Accessibility links

Егемендік қарсаңында шаруашылық тәуелсіздігі жайлы айтылды


Совет Одағы президенті Михаил Горбачев (оң жақта) пен Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. 1990 жыл
Совет Одағы президенті Михаил Горбачев (оң жақта) пен Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол алысып тұр. 1990 жыл

Совет елдері егемендігін жариялап, тәуелсіздік ала бастаған кезде Қазақстан одақтың шикізат қоймасы ретінде қала берді. Азаттық радиосы 1990 жылғы кей хабарында жаңа одақ шарты бекітілсе, өнеркәсіп пен шаруашылық түйткілдерін реттеуді одақ орталығы Мәскеу емес, Қазақстан өз қолына алуы керек дейді.

Орны толмаған мал, тоналған мұнай. Дербестіктің ақсақ қадамы
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:54 0:00

1990 жыл. Үміт пен күдікке толы кез. Үмітке толатыны – қоғам мемлекеттің тәуелсіздігін жариялауын күтіп отырған. Күдікті болатыны – Қазақстан егемендік жариялар қадамда көршілерінен қалып бара жатқан. Ал шаруашылық, экономика мен әлеуметтік жағдай күйреуге бет алған. Елдегі мұнай саласы мен мал шаруашылығы қала мен ауыл халқының нәпақасының көзі болатын.

Азаттық радиосы Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация жарияланар тұста осы мәселелерге шолу жасаған. Онда жаңарған одақ шарты қабылданса, Қазақстан қандай мәселеге назар аудару керек екені айтылған.

ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ – ЖАҢА ОДАҚ ШАРТЫНЫҢ НЕГІЗІ

Азаттық радиосы 1990 жылғы 7 тамызда сол кездегі парламент – Жоғарғы кеңеске Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы заң жобасы түскенін хабарлаған.

Бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны Алматыдағы осы ғимаратта қабылдаған.
Бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны Алматыдағы осы ғимаратта қабылдаған.

"Советтік республикалардың бірқатары қазірге дейін өзінің егемендік декларациясын жариялап үлгерді. Қазақстан Жоғарғы советі де республиканың егемендігі жөніндегі заң жобасын талқылады. Қазақ радиосы хабарында Жоғарғы совет сейсенбі күні жобаны талқылау үшін жиналды, парламент жобаны кең көлемде талқылау үшін баспасөзге жариялауға қарар шығарды деді. Одақтас елдердің көбі жаңа одақ шартынан бұрын өзінің егемендік декларациясын жариялады. Одақ шарты республикалар мен Мәскеудегі әкімшілік арасындағы қатынасты қайта айқындап беретін болады. Егемендік декларациясы республикаларға өткен аса маңызды мүмкіндік болғандықтан, оның бүкіл халық болып жұмыла талқыланып, даярлануы керек сияқты. Қазақстанда талқылана бастаған егемендік декларациясына ресми-бейресми бүкіл партиялар мен топтардың тікелей үлес қосары сөзсіз" делінген осы хабарда.

Азаттық радиосы жоғарыдағы хабарынан соң тура бір ай өткенде шаруашылық егемендік туралы айтады. Радионың 1990 жылғы қыркүйектің 7-і мен 8-індегі хабарынан үзінді келтірейік.

"Қазақстан әліге дейін өзге одақтас республикалар сияқты Егемендік туралы заң қабылдап, өзінің суверендігін – егемендігін жариялап үлгерген жоқ. Егемендіктің ерте ме, кеш пе, әйтеуір көп ұзаққа бармай, биыл күзде жариялануы күтілуде. Алайда мәселе егемендікті қағаз бетінде ғана жариялап қоймай, оны іс жүзіне асырып, барлық күш-жігерді жұмсау керек. Егер Қазақстан Мәскеуден шын мәніндегі егемендігін алатын болса, ең алдымен одақ ведомстволарының хақ-құқығын шектеп, оларды мүмкін болса, өз бақылауына алуы тиіс. Бұл өз кезегінде жылына игеріліп отырған 25 миллион тонна мұнайдың барлығына болмаса да, жарым-жартысына ие болу мүмкіндігін туғызады. Мұнай сияқты маңызды энергия көзіне ие Қазақстанның келешегі жарқын. Бірақ сол байлықты кәдеге жаратып, халықтың игілігіне жұмсау үшін де шаруашылық егемендікке шынайы түрде ие болуы керек".

ЖАН ТАПСЫРАР КЕЗДЕГІ "ЖАҢАРҒАН ОДАҚ"

Бұл кезде бір заманда 15 республикадан тұратын Совет одағының іргесі сөгіле бастаған еді.

Балтық бойындағы елдер 1988 жылдан бастап Егемендік декларациясын жариялап, 1990 жылдан бастап өз тәуелсіздігін ала бастаған. Ал одақтан шықпаған елдердің басшылары парламент сессияларында президент болып қайта сайланып, билікте қалудың қамын қарастырып жатқан.

1990 жылы Совет одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев президент бола салысымен, 10 күн өтер-өтпесте Өзбекстан коммунистерінің бірінші хатшысы Ислам Каримов парламентке дауысқа салып, президент болып үлгерген.

"Социалистік Қазақстан" газетінің 1990 жылғы 25 сәуірдегі саны
"Социалистік Қазақстан" газетінің 1990 жылғы 25 сәуірдегі саны

Содан тура бір ай өткенде, яғни 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ ССР компартиясының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевты Жоғарғы кеңес депутаттары дауыс беру жолымен республика президенті етіп сайлаған еді. Алайда одақ құрамындағы елдер сауда, өнеркәсіп, шаруашылық, экономика саласында Мәскеуге байлаулы болатын.

Бұл кезде одақтас республикалар арасында жаңарған федерация, жаңа одақ шартын жасау жөнінде түрлі бастама көтеріле бастаған. Оны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қолдап, шарт жобасын әзірлейтін жұмысшы тобына Қазақстаннан арнайы делегация енгізілді.

Одақтың жаңа шартын жасауды белсенді қолдаған Назарбаев одақ шартының ішінде егемен ел болуды жақтады.

Арада бір жыл өткенде Мәскеуде өріс алған "Тамыз бүлігінен" кейін жаңа одақ шарты жайына қалып, Совет одағы біржолата ыдырап тынды. Жаңарған одақтан үміт күткен Қазақстан басшылығы ақыр соңында тәуелсіздік жариялауға "мәжбүр болады".

ШАРУАШЫЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІ

Азаттық радиосы осы шолуында сол кездегі Парсы шығанағындағы дағдарыс мұнай мәселесінен туындағанын айтады. Ирактың дүние жүзіндегі мұнайдың 10 пайызын қамтамасыз ететін Кувейтке басып кіруі мұнай бағасына да әсер еткен.

"Қазақ әдебиеті" газетінің 1990 жылғы 24 тамыздағы N34 санында жарияланған "Мұнай және мұқтаждық" атты мақала
"Қазақ әдебиеті" газетінің 1990 жылғы 24 тамыздағы N34 санында жарияланған "Мұнай және мұқтаждық" атты мақала

Осы ретте радио "Қазақ әдебиеті" газетінде "Мұнай және мұқтаждық" деген тақырыппен шыққан мақалаға тоқталған. Онда 1989 жылы газ конденсатын қоса есептегенде 25,4 млн тоннаның мұнайы өндіріліп, 1990 жылғы меженің 32 млн тонна екені аталған. Сол кездегі жоспарға қарағанда бұл көрсеткішті 2005 жылы 78,5 млн тоннаға жеткізу көзделген.

Бірақ қазір салыстырғанда, 2005 жылы Қазақстан 61,5 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіргені байқалады.

1990 жылдары Қазақстан өнеркәсібінің 93 пайызына Мәскеу қожалық қылған. Азаттық радиосының сол кездегі шолушысы Талғат Көкбұлақ былай дейді:

"Қазақстан кәсіпорындарында өндірілген бір тонна шикі мұнай бағасы – 34 сом, бір тонна конденсат – 12 сом және бір мың текше метр газ 8 сом екен. Советтің 34 сомын батыс валютасына шаққанда төрт доллар шамасында екені белгілі. Халықаралық базарда сыйымдылығы 159 литр (бір баррель) болатын бір бөшке шикі мұнайды кем дегенде 20 доллардан есептегенде Қазақстанның бір жылда өндіретін 25 миллион тонна мұнайының өзі бірнеше млрд доллар тұрады. Бірақ саяси, шаруашылық тәуелсіздік болмағаннан кейін бұл молшылықтың бәрін одақ үкіметі өз қазынасына әкеп құюда. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің 93 процентінің одақ ведомстволарына қарасты кәсіпорындардың үлесіне тиіп отырғанын басқалармен бірге президент Нұрсұлтан Назарбаев та сан рет мәлімдеген-ді".

Қазақстан мұнай саудасындағы пайданың қызығын өзі көрмей, Кремльдің қазанын толтырумен болған. Мұның бәрі сайып келгенде, жергілікті халықтың әл-ауқатын тиісті деңгейге көтере алмауына да әсер еткен.

Бұл шолу 1990 жылы көптің көкейінде жүрген егемендік жарияланғаннан кейін шаруашылық жүргізудің немесе, ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін қарастыруға міндеттейтіні айтылады. Бастысы жаңа одақ шарты кезінде егемендік жариялау арқылы бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай, кен байлықтарын ұлттық мүддеге жұмсау басты арман екені сөз болады.

Каспий теңізінің Қазақстан бөлігінде жатқан Қашаған мұнай кен орны әлемдегі 1968 жылдан кейін ашылған ең ірі кеніштердің бірі саналады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана шетелдік компаниялармен бірлесіп кенішті игеруге кіріскен.
Каспий теңізінің Қазақстан бөлігінде жатқан Қашаған мұнай кен орны әлемдегі 1968 жылдан кейін ашылған ең ірі кеніштердің бірі саналады. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана шетелдік компаниялармен бірлесіп кенішті игеруге кіріскен.

"МАҢАЙЫНА ЖЕТУ МҮМКІН БОЛМАҒАН" МЕЖЕ

Азаттық радиосы 1990 жылғы 20 желтоқсандағы бір хабарында Қазақстандағы дәстүрлі мал шаруашылығы туралы шолу жасаған. Совет уағында бұл сала ұраншылдығымен танымал болған еді.

Қаншама бастама көтеріліп, жоспарлар жасалғанымен, нақты алғышарты жасалып, оны жүзеге асыратын адам факторы ескерілмеген соң бұл сала одақ ыдырайтын кезге ақсақ-тоқсақ күйінде жеткен еді. Ал тәуелсіздіктен кейін мүлдем кері кетті.

Қазіргі Абай облысы Абай ауданында өрісте жайылып жүрген мал. Азаттық архивіндегі фото
Қазіргі Абай облысы Абай ауданында өрісте жайылып жүрген мал. Азаттық архивіндегі фото

Совет одағы ыдырайтын тұстағы жоспарлар мен нақты көрініс мынандай болған. 1985 жылы советтік Қазақстанда қой санын 41 млн басқа, 1990 жылы 50 млн басқа жеткізу жоспарланған.

"Оған жету былай тұрсын, маңайына да жету мүмкін болмады" дейді Азаттық радиосы. 1990 жылдың басында елде 36 млн 206 мың бас қана қой-ешкі болған.

Азаттық радиосы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары, яғни күштеп коллективтендіргенге дейін Қазақстанда ресми түрде 45 млн мал басы болғанын, ал тарихшы Манаш Қозыбаевтың деректеріне сүйеніп, бейресми түрде мал саны 60 млн бастан асқанын айтады.

Алайда 1920 жылдардың орта шенінде Мәскеудің Голощекинді Қазақстанға басшы етіп тағайындауы және оның "аша тұяқ қалмасын" ұранымен жүргізген шолақ саясаты Совет одағы орнағанда Қазақстандағы мал шаруашылығына берілген алғашқы соққы болды. Бұл, бейнелей айтқанда, жұттан да сорақы нәубет болғаны қазір көпке мәлім.

Соғыстан кейін Қазақстанда жүргізілген ауқымды агросаясат – тың көтеру науқаны мал шаруашылығына берілген екінші соққы болды. Жарамды жердің бәрі жөнсіз жыртылып, топырақ құнарынан, жер нәрінен айрылды. Бұл 1930 жылдары тұралаған саланы қалпына келтіруге үлкен кедергі болды. Тіпті қой-ешкі саны тәуелсіздік алар қарсаңда, отыз жыл бойы көп өзгермеген күйі қалған.

Ленин атындағы колхоздың көліктері орылған астықты егіс алқабынан элеваторға тасып жатыр. Ақтөбе облысы Родников ауданы, Қазақ ССР-і, 8 шілде, 1954 жыл
Ленин атындағы колхоздың көліктері орылған астықты егіс алқабынан элеваторға тасып жатыр. Ақтөбе облысы Родников ауданы, Қазақ ССР-і, 8 шілде, 1954 жыл

Қазақстандағы мал шаруашылығының мардымсыз дамуының тағы бір себебі – малшыға тиісті жағдай жасалмады. Малшының тұрақ-жайы дәстүрлі өзгермеген күйінде қалған. Басқа саладағыдай малшының әлеуметтік ахуалын көтеру қарастырылмаған.

Сол кездері Совет одағының малшыларға деген қатынасы жылына бір рет өткізілетін шопандар слеті, немесе Төл тойымен ғана өлшенетін. Малшыға кезекші шаралар емес, еңбек адамы ретінде нақты жағдайдың жасалмағаны саланың тиісті деңгейде дамымауының негізгі себебі ретінде айтылады.

"ӘКІМШІЛ-ӘМІРШІЛ ЖҮЙЕНІҢ ЗОРЛЫҒЫ"

Совет одағы ыдырайтын тұста малшының жалақысы да мардымсыз болған. Азаттық радиосы "Социалистік Қазақстан" газеті 1990 жылғы 1 желтоқсандағы санында жариялаған Социалистік Еңбек Ері Төлеген Құлахметовтің ашынып жазған "Малшының мұңын кім жоқтайды?" деген мақаласында аталған жайларды мысалға келтіреді.

Социалистік Еңбек Ері Төлеген Құлахметовтің "Малшының мұңын кім жоқтайды?" мақаласы. "Социалистік Қазақстан" газеті, 1 желтоқсан, 1990 жыл
Социалистік Еңбек Ері Төлеген Құлахметовтің "Малшының мұңын кім жоқтайды?" мақаласы. "Социалистік Қазақстан" газеті, 1 желтоқсан, 1990 жыл

Мақалада малшының жалақысы бұрын 130-140 сом болса, тәуелсіздік жариялар қарсаңда 70 сомнан аспағаны айтылады. Азаттық радиосы мұны "сұмдық, зорлық-зомбылық, қанаушылық" деп бағалайды. Өйткені бұл кезде қымбатшылық кернеп бара жатқан.

Бұл сол уақыттағы халықаралық валюта бағамына шаққанда, 115 долларды шамалайды.

Бір қызығы – аталған ресми газеттің бірінші бетінде "Қой шаруашылығындағы бетбұрыс" деген мақалада сол кездегі Жамбыл облысының басшысы Өмірбек Байгелдиевтің әлі жүзеге аспаған үндеуі жайлы айтылады. Бұл да осы саладағы кезекті науқаншылдық нышаны болатын.

Ал Азаттық шолуында "Бұрынғы әкімшілдік-әміршілдік жүйе ұласа беретін болса, мал шаруашылығы өркендеп, дамығанды былай қойып, мал бақтыратын шопан табудың өзі қиынға соғады" делінген.

Азаттық радиосы мұнай саласында да, мал шаруашылығында да адамдарға қажетті жағдай жасалып, қамқорлық көрсетілмеуін негізгі кемшілік ретінде атайды. Әлеуметтік теңсіздік, әлеуметтік әділетсіздік орнаған жерде қақтығыс болады. Бұл тұста Азаттық радиосының шолушысы 1989 жылы Қазақстанның батысында болған, адамдар қаза тауып, әлі де көп қыры ашылмаған Жаңаөзен оқиғасын меңзейді.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған мәселелер туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының эпизодынан толығырақ тыңдауға болады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG