорлау» ретінде қабылдағанын жазады.

Автор саясаттанушы Досым Сәтпаевтың Bild басылымына берген сұхбатын келтіреді.

«Көпшілік Медведевті Ресейдің агрессивті сыртқы саясатының белсенді қолдаушысы санайды. Ақпанда соғыс басталғалы Медведев Симонян, Кеосаян мен Соловьевтер тәрізді әрекет етті», − дейді Сәтпаев.

Ал журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook-тегі парақшасында бұл постты «Ресей империалистік шовинизмінің барлық негізгі қағидаларының жинағы» деген.

Мақала авторы Ресей мен Қазақстан арасындағы дау ақпарат құралдарындағы саяси мәлімдемелермен ғана шектеліп жатқан жоқ дейді. Паоло Сорбелло бұл ретте қазақ мұнайын Ресей аумағы арқылы Еуропаға тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумының жұмысы бірнеше мәрте тоқтатылғанына назар аударады.

Сорбелло Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумында «Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды Қазақстан мойындамайды» деген мәлімдемесінен кейін Ресейдің қазіргі және бұрынғы шенеуніктері көрші елге ақпарат құралдары арқылы үздіксіз қысым көрсеткісі келеді деп түйіндейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛАШАҒЫН ҚЫТАЙМЕН БАЙЛАНЫСТЫРА МА?

Eurasianet басылымы Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азияға сапарында Пекинді сенімді және жомарт серіктес ретінде көрсетуге тырысқанына назар аударады. Басылымның жазуынша, Орталық Азия елдері экономикалық болашағын Ресеймен емес, Қытаймен байланыстырады.

Ван И аймаққа келмес бұрын Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзян журналистерге: «Орталық Азия әртүрлі ішкі және сыртқы факторлар тудырған мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Аймақ елдерін Қытаймен ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен даму және қауіпсіздікті күшейту жайлы ортақ үміт біріктіреді», − деген.

Ван И әуелі Өзбекстанға барып, 28-29 шілде күндері Шанхай Ынтымақтастық ұйымы елдерінің сыртқы істер министрлері кездесуіне қатысты. Ташкентте Өзбекстанның сыртқы істер министрі Норовпен кездесіп, Пекин Өзбекстанның ұлттық егемендігі мен тұрақтылықты қорғауға бағытталған іс-әрекетін қолдайтынын мәлімдеді. Бұл ретте Ван И Қарақалпақстандағы толқуларды меңзеді. Сондай-ақ ол Қытай Өзбекстанның ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуына қарсы екенін жеткізді.

Қытай сыртқы істер министрі және Орталық Азияның бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері. Нұр-Сұлтан, 8 маусым 2022 жыл.
Қытай сыртқы істер министрі және Орталық Азияның бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері. Нұр-Сұлтан, 8 маусым 2022 жыл.

Eurasianet басылымы Қытай лауазымды тұлғаларының осындай мәлімдемелері наразылықты басып-жаншуды сынаған және тәуелсіз зерттеуді жүргізуді талап еткен Батыс елдерінің ұстанымына қайшы екенін келтіреді.

Ташкенттен кейін Ван И Бішкекке сапарлады.

Ван Иді қабылдаған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкек Пекинді халықаралық аренадағы өзінің басты экономикалық серіктесі санайтынын мәлімдеді. Кездесуден кейін Жапаров Қытай Шу каналының екінші айналмасын толық қаржыландыратынын хабарлады.

Ван И 1 тамыз күні Тәжікстанға барды.

Дәл Тәжікстан тәрізді Қытайға көп көлемде ақша қарыз ел көп емес. 2022 жылдың басындағы дерекке сәйкес, Душанбе сыртқа 3,3 миллиард доллар қарыз, оның 1,98 миллиарды – Қытай алдындағы қарыз.

Қырғызстан да, Тәжікстан да Қытаймен пандемияға дейінгі сауда көлемін қалпына келтіруді көздейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG